Сайлау-2024: Орталық сайлау комиссиясы Дунцованың бастамашыл тобын тіркеуден бас тартты

1211
Adyrna.kz Telegram
Euronews
Euronews

Орталық сайлау комиссиясы журналист Екатерина Дунцованың бастамашыл тобының құжаттарында 100-ден астам қате табылғанын алға тартады. Дунцова Ресей Федерациясының Жоғарғы сотына шағымданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы DW сайтына сілтеме жасап.

Ресейдің Орталық сайлау комиссиясы ржевтік журналист Екатерина Дунцоваға өзін-өзі Ресей Федерациясының президенттігіне ұсынуды қолдап, қол жинауға рұқсат бермеді. Бұл туралы сенбі, 23 желтоқсанда Дунцованың сенімді адамы басқаратын Ateo Breaking Telegram арнасы хабарлады.

Мәліметтерге сүйенсек, Дунцованың құжаттарында жүзден астам қате табылған, сондықтан оның бастамашыл тобын тіркеу мүмкін емес. Қателердің бір мысалы ретінде, құжаттардың бірінде «Валерьевна» деген әкесінің атының орнына «Валериевна» деп жазылғаны көрсетілген. Сонымен қатар, ОСК мәлімдегендей, құжаттарды куәландырған нотариус қателіктер жіберген, атап айтқанда, бастамашыл топ отырысын ұйымдастырушының төлқұжат нөмірін қате көрсеткен.

«Екатерина Сергеевна, сіз жас әйелсіз, сізде әлі бәрі алда. Кез келген минусты әрқашан плюске айналдыруға болады, кез келген тәжірибе - бәрібір тәжірибе», - деді комиссия отырысында Дунцоваға сөйлеген ОСК төрағасы Элла Памфилова.

Ал Екатерина Дунцова Орталық сайлау комиссиясының шешімінің үстінен Ресей Федерациясының Жоғарғы сотына шағым түсіретінін хабарлады.

«Бұл шешім заңға негізделмеген, бас тартудың барлық негіздері Ресейдегі президенттік сайлау туралы заңда бекітілмеген және аталған кемшіліктердің ешқайсысы ондай емес», - деді журналист.

Сонымен бірге ол «Яблоко» партиясына «съезд өткізу мүмкіндігін қарастыру» және оны осы партиядан президенттікке кандидат ретінде ұсыну туралы өтінішпен жүгінді. «Заңмен белгіленген шектеулерге байланысты мен бастамашыл топтың екінші отырысын өткізе алмаймын, бірақ біз өз кандидатурамды саяси партиядан ұсына аламыз», - деп түсіндірді Дунцова.

Дунцова 16 қарашада Ресей президенттігіне үміткер болатынын мәлімдеген болатын. Ол өз шешімін: «соңғы он жылда ел дұрыс емес бағытта келе жатыр: даму үшін емес, өзін-өзі жою бағытында», - деп түсіндірді.

20 желтоқсанда ол өзінің бастамашыл тобын тіркеу үшін ОСК-ға құжаттарын тапсырды. Орталық сайлау комиссиясы 5 күн ішінде құжаттар топтамасын қарап, шешім қабылдауы тиіс еді. Тіркеуден бас тартуға негіз жоқ екенін, алайда ол бас тартқан жағдайда бастамашыл топтың екінші отырысын өткізе алмайтынын жеткізді журналист.

Екатерина Дунцова президенттік сайлауға түсу ниеті туралы мәлімдегеннен кейін, көп ұзамай оны прокуратураға шақырған. Дунцованың бастамашыл тобын тіркеу туралы хаттаманы куәландырған нотариусқа Ресей Әділет министрлігінің инспекторлары келді.

Ресейде президент сайлауы 2024 жылдың 15-17 наурызы аралығында өтеді. Қазіргі мемлекет басшысы Владимир Путин «өзін-өзі ұсынған» кандидат ретінде қатысуда.

Ресейдің Либералдық-демократиялық партиясы өзінің жетекшісі Леонид Слуцкийді жоғары үкіметтік лауазымға кандидат ретінде ұсынды, Ресей Федерациясының Коммунистік партиясы коммунистер арасынан президенттікке Николай Харитоновтың кандидатурасын қолдады. Бұған қоса, Мемлекеттік Думаның экс-депутаты Борис Надеждин мен Донецктегі ресейшіл сепаратистердің бұрынғы әскери жетекшісі Игорь Стрелков (Гиркин) сайлауға қатысуға ниетті екенін мәлімдеген болатын.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер