"Арманым орындалды". Астаналық оқушы Президенттен ерекше сыйлық алды

1614
Adyrna.kz Telegram
Фото: бейнеден алынған
Фото: бейнеден алынған

Президент астаналық Кемел Жүсіпов есімді оқушыға қолтаңбасы мен тілегін жазып, кітап сыйлады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы оқушы Кемел Жүсіпов өзінің Instagram парақшасында айтып, қуанышымен бөлісті. Ол өз туған күнінде Президентке хат жазған екен.

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, менің атым сіздің әкеңіздің атындай - Кемел. Бүгін менің туған күнім және осыдан тура 12 жыл бұрын ата-анам маған осы есімді қойған. Мен Астанада тұрамын. Қазақстан тарихын, дүниежүзі тарихын және географияны жақсы көріп, оқимын. Әртүрлі елдің банкноттары мен тиындарын жинағанды ұнатамын. Саяхаттауды жақсы көремін, бүгінде әлемнің төрт елінде болдым. Мен бүкіл әлемді аралауды армандаймын. Менің әрбір сапарым жаңа таныстыққа толы. Сізді көріп, сөйлесіп, қолтаңбаңызбен "Әке туралы ой-толғауыңызды" сыйлық ретінде алуды армандаймын. Сіз менің хатымды оқиды және арманым орындалады деп сенемін", – деп жазған жасөспірім.

Баланың айтуынша, 21 желтоқсанда оның арманы орындалған. Кемел анасымен бірге президент әкімшілігіне шақырылып, Президенттің тілегі жазылған кітапты сыйлыққа алды.

"Әке туралы ой-толғау" кітабына мемлекет басшысы:

"Кемел Жүсіповке өмірде ақ жол тілейміз! Азамат бол!", - деп жазған Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сыйлық үшін ел президентіне алғысын білдірген Кемел:

"Президент менің хатымды оқыды. Маған сыйлық ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолтаңбасы мен тілегі жазылған кітап берді. Менің арманым орындалды, мен оған әлі де сенбеймін. Сізге көп рақмет", - деп жазды ол.

Пікірлер