Қазақстанда жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған 11 ұлттық жоба жүзеге асырылуда - Максим Рожин

1344
Adyrna.kz Telegram
Фото: parlam.kz
Фото: parlam.kz

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Максим Рожин жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне тоқталып,  қандай қадам жасалып жатқанын айтып берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Үкімет тарапы осы мәселеде қандай қадам жасап жатқанын барлық мәліметтерді зерделеп қарап көрдім. Бірінші кезекте ресми деректерге тоқталсақ. Ұлттық статистика бюросы жариялаған дерекке сенсек, 2023 жылдың III тоқсанында жұмыспен қамту деңгейі жұмыс күшінің санына шаққанда – 95,3% құрады. Қарапайым тілмен айтсақ елде жұмыс істей алатын адамның саны 9 557,7 мың адам болса, соның 9 106,1 мыңы жұмыспен қамтылған. Қалғаны жәй арифметика, демек жұмыссыз жүрген халықтың жалпы саны 451 мың «тепсе темір үзетін» азамат. Осының ішінде «екі қолға бір күрек таба алмай жүрген» жастар 3,3 пайызды құрап отыр статистика деректеріне сенсек. Ақпарат Ұлттық статистика бюросының ресми сайтынан алынған», деп жазды депутат Максим Рожин.

Сондай-ақ, депутат осы жағдайды өзгерту үшін нендей қадамдар жасалып жатыр, жұмыс табу үшін қандай тетіктер мен амалдар бар екеніне тоқталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елімізде жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған 11 ұлттық жоба жүзеге асырылуда. Олар:

ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН СУБСИДИЯЛАУ. Барлық өңірлерде жас кадрларға жұмыс орындарын ашу үшін облыс әкімдіктері жұмыспен қамту өңірлік карталарын бекітті. Бұның ерекшелігі – өңірлердегі жұмыс орындарын мемлекет (жергілікті жұмыспен қамту органдары) субсидиялайды. Мұндай жағдайда жұмыс берушілер азаматтарды жұмысқа қабылдауда белсенділік таныта бастады, өйткені олар жергілікті бюджеттен қосымша қаражат алып, үнемделген қаражатты өз ісін одан әрі дамытуға жұмсай алады.

ОҚУ ОРЫНДАРЫМЕН БАЙЛАНЫС. Азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін еңбек нарығына талдау жасалады. Бұл бағыттағы басты аспект – кадрларды қажетті құзыреттер мен кәсіби дағдыларға сәйкес дайындау. Жұмыс берушілердің негізгі сұраныстарын анықтап білім беру ұйымдарындағы оқыту бағдарламаларына қажетті өзгеріттер жасау арқылы еңбек ресурстарын дамытады. Оған қоса кадрлар тәлімгердің көмегімен жұмыс орнында кәсіби дайындықтарын жалғастырады. Басқа да құралдар пайдаланылады, мысалы, «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне онлайн оқыту, электронды еңбек биржасында онлайн оқыту. Бір айта кетерлік жайт, жыл ішінде құзыреттілігін арттырудың барлық қолда бар тетіктерін пайдалана отырып, 156,8 мың адам  жұмыспен қамтылды.

АРНАЙ ЖОБАЛАР. Елімізде уақытша және жаппай жұмыс орындарын құру арқылы азаматтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін «Алғашқы жұмыс», «Ұрпақтар келісімі», «Күміс жас» сияқты бірқатар жобалары жүзеге асырылуда. Мысалы  өткен айда ғана «Күміс жас» жобасы аясында 50 жастан асқан қазақстандықтарға жаңа дағдыларды игеріп, одан әрі жұмысқа орналасу үшін Skills Enbek платформасында тегін оқуға мүмкіндік берілді. Платформада арнайы бөлім екі ай бұрын іске қосылды, осы уақыт ішінде оған 4,5 мыңнан астам адам тіркелді, оның 3,2 мыңы оқуды сәтті аяқтап, сертификат алды. Осы жобалар туралы мына сілтеме  арқылы толыққанды ақпарат алуға болады.

АЙЛЫҚТЫ КӨТЕРУ. 2023 жылы кейбір министрліктер жалақыны көтеру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл шара негізінен азаматтық қорғау, медицина, білім, экология және қорғаныс салаларындағы қызметкерлерге қатысты. Осы ақпаратты нақтылайын.

- Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушыларға және құтқару функцияларын орындайтын басқа да қызметкерлерге лауазымдық жалақының 70 пайызы мөлшерінде қосымша ақы белгіледі.

- Экология және табиғи ресурстар министрлігі құжаттарды жаңартты, соған сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қорғау қызметі қызметкерлерінің, табиғатты қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларының және мамандандырылған ұйымдар инспекторларының денсаулығы мен өміріне зиян келтіру қаупі бар жұмыстарға жануарлар мен ормандарды қорғау, қорғау және өсiмiн молайту және орман орналастыру, балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерiн балықтандыру жөнiндегi өсiмiн молайту кешенiнiң мемлекеттiк кәсiпорындарына лауазымдық жалақысының 100 пайыз мөлшерiнде қосымша ақы төленедi.

- Қорғаныс министрлігі ішкі істер және қорғаныс жүйесі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары оқытушыларының еңбекақысын арттыру бойынша жұмыс жүргізді.

- Білім министрлігі 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтарының еңбекақысын белгіленген лауазымдық жалақыға 1,3 түзету коэффициентін белгілеу арқылы арттырды.

- Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақыны өсірді: біліктілігі жоғары деңгейдегі мамандарға түзету коэффициентін 2,73 орнына 3,42-ге өзгерту арқылы; орта деңгейдегі біліктілік мамандарына ағымдағы түзету коэффициентін 2,05 орнына 2,34-ке өзгерту арқылы.

Одан бөлек, Максим Рожин халықаралық тәжірибеге сәйкес ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін әзірленіп жатқанын айтты.

«Алдағы уақытта үкімет Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарын ескере отырып, халықаралық тәжірибеге сәйкес ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін әзірлеуде. Ең төменгі жалақының мөлшерін орташа жалақы мен еңбек өнімділігінің көрсеткіштерін пайдалана отырып анықтау қарастырды. Бұл тәсіл қызметкерлердің табысы мен өндірілген тауарлардың, жұмыстардың және қызметтердің көлемі арасындағы нақты байланысты орнатуға мүмкіндік береді. Осылайша, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 600 мыңға жуық жеке санаттағы мемлекеттік қызметшінің (бухгалтерлер, экономистер, заңгерлер, мемлекеттік сатып алулар жөніндегі менеджерлер, кадр инспекторлары, жүргізушілер, электриктер, сыпырушылар, вахтер, күзетшілер) жалақысын орташа есеппен кезең-кезеңімен арттыру басталды. 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын 20%. Нәтижесінде 4 жыл ішінде олардың жалақысы екі есеге өседі», деді депутат.

Пікірлер