2023 жылдың мемуары. Қос қаралы күн, салқын сайлау және ала доп

3534
Adyrna.kz Telegram

Жыл аяқталар тұста әрқайсымыз «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деп жатамыз. Ал шын мәнісінде өткен жылға өкпеміз бар ма? Бір жылда екі рет қаралы күн жарияланғанын ескерсек «Өтіп бара жатқан жыл тамаша болды» дей алмаймыз.

ОРМАН ӨРТІ КӨЗІМІЗДІ АШТЫ МА?

Абай облысында 8 маусым  күні орман өрті басталып, дүйім жұртты дүрліктірді. Өкінішке қарай тіл жаумен күрескен 14 азамат азамат өрт ортасында қалып қойып, қаза болды. Мемлекет басшысы ауыр жағдайға байланысты 12 маусым күнін Аза тұту күні деп жариялады.

Семейдегі орман өрті Төтенше жағдай қызметінің қажетті керек-жарақпен дұрыс қамтылмағанын көрсетті. Аdyrna.kz ұлттық порталы «Жетіспейтін темір, жетпейтін теңге. Төтеншеліктер қайтіп көрер?» , «Үш мегаполис – бәйбішеден, 17 облыс тоқалдан туған ба? Алабөтен жабдықтау» және «Тұралаған техника, оңалмаған олқылық. Мәселенің өршуін күтеміз бе?» деген тақырыпта үш бірдей мақала жазды. Мысалы, Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіруге қажетті – 123 , ал Қостанай облысы – 53 ТЖД көлігі жетіспейтінін мәлімдеді.

Егер өрт сөндіруге қажетті техника жеткілікті болмаса, өртті дер кезінде сөндіру әсте мүмкін емес.

Егер Төтенше жағдайлар департаменті қажетті керек жарақпен 100 пайыз қамтылса, 14 адам ай аман, жұрт тынышта қаза таппас па еді, кім білсін? Біздің бір білетініміз, жан жағын жайпаған орман өртін қолмен емес, әуедегі тікұшақпен өшірсек, әлдеқайда тиімді болар еді.

МИТТАЛ БҰҒЫП ҚАЛДЫ, ЛАВРЕНТЬЕВ КЕЛІП АЛДЫ

Абай облысындағы орман өртінен кейін Қарағанды облысында қайғылы жағдай болды. Өкінішке қарай «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-на қарасты Костенко атындағы шахтада апат болып, соның салдарынан 46 шахтер қаза тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазан күнін жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялауға мәжбүр болды.

Үкіметтің осы апаттан кейін әрекеті Үндістан кәсіпкері Лакшми Митталдың меншігіндегі компанияны алып, оны Андрей Лаврентьевтың меншігіне өткізгендей әсер қалдырды. Үкімет Лаврентьевты отандық кәсіпкер екенін және шахтаны дамыту үшін қыруар қарды салады сендірді. Алайда қоғамда қозғалған «Лаврентьев компанияны қандай қаржыға сатып алды?» деген сұраққа жауап айтылмады.

Жалпы орман өрті мен шахтадағы апат тахникалық қауіпсіздікті сақтауға тиісті қаржы бөлмегеннен болған секілді. Мүмкін қаржы бөлініп, бірақ ол жемқорлардың жемсауында кетті ме екен? Бұл біздің елде әлі де болса әділетті мемлекет құрылмағанын көрсетеді.

САЙЛАУ САҚАЛ СИПАҒАНША...

Әділетті мемлекет демекші, биыл елде сенат, мәжіліс пен мәслихат және аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Мәжіліс пен мәслихат сайлауы қызу өткені мен сенат және аудан әкімі сайлауы назардан тыс қалды. Мысалы, қаңтардың 14 күні 17 облыс пен үш мегаполистен 20 сенаторды мәслихат депутаттары сайлады. Бұл сайлаудың қалай өтетіні әу бастан белгілі. Сондықтан да ол аса бір тартысты өтті дей алмаймыз.

Есесіне наурыздың 19-ы күні өткен Мәжіліс пен мәслихат сайлауы сенатпен салыстырғанда тартысты өтті. Бұл саяси науқанның қызықты өтуіне мажоритарлы сайлау жүйесі бойынша сынға түскен кандидаттар үлес қосты. Тіпті бірнеше азаматтар бірігіп, Тәуелсіз кандидаттар блогын құрып, Үкіметті үрейлендіргендей болды.

Бірақ Астанадан Уәлихан Қайсаров пен Арман Шораев, Алматыдан Мұхтар Тайжан мен Санжар Боқаев секілді азаматтар сайлауда жеңіске жете алмай, саяси доданы әділетсіз өткенін мәлімдеді. Сондай-ақ кейбір кандидаттарды әр түрлі себеппен сайлаудан шеттетіп, кандидат болу мүмкіндігінен айырды.

Қазанның 5-і күні елімізде тұңғыш рет 42 аудан мен 3 облыстық маңызы бар қалада әкім сайлауы өтті. Бұл сайлау мәжіліс пен мәслихат сайлауы секілді жұрттың назарын аударта алмады. Өкінішке қарай, бір сыдырғы өткен сайлау көпшіліктің делебесін қоздырмады. Оның үстіне аудан әкімі сайлауына кандидат болған бірнеше адам саяси додаға жіберілмеді. Нақтырақ айтсақ Ұлытау, Маңғыстау, Түркістан және Түркісатан облысынан шыққан азаматтар сайлауға жіберілмеді.

АЯҚДОП ШЕБЕРЛЕРІ АЛАШТЫ ҚУАНТТЫ

Биыл футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы сенсация жасады. Өз алаңында Даниядан 2:0 есебінде ұтылып жатып, 3:2 есебімен жеңіске жетті. Айып добынан  Бақтиер Зайнутдинов есеп ашса, Асхат Тағыбергеннің алыстан шірене тепкен добы мен Абат Айымбетовтың баспен ұрған добы голға айналды. Өкінішке қарай ұлттық құрама жігіттері Словенияға қарсы шешуші ойында 2:1 есебімен есе жіберіп, Еуро 2024 додасына бару мүмкіндігінен айырылды.

Бірақ қазақ футболшылары келер жылдың наурыз айында Германияға барар бір мүмкіндігі бар. Егер жігіттер Грекияны ұтса, Грузия мен Люксембург ойынының жеңімпазымен кездесеміз. Бұл сында да жолымыз болса, Еуро 2024 жолдама алуымыз әбден мүмкін.

Серік Жолдасбай,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер