Ұлттық банк келесі жылға арналған «7-20-25» бағдарламасының қаржыландыру бюджетін жариялады

1172
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық банк келесі жылға арналған «7-20-25» ипотекалық несиелендіру бағдарламасы бойынша қаржыландыру бюджетін жариялады деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы қаржы реттеушісінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

25 желтоқсанда Ұлттық банк келесі жылға арналған «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын қаржыландыру туралы қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес, 2024 жылға арналған бағдарлама жылдық қаржыландыру рұқсат етілген шекті 100 млрд теңге деңгейінде белгіленіп, тоқсан сайын 25 млрд теңге көлемінде бөлінеді.

«Бағдарлама бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген ипотекалық қарыздар бойынша талап ету құқықтарын сенімгерлік басқарғаны үшін банктердің сыйақысын жылдық 3%-дан 2,5%-ға дейін төмендету көзделеді. Бұл түзету бағдарлама операторы – «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ мен бағдарламаға қатысушы банктер арасында белгіленетін құқықтық қатынастарды қозғайды және азаматтарды кредиттеу шарттарына әсер етпейді.», — делінген Ұлттық банктің сайтындағы хабарламада.

Қаржы реттеушісін ақпаратынша, 2023 жылғы 28 желтоқсандағы жағдай бойынша бағдарлама аясында 974,1 млрд теңге сомасына 71 699 жеңілдетілген несие берілген.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер