Құлақ құрышын қандырған кеш

1039
Adyrna.kz Telegram

Атадан балаға жетіп, қаншама ұрпақтың құлақ құрышын қандырған дәстүрлі ән-жырымыз бабалар тарихын, мұңы мен арманын арқалаған ақпаратқа толы екені сөзсіз. Бірақ өкінішке қарай, бүгінгі ұрпақтың бойына біз осынау  асыл нәрімізді толық сіңіре алмай келеміз. Өйткені халық әндері секілді баға жетпес байлығымыздың насихаты  аз. «Атамекен» өнер ордасының ұйымдастыруымен өткен  «Мұхиттың мұрагерлері» атты батыс дәстүрлі ән мектебі өкілдерінің өнер кеші дәстүрлі әнді, сырлы әуенді, сыршыл сезімді аңсаған халықтың  кәусарын қандырды.

Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасына жиылған жұртшылық алдымен  облыстық халық шығармашылығы орталығы мен облыстық тарихи-өлкетану музейі жасақтаған  көрмені тамашалады. Көрмеге қойылған Жайық топырағынан түлеп ұшқан тарихи тұлғалардың аспаптарының көшірмелері және тұтынған киімдері таңдай қаққызды.

Ұлттық өнерге шөліркеген халықтың көптігі соншалық, залда ине шаншар жер табылмады. Кештің тізгінін ұстаған ақын Бауыржан Ширмединұлы қара сөздің майын тамызып, рухани кештің шырайын кіргізді.   Концертте атақты Хатимолла Бердіғалиев, Серік Абдрахманов, Сағадат Рахметжанов, Асхат Оразов, Сәуле Таудаева, Зияш Аманғалиев, Күләш Қуанышқалиева, Қайрат Кәкімов, Жақсылық Есламғалиев, Фархат Оразов, Ақмарал Кемелханова, Дастан Есентеміров, Айжан Мұхаметжанова, Бейбіт Қажығалиев, Армат Алдамжаров, Ернар Өмірәлі, Данияр Елеуов, Назгүл Қабиева, Нұралы Айтуғанов  әуелетіп ән салғанда, тыңдармандар сілтідей тынды. Талай ғасырдың сүзгісінен өтіп, қаймағы бұзылмай бүгінге жеткен дәстүрлі ән-күйдің тарихы тереңнен тамыр тартады. Дәстүрлі ән айту өнері басқа жанрлармен салыстырғанда құрылымы өзгеше екенін шын ұғындырды. Кеш бойы ұлттық туындыларды тыңдап, құлақ құрышын қандырған көрермен қауым орындаушылардан қошеметтерін аяған жоқ. Көрерменнің  қиқуы дәстүрлі әншілерге шынайы шабыт сыйлады.

Жыр кешінде сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев қазақ даласы жусанын жел тербесе де, қурайына шымшық қонса да ән мен күй төгіліп қоя беретін ғажайып ерекшелігімен белгілі екенін, мыңдаған жылдар бойы ен даланы тербеп келе жатқан ұлттың осынау саф өнері ешқашан көмескі тартпайтынын тілге тиек етіп, болашақта бұл жобаның Астана, Алматы төрлерінде өтуіне ықпал ететінін жеткізді.

Кеш соңында  «Хабар» арнасы мен «Assyltas» қоғамдық қоры ұйымдастырған «АСЫЛ ДОМБЫРА-2023» тележобасында бас бәйгені жеңіп алып, өңір абыройын асқақтатқан  БҚО ақындар командасына «Асыл домбыра» салтанатты түрде табысталды. Айтыс өнерінің жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Жүрсін Ерман: – 20 облыстың арасынан Батыс Қазақстан облысының ақындары топ жарып, бас бәйгені қанжығалады. Облыс басшысы Нариман мырзадан, өнер жанашырларынан сүйінші сұрай келдік. Еңсесі биік, рухы асқақ елдің ақындары ғана топ жара алады. Жайықтың ұландарының мерейлі жетістігі.  Жайықтың Жансаясын кім жақсы көрмейді?  «Алтын домбыра» мен «Асыл домбыраны» қатар алған ақын Қазақстанда жоқ.   Айтысқа қатысқан үш ақынның бірі Жансая болса, бірі қақ төрімізде өнерпаздардың мерейін үстем етіп тұрған Бауыржан Ширмединұлы, енді бірі таланты жарқырап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген Мұрадым Мирланов. Осы шабыстарыңнан танбаңдар. Бұл сан түрлі өнер тұлғаларын түлеткен Орал ғой.   Бақтарың таймасын!   –деп жеңімпаз ақындарға ақ батасын берді.

Кештің құрметті қонақтары, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Кемелбек Ойшыбаев, «Assyltas» қоғамдық қорының төрағасы, меценат Дулат Тастекей «Асыл домбыраны» БҚО әкімі Нариман Төреғалиевке табыстаса,  өңір басшысы бас жүлдені иеленген жерлестеріміздің жеңісі – мәдениет саласындағы ауқымды істердің жемісі екендігін атап өтіп, елдің мерейін үстем еткен Жансая Мусина, Мұрадым Мирланов, Бауыржан Ширмединұлына ұсынды.

Айта кетейік, батысқазақтандықтардың абыройын асқақтатып, мерейін тасытқан «Асыл домбыра»  «Атамекен» өнер ордасының кіре берісіне қойылып, өнер ордасына сабылатын қала тұрғындары мен қонақтарының көз қуанышына айналатын болды.

Кәусар БАЙҒАЛИЕВА,

«Ел және мұғалім»

Пікірлер