«Алдыма келген әрбір адамның алғысын алу – керемет сезім» - дәрігер Бибіайша Ташанова

781
Adyrna.kz Telegram

Мамандығын өмірінің мәніне балап, жалпақ жұрттың алғысына бөленіп жүрген кәсіби дәрігер, аяулы ана және қазақты қарапайым кең жүрек иесі БибіайшаТашанова апайымызбен сұхбаттасудың реті түсті. Назарларыңызға әсерлі әңгіме, кенен сұхбатымызды ұсынамыз.

– Әңгімеміздің әлқиссасын сіздің туған жеріңіз бен шуақты күндеріңіздің қамқоршысы болған ата-анаңыздан бастасақ?

– Мен Өзбекстан елі, Ташкент қаласы, Қыбырай ауданында 1960 жыл, 31 мамыр күні қарапайым отбасынде дүние есігін аштым. Әкемнің есім-сойы – Бегалыұлы Кәрім болатын. Әкем Ұлы Отан Соғысының ардагері еді. Ақылды, ізденіске, білімге деген құштарлығы айрықша болатын. Содан да болар, біздің де жоғары білім алуымызды жанымен қалады, үнемі тура жолмен жүруге тәрбиеледі. «Оқысаң, қор болмайсың» деген кеңесінен жаман болмағанымызды білем. Бәріміз ақ сөйлеп, адал күлудің маңызын әкемізден ұғындық. Әлі есімде, әкем күн сайын, кешқұрым, жұмыстан келетін де, бізді жанына жинап ересек адамша сырласатын. Жадымда үнемі жаңғырып тұратын кеңесі –  «Қанша ұлық болсаң, сонша кішік бол» деген аталы сөзі. Осындай қазақы тәрбиенің құндағында тәрбиеленіп, өмірде талай белестерді еңсеріп келеміз ғой.

–  Анаңыз жайлы толғанғанда қандай ой немесе сағыныш сезімі көңіліңізде бүр жарады?

–Ал анам болса, Әділқызы Тазагүл, қарапайым болмысты жан еді. Үй шаруасын шырқ иіретін, менің көз алдымда еңбекті бір кісідей сүйетіншаруақор қалпымен қалды.  Өзіміз алты ағайындымыз. Ата-анамыз үздік тәрбие беріп, білім алуымызға бар жағдай жасады деп сеніммен айта аламын. Анамның да айтқандары әлі күнге дейін көкейден кеткен емес.

–  Сіздің дәрігерлік жолға не жетеледі?

– Мен бала жастан дәрігер болуды армандаған жанмын. 1977жылдары «Арысбеков» атындағы қазақ орта мектебін табысты тәмамдап, үлкен өмірге аяқ бастым. Үлкен өмірде өзімнің табысты таңдауымды жасауына білікті ұстаздарымның, ата-анамның ықпалы зор болды. 1978 жылы сол елдегі шоқтығы биік медицина институтына түстім. Мамандығыма қол жеткізген алғашқы жылдары төбем көкке бір елі жетпей жүргендей ғажап күй кештім. Армансыз ізденуге, жаңа дүниені танып-білуге деген құштарлығым алға жетеледі. Студенттік жылдарда оқу-ізденіске ден қойып, біліктілік пен кәсібиліктің жалынан ұстауға ұмтылдым. Ал дәрігер есебіндегі кәсіби қызметім 1984 жылы басталды. Өзбекстанның Шыршық қаласында. Теориялық білімді де, медициналық қызмет көрсетудің басты қағидаларын меңгерсем те, толысуым, жетілуім қажет болды.

– Еңбек жолына қалай аяқ бастыңыз?

– Барлығы қарапайым емхананың қоңыр тірлігінен басталды. Ауру түрі көп, оларды тап басып тануға, тайға таңба басқандай айқындауға біраз тәжірибемнің жеткіліксіздігі тұсау болды. Дегенмен, қызмет жылдарын енді бастаған жас маманның жетістікке жетуіне жағдай жасайтын, оң мен солын танытып, алға жетелейтін ерекше жандардың болатыны рас. Білгенімен бөлісіп, кенен кеңесін айтқан алғашқы жылдардағы ет жақындарымның маған жасаған жақсылығы – ұшан-теңіз. Мен мұндай мамандардың жақсылығын еш ұмытпаспын. Атап айтсақ,  жүрек сынын терең ұққан білікті кардиолог Совет Дүкенұлы, жүйке жүйесін жіліктеген білікті невропотолог Анна Семеновна, тәжірибесі мол терапевт – Екатерина Семеновна, ЭКГ сызбаларын оқуды үйреткен Сабыр Төргенұлы  майталман мамандар еді.

Сонымен қатар, әрбір адамның қайталанбас тұлға екенін ескерсек, ем-дом шараларының да алуан түрлі болатынын түсінеміз. Науқастың мінез-құлқына мән беру, болмысын тануға ұмтылу, кісілік табиғатын ашу да дәрігерлік қызметтегі маңызды бағыттар. Мұндай мәселелерге мән беруде мені баптаған Шыршық қаласы,Орталық емхананың бас дәрігері Қожаханов еді. Ұстазым «Сендерге үш ауру белгілерін білден байқап, жылдам шешім қабылдау қажет. Олар: соқырішек, жүрек инфаркті және өкпе қабынуы (пневмония)» деп жиі айтатын. Бірінші болып осындай аурулар белгілерін анықтауды ұстазымнан үйрендім. Қателескен күндерім болды, екі-үш жыл көлемінде өзімді шираттым, медицинаның қызығы мен шыжығына айтарлықтай төселдім. Жоғарыда өзіңе санамалап айтқан өмірлік ұстаздарымның жақсылығы ұдайы көңілден кетпейді екен.

Мұнымен қоса, менің өмірлік құрбыма, ақылшыма айналған тұлғалардың бірі – марқұм қайыненем еді. Мені өмірге баптаған қайын енем заманындағы заңғар педагогтардың бірі болатын. Парасатты жүзінен нұр төгіліп тұратын. Ғұмырлық жолдасым да өз қолдауын аямай, маған әлі күнге дейін тіреу болып, тіршіліктің талай толқынын қатар кешіп келеміз.

–  Білесіз бе? Сіздің дәрігерлік ұстанымыңыз мені қатты қызықтырды. Сіз үшін дәрігерлік ұстаным «кісілік келбет», «адамгершілік қасиет» сынды қастерлі ұғымдармен қалай қабысады?

–Қабылдауыма келген әрбір адамға ерекше ықылас танытуға тырысамын. Мейлі, бай болсын, кедей болсын, егде тартқан қарт болсын, жас болсын, барлығына өз ықыласымды төгіп, қал-қадарым келгенше көңіліне, тән саулығына, жан саулығына демеу болу – басты мақсатым. Көмегіме жүгінгендер тәуір болса, мерейімнің өскені сол емес пе? Мені шабыттандыратын да өмірге құштар, денсаулығына немқұрайды қарамайтын жандар. Аллаға шүкір, ем-домнан кейін алғысын жаудырып, ізгі лебізін білдіріп кететіндер көп. Мұндай нәтижеге қол жеткізген сайын мерейім өсе түседі.

– Туған жерге тамыр тартып, елге аса зор сағынышпен, ыстық ықыласпен оралғаныңызды байқап отырмын. Бұл жайлы тарқатып айта аласыз ба?

– Қазақта «Есің барда еліңді тап деген» аталы сөз бар. Балалардың келешегін ойлап, болашағына көз жүгіртіп, қасиетті Қазақстанымызға өз туымызды тігуді ұйғардық. Сол арман-мақсат жетегімен 2015 жылы елгеқоныс аудардық. Өз Отанымызға аяқ басқан алғашқы кездегі сезімді айтып жеткізе алмаспын. Себебі, айналамның барлығы қазақша. Барлық құжат, көшедегі атаулар, барлығы, барлығы туған тілімде жазылған. Айналам да қазақша бір-бірімен тілдеседі. Мұндай құбылыс менің көңіліме қуаныш ұялатты. Құдай оңдап, 2016 жылдың тамызында жұмысқа орналасу үшін қажетті құжаттарымды тапсырдым. Көп ұзамай 1-қалалық ауруханада жұмысқа орналастым. Ұжымым менің көңіліме серпіліс сыйлады, ғажап жандармен қызметтес болдым. 2017 жылыеңбек жолым жаңа белеске көтерілді деп айтсам болады. Себебі, 1-қалалық ауруханадағы бас дәрігердің орынбасары болған Ержан Жақанұлы маған жаңа қызмет ұсынды. Осылай өзімнің сүйікті ордам – «Отан соғысы ардагерлеріне арналған госпиталінде» қызметімді бастадым. Мен қызмет бабымен госпитальге келгенге дейін эндокринолог-дәрігер болмаған екен. Клиникадағы да ұжымым бір үйдің баласындай тату, ұйымшыл, қамқор. Әрі үлкен кісілердің арасында сусамыр дерті көп ұшырасады. Мен де жаңа қызметіме келе сала «бел шешіп, білек сыбана» ардагерлерімізге медициналық қызмет көрсетуді бірден бастап кеттім.

– «Отан соғысы ардагерлеріне арналған клиникалық госпиталіндегі»  қызметіңіз қалай басталды?

– Негізінен алғанда, «Отан соғысы ардагерлеріне арналған госпитальде» қызмет атқару – абырой. Қызмет атқарғалы алты жылға жуықтады. Бұл–жаныма жақын жандар, аяулы ардагерлердің басын біріктірген құтты мекен. Ем-домымды да үлкен кісілердің игілігіне ұсынамын. Ардагерлеріміздің арасында «безі шошынғандар», сусамыр дертіне шалдыққандар көп. Әрбір ардагердің денсаулығы жақсарып, тың, ширақ қалпына түссе, соны өзімнің жеке жетістігім санап ерекше қуанып қаламын. Мен әрбір ардагерге науқас ретінде қарамаймын, оларды замандас, сырлас құрбы-құрдас санаймын. Өзара медицина жайлы ғана емес, түрлі тақырыптарда әңгіме өрбітеміз, олар барда жаным да жұтамайды.

Дәстүрлі сұрағымызға көшсек. Ана ретінде, аяулы жар ретінде, кәсіби маман ретінде сіз үшін өмірде табысты болудың басты үш таянышы неде?

–Өмірде табысты болу үшін уақыт деген ұлы құндылықпен санасуың керек. Менің қырық жылға ұласқан дәрігерлік қызметімде осыны кәміл түйсіндім. Алдымен, дәрігерге керегі – білім мен үлкен тәжірибе. Екіншіден, науқастардың жанын сыздатып, тәніне батқан ауруды тап басып анық айту. Үшіншіден, адами қатынас. Кез келген науқаспен кісілігіңді көрсете отырып, тіл табысу. Жастарға айтарым, халқыңа, туған-туысқанға, көрші-қолаңға көмектесу – үлкен адамгершіліктің белгісі. Баршамыз адамдық биігінен көріне берейік!

– Әсерлі әңгіме, кенен кеңесіңізге көп рақмет!

 

Дастан Қастай

Журналист

 

Пікірлер