Құзыры кең Түркістан автономиясының басшысы болған

2594
Adyrna.kz Telegram
altynqor
altynqor

Бүгін, 26 желтоқсан – түркі халықтары ұлт-азаттық қозғалысының көсемі, қоғам және мемлекет қайраткері, публицист, тарихшы, дипломат Тұрар Рысқұловтың туған күні.

1894 жылы, 26 желтоқсанда Жетісу облысы, Верный уезі Шығыс Талғар болысында дүниеге келген Тұрар Рысқұлов 1917 жылдың басында «Қазақ жастарының революциялық одағын» құрады.

1918 жылы Әулиеата оязы Совдепі төрағасының орынбасары қызметін атқарады. Қазан айында Кеңестердің VІ съезінде ТүркОАК құрамына кіреді. Одан кейін Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халкомы болып тағайындалады.

1920 жылы 21 қаңтарда Рысқұлов Түркістан Орталық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Атқару комитетінің төрағасы ретінде Түркістан Республиканың Конституциясына сай берілген құқықтарын пайдалана отырып орыс шаруаларының қарусыздандырылуына, казактардың көшпелі халықтардан тартып алған жерлерін иелеріне кері қайтаруларына қол жеткізді. Республиканы түркі тілдес халықтардың ұлттық мемлекетіне айналдыруға, республика егемендігіне, яғни саяси, экономикалық, дипломатиялық, әскери және мәдени мәселелер бойынша нақты болуы тиіс дербестік құқықтарына ие болуға бар күш-жігерін жұмсады.

1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды.

Жұбайы Әзиза да кеңестік қуғын-сүргін құрығына ілігіп, АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті. Ұлы Ескендір түрмеде қайтыс болды.

Кейіннен, 1956 жылы 8 желтоқсанда Рысқұлов есімі КСРО Әскери коллегиясы Жоғарғы Сотының шешімімен ақталады.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер