Мұхтар Мағауин. Алтын Орда. Танымдық тауарих. (Үзінді)

4856
Adyrna.kz Telegram
"Жұлдыз" журналының Мұхтар Мағауиннің "Алтын Орда" романы жарық көрген 2024 жылғы бірінші саны.
"Жұлдыз" журналының Мұхтар Мағауиннің "Алтын Орда" романы жарық көрген 2024 жылғы бірінші саны.

"Жұлдыз" журналында 2024 жылғы бірінші санынан бастап жазушы Мұхтар Мағауиннің "Алтын Орда" романы жарық көре бастады. Жазушы бұл романын 2021 жылдың 7 қыркүйегінде бастап, 2023 жылдың 6 қыркүйегінде жазып бітірген. Соның алғашқы 80 беттік бөлігі "Жұлдыз" журналының биылғы ізашар нөмірінде жарық көрді. Журналдың алдағы сандарында романның жалғасы ұдайы жарияланып отырмақ.

Төменде аталмыш шығарманың "Жұлдыз" журналының биылғы бірінші санына шыққан нұсқасынан үзінді ұсынып отырмыз. "Алтын Орда" романын толықтай "Жұлдыз" журналынан оқи аласыздар.  

 

Мұхтар Мағауин

А Л Т Ы Н   О Р Д А

Танымдық тауарих. ХІІІ-ХІV-ХV ғасырлар

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ , 7.ІХ.2021–6.IX.2023

Айқындама сөзіміз

Алтын Орда ұлысының Қазақ жұртына арналған толымды тарихы тәмам болды. Елесі арманға айналып, ауыр өкінішке ұласқан, шерлі көкіректе тұнған, ешқашан ұмытылмас ғажайып тарихымыз.

Мен бұл тақырыпқа шет жағалап, сонау бір қапас, отарлық заман шеңгелінде күн кешкен 1971 жылы алғаш рет қалам тартқан екем. Советтік таршылық пен арғы тамырымыз шендестіре байыпталатын «Көк мұнар» романының қосалқы тарауларында. Айбынды Ұлұғ Ұлыстың ең соңғы майданы ретінде Құндызшы ұрысы, жиырма үш жастағы қайтпас қаһарман Темір-Бұқаның танымы мен ең соңғы жекпе-жегі сыпатталатын. Тұмшалап, бүркемелеп айтылған толғамдардың бәрі аман-есен өтіп кетті. Оқырман қауым, әсіресе жастар риясыз қабылдаған роман, ресми басылымдар, әдебиетші, жазарман қауым тарабынан, әлбетте, басқа бір тұрғыда, (тура елу жылға созылған) жаппай сөгіске ұшырап жатса да, осы барымызға шүкір айттық. Бұдан артық, жайыла сөйлеуге мүмкіндік те жоқ еді. Ол заманда арыдағы Шыңғыс хан тұрыпты, берідегі Абылай хан туралы да бір ауыз оңды сөз айту мүмкін емес-ті.

Ақыры, 1991 жылы, қандықол, қыспақты, жыртқыш империя тырапай асып құлады. Басқаны білмеймін, мен – Мұхтар Мағауин бар жағынан азат, толық еркіндікке жетіппін. Өзгеше тұрғыдағы қаншама жаңа шығармаға жол ашылды. Бірінші кезекте – тарихи таным алға шықса керек еді. Әйткенмен, бүгінгі күнгі, ең зәру тақырыптар анталап тұрған: роман, хикаят, әңгіме, ғылыми зерттеулер. Ақыры, Аруақтың нұр сәулелі аянымен, ұлы қағанның дәргейіне бас ұрдық. «Шыңғыс хан», қатарынан төрт кітап. Біздің еркін эмиграция кезеңіміз – 2008 жылы, Еуропада басталып, тиянақталып, 2015 жылы Америкада соңғы межесіне жетті. Арғы бетте де, бергі бетте де өзіміздің тума тілімізде, ешқандай шырғасы шықпай, сол қалпында басылып шықты. Әуелде, жекелей төрт кітап – 2011-2016 жылдары Алматыда, бұдан соң, 2020 жылы, біздің 25 томдық Толық жинағымыздың ХІ-ХІІ-ХІІІ-ХІV кітаптары есебінде.

Бұл екі аралықта «Шыңғыс ханның» жалғасы, сонымен қатар өзінше дербес «Алтын Орда» таңбаға түссе керек еді. Дилогия деп шамалағам. Бабымда тұрсам да, тезінен қамтылуға тиіс басқа бір жұмыстармен және біршама бөгеліппін. Ақыры, асқарға шыққан сексен бір жасымда бел шешіп тікелей кірістім. Кеңінен көсілуге тұрмыс жағдайым да, денсаулығым да кәміл сияқты, әйткенмен, Тәңірі тағаланың қандай да пендесінің ғұмыры шектеулі, енді аңдап басып, мүмкіндігінше шұғыл, сонымен қатар асықпай, бар бабымызбен жұмыс жасау керек еді – екі том емес, мейлінше сығымдалған және толымды, бірегей, жалғыз кітап. Бүгін сол арманның үддесінен шығып отырмыз.

«Шыңғыс ханнан» бір айырма, бұл «Алтын Орда» – түбегейлі зерттеу емес. Сонымен қатар, әлемдік тарихнама өз алдына, бауырлас түрік халықтарының оқымысты жұртшылығы соңғы отыз жылда жеткен соны зерттеулер мен жаңаша танымға қарайлас еңбек дер едік.

Шыңғыс хан империясының Еуразиядағы жалғасы Алтын Орда тарихы – біздің жүмлә түрік қауымы, оның ішінде қыпшақ-түрік жұртының, кейінгі заманнан ажырамас, өзіндік, төл тарихы болып табылады. Бұл тарапта, тіпті, советтік отарлық тәртіп өз күшінде тұрған соңғы жылдардан бастап, әсіресе, зұлымдық империясы құлағаннан бері, біздің туысқан татар оқымыстыларының еңбегі айрықша болды. Баяғы Нұрлы Қазан жауланған қасыретті кезеңнен бастап, бес ғасыр бойы шеңгелі бір босамаған, күні бүгінде құрсауын жазбай отырған, қысылтаяң ахуалға қарамастан, татар бауырлар, совет заманында есімінің өзі елеске айналған Алтын Орданы қайтадан қаз көтерді.

Осы орайда, жаңа серпіннің бастауында тұрған ғұлама оқымысты, тарих докторы, профессор Мирқасым Усмановтың (1934-2010) есімін айрықша құрмет, алғыспен атау – парыз деп білем. Отаншыл, түрікшіл, қайсар Мирқасым бауырым өзі бастап, Қазан Университеті мен Татарстан Ғылым академиясының білгір оқымыстыларын Алтын Орда тарихын зерттеу, тануға жаппай ұйыстырған еді және бұл игі жұмыстарға шет елдік тағы қаншама оқымыстыны тартты. Сең бұзылып, ғылыми таным алғы кезекке шықты. Әйгілі ғалым дүниеден өткен соң, ол мұрындық болған мақсатты шаруалар тоқырауға ұшырамады. Енді бұл қастерлі шаруаны Татарстан Ғылым академиясы Тарих институтының Мирқасым Усманов атындағы, «Алтын Орданы зерттеу орталығы» жаңа қарқынмен жүзеге асыра бастаған. И.Миргалиев, Т.Хайдаров, америкалық Ю.Шамильоғлы және басқа да әлденеше білімдар ғалым Алтын Орда тарихын одан әрмен тереңдете зерттеді. Тек бұрнағы Совет шегі ғана емес, жер әлемнің әр түкпіріндегі ондаған оқымысты ортақ іске бағытталды. М.Усманов қалыптастырған үрдіс бойынша, Халықаралық тағы қаншама ғылыми конференция өткерілді, әрқилы тақырыпты, аса құнды ондаған жинақтар шықты, атаулы журналдар басылды. Бір сөзбен айтқанда, Алтын Орданың бұрнадан бар, бірақ жүйеге түспеген толық шежіресін дәйектеп, қайта жаңғыртып, аса жоғары дәрежедегі ғылыми тарихын қалыптады. Әлбетте, жоқтан құралмаған, көмескіні аршып, барды ұқсату нәтижесі. Және тек өз күшімен, жалғыз-жалаң емес. Айтқанымыздай, әлемдік тарих ғылымының бұрынғы-соңғы жетістіктерімен қатар, жаңашыл оқымыстыларын түгелдей ортақ іске жұмылдырып.

ХХ ғасырдың соңғы үшегі, әсіресе, Советтен кейінгі дәуірде бетін оңға бұрып, тың тыныс тапқан орыс ғалымдары да Алтын Орда тарихының жекелеген мәселелерін айғақтай бастаған. Осы орайда, бұрнағы Г.Федоров-Давыдов, оған жалғас Р.Храпачевский, В.Трепавлов, өзіміздің татар М.Сафарғалиев, кейінгі толқындағы В.Егоров, А.Юрченко, Р.Почекаев, А.Пачкалов қатарлы зерттеушілер тағы қаншама күңгірттің бетін ашқан.

Осы орайда, Еуропа, Америка медиевистерімен қатар, біздің қазақ тарихшылары да өнімді еңбек етіп келеді. Бұлардың кейбірі, мәселен, Т.Сұлтанов, А.Қадырбаев Ресей ғылыми орталықтары арқылы жұмыс жасап жатса, енді біразы, мәселен Ж.Сәбитов, Қ.Өскенбай, А.Көшкімбаев, Н.Күзембаевтар ата жұртында еңбектеніп отыр.

Жинақтап келгенде, бұрнағы патшалық ақ орыстық, коммунистік  қызыл орыстық сырқат сана келмеске кетті. Берісі – татар мен қазақ, арысы – орыс пен Батыс жұрттар оқымыстыларының жаппай, бірегей ізденістері нәтижесінде баяғы Алтын Орданың шынайы, толық тарихы қалыптана бастады. Қазірдің өзінде Жошы ұлысын тану жолындағы ғылыми зерттеулер жаңа бір, биік өреге жеткен. Шынында да, Алтын Орда бар екен. Өз заманында әлемнің алдына шығыпты. Асқаралы, ұлы мемлекет болыпты! Және із-түзсіз, біржола жойылып кетпеген. Тікелей ұрпақтары Еуразия шегінде жасап жатыр.

Алтын Орда – талайлы тарихымыз. Және бүгінгі күнде біз үшін мақтаныш, рухани үлгі.

Өткендегі «Шыңғыс хан» тетралогиясы сияқты, мына «Алтын Орда» кітабы да берісі – Қазақ, арысы – бүткіл Қыпшақ-түрік жұртының танымы үшін ғана емес, езілген еңсесін көтеру үшін, өзгеше болашағына нұсқау ретінде жазылды.

Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ

12.ІХ.2023. 

 

Б і р і н ш і    б ө л і м

А Й Б Ы Н

ҰЛҰҒ ҰЛЫСТЫҢ БАСТАУЫ

Әлқисса

 Ұлан-байтақ Еуразия алқабындағы, Ұлы Түрік қағанатынан соңғы аласапыран, бірлік пен ажыра, өріс кеңейту, қандай да сыртқы күштерден тәуелсіз жағдайға ұмтылу, осы орайдағы әрқилы ішкі және сыртқы соғыстар – алмағайып заман ауқымындағы, түп тамыры ортақ, тілі мен дәстүр-салты үйлес түрік ру-тайпалары ХІІ ғасыр шегінде өзара дербес жағдайдағы екі үлкен суперэтникалық топ құраған еді. Шығыста – Қара Жидұн (Хиңган) тауларынан Орталық Азия – Алтайдың түстік-батыс етегі, ұзын аққан Ертіс өзеніне дейінгі аралықта – түрік-татар жұрты, Ертістен қиыр шалғай – Қарпат жотасының жазаңы, Торлы (Днестр) өзені мен Дунай дарияның етегіне дейінгі аралықта – түрік-қыпшақ жұрты.

Батыс өлке тақау төңірегімен тайталас, тіпті, біршама үстемдік жағдайда күн кешіп жатса, шығыс атыраптағы ахуал мейлінше күрделі, аумалы-төкпелі ғана емес, қатерлі сыпат алыпты. Қағанат дәуірінен кейінгі кезең – тұтас бір жарым ғасыр бойы, туыстас ағайындардың ежелгі керей тайпасы ұйыстырған қуатты әскери одағы – қытай тарихнамасында «Цзубу» («тайпа-рулар») аталатын, түп-тамыры ортақ рулар бірлестігі тынымсыз, екі, үш жақты ауыр соғыстардан соң қырғынға ұшырап, жарым-жартылай кіріптар жағдайға түседі. Енді бұдан әрі өзара дербестенген, бұрнағы күш-қуаты қайтса да, халқы мол, жауынгер керей мен татар, меркіт пен найман әрқайсы өз алдына дербес ту көтереді. Жер көлемі кең, жұрты ұжымды төрт ұлыс. Бұдан басқа үлкенді-кішілі тағы қаншама жұрағат бар еді: қият, қоңырат, жалайыр, қатаған, салжығұт, барын, дүрбен, сүнит, маңғыт, бесүт, барлас, ұраңқай, баяуыт, сұлдұс, кенегес, күрлеуіт, қоралас, телес, төлеңгіт, байыс, байжігіт, оңғыт және басқалар. Бұлардың кейбірі баз-базында іргелі төрт ұлыстың бірімен жұғысса, көбіне-көп дербес күн кешті. Кеше ғана іргелі мемлекет құрамында ұйысқан, ендігі тіршілігі де қанаттас, жалғас бұл ағайындар негізінен алғанда, өзара тату, аралас-құралас, құданда, жекжат қатынаста. Ал еңсесі биік төрт ұлыс – керей мен татар, меркіт пен найман бірегей ынтымақ таба алмапты. Бақталас, тайталас, үнемі дерлік өзара соғыс жағдайында. Дәп іргеде отырған Қытай мемлекеті – әуелде Қидан, кейінірек Шүржен империялары бұл өзара қайшылықты тиімді пайдаланады. Көбіне-көп шартты түрдегі бодандық мәмлеге тоқтап, жеңіл салғыртпен шектелсе, әлденендей сенімсіздік туған жағдайда сыпыра шабады. Айрықша күшейіп, тізгін үзіп бара жатса, біріне бірін соғады. Қисапсыз әскер шығарып, ауыр жорық ұйымдастырады. Тіпті, бейбіт жағдайдың өзінде іргелес Татар ұлысына үш жылда бір атаулы шапқын жасап, кәмелетке толған, қару ұстауға жарайтын жеткіндерін қырып кетеді екен. Алайда, осындай ортақ жау бетінде аталмыш рулардың, өзара туыс төрт ұлыстың алауыздығы тоқталмапты. Берекесіз, бейбақ, кер заман осылай жалғасып жатқан.

Ақыры, жұлдызды 1155 жылы Керей ұлысының одақтас боданы қият қауымы, ел ағасы Есугей-бахадұрдың шаңырағында Темужін деген ұл дүниеге келсін. Ертегілік Алып ер, болашақ Шыңғыс хан. Туған әке бауырындағы әлпешті, барақат күндер, Оң ханның өзінің ордасында еркін жүрген өзгеше өмір. Ұзаққа созылмапты. Ес біліп, төңірегін тани бастаған он екі жасына дейін. Бұдан соңғы бар хикметтің жалпы сұлбасы мағлұм. Тәрізі, көлденең сырқаттан үзілген әке өлімі, енді иесіз қалған қият руының басшылығына ұмтылған аталас ағайынның зорлығы мен зәбірі, арада үш жыл өтпесте Шүржен жұртына құлдыққа айдалған зарлы заман; тұтас он жылдық зобалаң астында қайыспаған, ер жетіп, күші толысып, ақылы марқайған Темужін ғайыптың күшімен азаттық алып, елге оралды. Әкесі айттырып кеткен, үмітсіз жағдайдың өзінде адалынан айнымаған Бөрте-бикемен қосылды. Өкіл әкесі Оң ханның алдына барып, панасын, сүйеніш тапты. Алғашқы жауынгер серіктер тобы тас-түйін жасаққа айналды. Күн озған сайын атақ-абыройы асқан, ағайын жұрт арасында ерекше беделге жеткен Темужін уақыт оза келе бір ата емес, бүткіл ұлыс шегінде кеңінен танылып, ақыры қаншама өткелек, қанды шайқастан соң Керей хандығының билігіне жетті, байтақ Шығыс атыраптың еңселі тұлғасына айналды. Көп ұзамай-ақ, Татар, Меркіт, Найман жорықтарынан кейін бүткіл Татар Даласының бірден-бір әмірі болып шықты. 1206 жыл, Ұлы Құрылтай. Шыңғыс қаған!

Алғашқы жауынгер жасағын ұйыстырып, өкімі мен өрісін кеңейте бастаған болашақ Шыңғыс хан алмағайып күндердің өзінде өмірлік арман, мұратын айқындап алғаны күмән туғызбайды. Әуелгі мақсат – осы кеңбайтақ Татар Даласын жайлаған қырық-елу рудың басын қосып, төбеден төніп отырған жат жұрттың шапқынына төтеп беретін, ауызбірлікті, біртұтас, үлкен ұлыс құру екен. Қаншама қанды шайқас, от кешулерден соң орнына келді – аспани орда тігіліп, айдынды, аруақты ту көтерілді.

Ендігісі – айқын. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан, соңғы мың, мың жарым жыл бойғы қадым тарихқа бойламаған күннің өзінде кейінгі жеті ата тұсында өлесі қатер болып келген Қытай өктемдігіне қарсы күрес. Және бұл күрес бұрнағыдан басқаша сыпатта атқарылуға тиіс. Осы тұстағы Шүржен патшалығының шапқынын тоқтату, тепе-теңдікке жету ғана емес, ата жауды күйрету, яғни күш-қуатын қайтарып, біржола жуасыту болатын. 1211 жылы басталған жойқын жорық жеңістен жеңіске ұласты. Арада төрт жыл өткенде озбыр империяның Орталық астанасы Чжунду (кейінгі Пекин) бағынышқа түсті, Хуаңхэ – Жасыл өзеннің сол жағалығы түгелдей Еке Моғұл ұлысының иелігіне көшті. Шыңғыс ханның өмірлік екінші мұраты орындалды деңіз.

Енді ұлы қағанның түпкі, ең негізгі – Үшінші мұраты жүзеге асуға тиіс еді. Өзі нықтап айтқандай, бүткіл киіз туырлықты, көшпенді қауымның бір ұлыс құрамында ұйысуы! Яғни, Алтайдан асып, Ертістен озып, ұланғайыр Дәшті-Қыпшақ өлкесінің арғы шегіне жету. Ол деген... ол деген – Қазіргі Қазақстан жерін түгелімен игеріп, жайқын Еділден аттап, сол қанатта Қапқаз, одан әрі Қара теңізді көбелеп, кейінде Еуразия аталған ұланғайыр даланың батыс шегі – Қарпат тауларына дейінгі, туыстас түрік текті қауым жайлап отырған құтты мекенді түгелімен баурап, бір ту, бір низам астына ұйыстыру. Ақыр түбі ұлы қағаннан соң тақау ұрпақтары жүзеге асырған ғаламат құбылыс.

Негізгі бағдар – Дәшті-Қыпшақ

Шыңғыс хан 1211-1215 жылдарғы Ұлы Қорғаннан асып төгілген жойқын жорық нәтижесінде әлемдік Шүржен империясының қарымын қайтарып, келешек күні күмәнді, қалтырақ жағдайға түсірді. Қайткенде алдағы екі-үш ата бойы қауіпсіз. Ендігі назары батысқа – Дәшті-Қыпшақ тарабына ауып еді.

Әуелі жер ортасы Жетісуға таңдама қолбасы Жебе-ноянды аттандырды. Екпіні қатты, бұрнағысын айтпағанда, соңғы, алмағайып Шүржен майданының бас қаһарманы Жебе-ноян жалғыз-ақ жазда қуатты Қара-Қытай ұлысын күйрете талқандап, бүткіл Жетісуды Ұлы Моғұл империясының ғұзырына келтірді. 1217 жыл. Енді шығыс-түрік патшалығы Еке Моғұл ұлысы – бүткіл Түркістан, Иран мен Ауған – байтақ Оңтүстік-батыс Азияны тұтасымен қамтып жатқан құдіретті Хорезм империясымен шектесіпті. Шыңғыс хан бірден-ақ арнайы елшілік жолдап, ежелгі әулет өкілі, ғұзыры зор, соңғы жиырма жылдағы қат-қабат жеңістің буымен өзін Екінші Ескендір деп жариялаған хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамедпен жалғасады. Сен – Батыс әмірі, мен – Шығыс әмірі, ынтымақта болайық, депті. Осыған орай бейбіт көршілік, Жібек Жолының еркін ашылуы, керуен, сауда келісімі. Шыңғыс ханның жаңа бір жорық бастау ойы жоқ. Тек Мәуреннахр шегінде ғана жарым миллионнан астам әскер ұстап отырған құдіреттен имену емес, пайдалы қатынас, тиімді саясат жөні. Айтқанымыздай, ұлы қағанның түпкі мұраты – Дәшті-Қыпшақты үлкен үйірге қосу болатын.

Міне, абадан, жаңа көршімен осындай келісім шақта Шыңғыс хан тұңғыш ұлы Жошы мен қарымды, данагөй қолбасы Сүбітай-бахадұрды Батысқа қарай бағыттайды. 1217 жылдың соңы, күз түсе бір түмен жасақпен үдере аттанған Жошы жер қарада бұрнада өткерген үйреншікті сорап – көлденең Танну-ола тауынан асып түсіп, екі қабағы биік Енисей – Кем-дарияның қалың мұзы арқылы Қырғыз ұлысының тура төбесінен түседі. Осының алдында ғана қайта көтерілген екі бөлек, асау жұртты түпкілікті бағынышқа келтірген соң, Ертістің етегі, Құлынды, Барабы даласын басып, Шығыс Дәшті шегіне жетіпті. Өзімен бір шамада аттанған, тәрізі, Алтайды көктей өтіп, Сары-Арқаның бұрнадан танымал шығыс атырабында қыстап шыққан Сүбітай-бахадұрмен ұштасыпты. Жошы бастап, Сүбітай қостаған екі түмен енді бүгінгі байтақ қазақ даласын жалпағынан сүзе жылжиды. Жергілікті қыпшақ қауымымен мәмле, бірлі-жар қарсылықты жаныштау өз алдына, негізгі бір мақсат – бұдан он бес жыл бұрын уыстан шығып кеткен, тәрізі, қыпшақ жерінде пана тапқан Меркітті елдіктен айырып, біржола қирату болатын. Ақыры, Ырғыз өзенінен өтіп, Мұғажжар етегінде іздегенін табады. Меркіт ұлысының ең соңғы ұжымды жасағы, бұл тараптағы бүткіл ел-жұртымен қоса қырғынға ұшырайды.

Осыған жалғас, Меркіт майданының ертеңіне болған өзгеше оқиға – Хорезмнің алпыс мыңдық ірікті әскерімен арадағы қырғын соғыс сұлбасы бар тарихтан белгілі. Нақты тарихи деректер негізінде дәйектеп айтсақ, хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамедтің өзі бастап шыққан алпыс мыңдық қалың қол жиырма мың жауынгерінен өлідей айрылып, түн қараңғысында жылыса қашып, әрең-пәрең бас сауғалаған екен.

Кейінде Ырғыз ұрысы аталған дәп осы қанды майданға қатысты азғана кілтипан бар. Тақ мұрагері, бас қолбасы Жошы, осыдан жарым күн бұрын ойран болған апат алаңында бір сәт іркілмей, өкшесін баса, суыт шыққан, кештен – түнге, одан таңға жалғасқан шеру нәтижесінде Еке Моғұл жасағын қуып жеткен Хорезм әскерімен соғысқысы келмейді. Өткен жылғы бітім жайы белгілі, одан бергі әлей оқиғалардың хабары жетпеген. Бұл кезде екі ел қияпат зобалаң жағдайында тұр. Өткен жазда хорезмшах бар уәдесінен, жазба куәліктерден бас тартқан. Ілкідегі бейбіт келісім шарт бойынша жырғалып жеткен, тоғанақты бес жүз түйелік бай керуен тонауға түседі, керуенші төрт жүз елу кісі түгелдей өлімге кесіледі. Өйткені... хорезмшах шайтан азғырып, әуелгі сөзінен айнып қалыпты. Бар кесел – кейінгі тарихшылар айтып жүргендей, хорезмшахтың өзінің, немесе Отырарда билік құрған нағашы аға Қайыр ханның ашкөздігінде емес. Жарым Азияны бауырына басып алған ғаламат империяның егесі Ала-ад-Дин Мұхамед үшін бес жүз түйелік қазынаның бес тиындық қана балауы бар. Керуенді тонау, керуеншілерді қырып тастау – бұрнағы келісім шарттарды жоққа шығару – аралықты ажырату, әдепкі жанжал емес, қан майданға сұрану есепті болатын. Негізгі кілтипан – қашанда кеш ойлайтын хорезмшахтың топас тасырлығынан емес, ол замандағы жер жаннаты Жетісуға кім иелік етеді деген мәселеден туындаған. Бұрнағы тайталас Қара-қытай ұлысы қирады, соншама байтақ қоныс, бар байлықты Шыңғыс хан басып қалды. Енді Еке Моғұл ұлысын оңай жау көрген хорезмшах қазаға ұшыраған керуеннің сұрауымен келген бас елшіні және өлтіріп, қалған екі елшінің сақалын күзеп қорлап, бар зілімен кері қайтарады. Есіркегеннен емес, хабаршылық үшін. Және атап айтып, Шыңғыс ханға ашық соғыс жариялапты. Ізінше, жүз мың әскермен Жетісу жеріне келіп кіреді. Бұл кезде Жебе-ноян Еке ұлысқа қайтып кеткен. Жаңа әкімшілік орнықпаған. Есебі, өзінен өзі қолға келіп түскендей. Бүгін. Ал ертең – Жетісуды көктей өтіп, мәжуси Шыңғыс ханның ұйықты жұртын ойрандау керек. Қайткенде әжептәуір соғыс. Хорезмшах ел астанасы Самарқандқа кері оралады. Бірақ көп ұзамай, ірікті алпыс мың әскермен Қыпшақ сақарасына аттанады. Қазіргі Қазақстан шегі. Шыңғыс ханға қарсы жеңісті, үлкен майдан алдында, ту сыртын тазарту, яғни желкедегі Қыпшақ жұртын біржола жаныштап кетпек төтенше шара. Сүйтіп, Сары-Арқаның төрінде, күтпеген жағдайда, кейінгі оқиғалардан мүлде бейхабар ханзада Жошының жасағымен кездесті...

Біздің бұрнада жазғанымыз бар. Ырғыз ұрысында Хорезмнің тағдыры шешілді деп. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы мен кейінде әлемге әйгілі ұлы қолбасы Сүбітай-бахадұр бастаған жиырма мыңдық шолғыншы жасақ – Ала-ад-Дин Мұхамедтің таңдама алпыс мыңын біржола жойып жіберуге шақ қалды. Алып мемлекеттің шегін одан әрмен ұлғайтып, жаңаша қуатқа жеткізген тәжірибелі қолбасы хорезмшах өзі оп-оңай санаған жауының кім екенін нақты таныды. Және ел тынышта тілеп алған зор майданның қалай аяқталарын кәміл түйсінді. Сондай-ақ, Жошы мен Сүбітай басқарған шектеулі әскер – екі түменбасы, жиырма мыңбасы, қалған бүткіл жауынгер жасақ та алдағы дұшпанның соғыс тәсілдерін, әлсіз тұстарын нақты пайымдаған еді.

Анығы – он бес-жиырма, бәлкім, отыз жылдан соң ғана тұтануы ықтимал ғаламат соғыс тым көп ұзамай, 1220 жылдың соңғы айында басталады. Арты немен тынғаны бар тарихтан белгілі.

Үлкен ұлдың мерейі

 Хорезммен соғыс ойда, есеп-қисында жоқ кезде, әуел бастан-ақ, бүткіл Дәшті-Қыпшақ Жошының үлесіне кесілген. Алдағы уақытта кемеңгер әкенің дәрежесі төменірек, бірақ ғұзыры зор серіктесі. Бүгінгі замандағы білгір, парасатты тарихшы В.Трепавлов дәйектегендей, түрік жұртында алғашқы қағандар заманында қалыптасқан дәстүрлі дуумвират: бағзыдағы Бумын қаған мен Естеми қағаннан басталып, Білге-қаған мен Күл-тегін бахадұрға дейін жалғасқан ежелгі дәстүр. Әкенің көзі тірісінде қанаттас көмекші, болашақта бірден-бір тақ иесі мұрагер.

Жошы – ол кезде жалаңқылыш, жалғыз атты Темужін, болашақ Шыңғыс ханның ақылды, адал жар Бөртеден, бір қыздан соң туған тұңғыш ұлы. 1182 жылы дүниеге келген. Әлбетте, ең жоғарғы деңгейдегі далалық тәрбие мектебінен өтеді. Жеткін шағынан әкесінің жауынгер жасағы құрамында. Алғаш рет дербес қосын бастап шығуы – 1206 жылдың қара күзі. Байкөлдің түстік-батыс атырабында қоныстанған Орман жұртын бағынышқа түсіру жорығы. Айтарлықтай қарсылықсыз, біршама бейбіт жағдайда Жошы әуелі түрік текті барғұт, тұмат, мұңғыл текті бурят, қоры тайпаларын Еке ұлыс құрамына қосады. Бұдан соң Сегіз-мүрен, Саян алқабында тірілік кешіп жатқан үлкенді-кішілі тағы біраз руларды қаратады. Алда үлкен Енисей – Кем дарияның бойы, Минусы даласын жайлаған қуатты қырғыз ұлысы тұрған. Жошы қысқы дарияның тоң мұзы арқылы Батыс Саян тауларын кесіп өтеді де, Кем-Кемжүт бойында отырған Түмен-Қырғыз ұлысының қақ желкесінен шығады. Ауыр соғыс, тау қамалдарын қирату нәтижесінде бүткіл өлкені бағынышқа келтіреді. Бұдан соң Минусы жазығына жетіп, бұл аймақты қоныстанған Еди-Орұн (Жеті-Орын, Жеті-Жұрт) ұлысын шабады. Бірталай қарсылықтан соң мұндағы қырғыз да бағыныш танытыпты. Ізінше, батыста жапсарлас отырған төлеңгіт, телес тайпалары да өз еріктерімен құлдық ұрады. Шыр айнала шеңбер жасап, түстік тараппен қайтқан жолда түрік текті байыт, байжігіт, таз, тоқас рулары да Еке Ұлыстың ғұзырын мойындайды.

Өзінің қолбасылық үлкен дарынын танытқан, бодандыққа жаңадан өткен ру, тайпа басшыларымен бірге Ордаға жеткен жиырма төрт жастағы Жошы ханзада қаған әкесінің алғысын алып, мейлінше мадақталған екен. «Сен менің ұлдарымның үлкені едің, енші алмай тұрып, ауыр жорыққа аттандың, енді сәтімен оралып отырсың. Әскерің артық шығынсыз, ат-көлігің күйлі, өзіңнің дені-қарның сау. Міне, бүткіл Ағаш елін бағынышқа түсірдің. Енді осы жұртты өзіңнің жеке иелігіңе бұйырамын!» – депті. (Көп ұзамай-ақ, Еке Моғұл ұлысының өрісі кеңейіп, Батыс тарапқа еркін аяқ салғанда, Жошының үлесіне бүткіл Дәшті-Қыпшақ белгіленіп, әуелгі иелік – Таулы Алтай, Тыба, Қырғыз өлкелері Түпкі жұрт, яғни кенже ұл Төленің еншілігіне көшеді.) Мұнымен ғана шектелмеген. Шыңғыс хан үлкен ұлы Жошыны өзінің ізбасары – болашақ тақ мұрагері ретінде белгіледі деп айтар едік. Жошының сөзсіз мұрагерлік мәртебесі туралы нақты деректер заманалық аса құнды жәдігер «Хуан Юань шэн-ву Цзин-чжэн лу» – «Қасиетті Юань Әулие-жихангерінің жеке жорықтарының сыпаттамасы» және байтақ шежіре «Юань ши» – «Юань империясының тарихы» (ондағы «Хэсымайлының ғұмырдерегі» тарамы) арқылы жеткен.

Бұдан соңғы кезеңде Жошы Шүржен жорығына да белсене араласады. Әкесіне селбесе отырып, басқа да қолбасылармен қанаттаса жүріп, талай майдан атқарыпты. Әуелде Е-Ху-Лин – Түлкі-Асудағы шешуші ұрыс – Еке Ұлыстың 90 мың әскері Шүрженнің 400 мыңдық қисапсыз қолын қиратып жеңген зор майданға қатынасады. Бұдан соң үш лекке бөлінген әскердің оң қанатында, інілері Шағатай, Өкетаймен бірге, қол бастап, жаңа жеңістерге ұйытқы болыпты. Жошы, түптеп келгенде, 1211–1215 жылдарғы аса ауыр Солтүстік Қытай майданында үлкен абыройға жетеді. Осы және кейінгі Хорезм соғысына қатысты қаншама қызметіне қарай, Жошыны Шыңғыс хан заманындағы ең атақты Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұр, Мұқалы-гованға тетелес қолбасы деп айғақтар едік. Кісі тануда қателесіп көрмеген ұлы қағанның Жошыны айрықша ақыл-парасат, әскери дарын, саяси және ұлыстық санасы үшін өзіне ең жақын серік ретінде бағалап, бұлар да өзгеше тұлға ретінде бой көтерген тетелес інілерінің бәрінен озғын бітім, қасиетіне қарай өзгеше сенім артуы заңды жағдай болатын.

Хорезм майданы

Хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамедтің Еке Ұлыспен арадағы бейбіт көршілік, Жібек Жолындағы керуен құқұғы, өзара еркін қатынас туралы келісім шартты өрескел бұзуы – кейінгі тарихшылар дабылдатып жүргендей, Хорезм сияқты кенеусіз бай, ғаламат байтақ империя үшін мән-мәнісі шамалы бес жүз тоғанаққа қызығу емес, екі ел арасындағы қисынсыз соғысқа жол ашу, көпе-көрнеу зодыр, сыныққа сылтау болатын. Мана дәйектедік, аралық қайшылықтың басты себебі – Хорезммен жүз жылдан бері тайталас келген Қара-Қытай империясының күйреуі нәтижесінде жер жанаты Жетісудың ендігі иесі кім болуға тиіс дейтін дертті мәселеге тірелген. Бұрнағы және қазіргі заман тарихшылары айтып жүргендей, әуелде жанжалға ұмтылған және бастап соғыс жариялаған – ұлы қаған емес, хорезмшах болатын. Шыңғыс хан қабылдады. Тура жолынан бұрылып, амалсыздан. Айтқанымыздай, Қытайдың бетін қайтарғаннан соңғы негізгі мұрат – батыстағы түрік жұртын, яғни, бүткіл Дәшті-Қыпшақ даласын үлкен орда құрамына ұйыстыру болатын. Жошы ханзаданың Шығыс Дәшті, есебі бүгінгі Қазақстан шегін икемге келтіру жорығы – ұланғайыр істің бастауы ғана. Бұдан әрі Еділден өтіп, Батыс Қыпшақты қосып алу мақсаты тұрған. Алайда, орта жолда, өзіне сенімді, қисапсыз, бір миллиондық әскерінің буымен есірген парықсыз хорезмшах келіп араласты. Және кейінгі заман тарихшыларының өзі атап көрсеткендей, бүгінгі тұрыпты, сонау ерте дүние, ортағасырлық саясат пен дипломатияның өзіне сыйымсыз зорлық пен қиянатқа жол берді. Ал Шыңғыс ханның ту сыртында, қираса да қауқары қайтпаған, әлі де қатерлі Шүржен империясы тұр. Енді Дәшті-Қыпшақ мұраты белгісіз уақытқа кері шегерілді.

Менің зәредей кінәм жоқ, бар пәлені бастаған қастас дұшпанның өзі, енді Тәңірі қуат берсе, ұлы жорыққа аттанамын деп, мойнына кісесін салған Шыңғыс хан шамасы бір жүз елу мың әскермен Батысқа қарай үдере атанды. 1219 жылдың ерте көктемі екен. Еке ұлыстың бар қуаты жинақталған темір түмендер үш лек болып, бірі – Алтайдың қарлы мұзынан асып, екіншісі – аптап пен шөлден соң Жоңғар қақпасынан өтіп, үшіншісі – қамал бұзар өзгеше жарақ сүйретіп, қысылтаң Талқы асуы арқылы, шамасы мамыр айының соңына қарай Ертіс пен Еміл бойы, Іленің орта ағысына жетеді. Жаз айлары ең соңғы дайындық, ат семірткен, әскер дамылдаған, қару шыңдаған қатерлі тыныс үстінде өтіпті. Күз түсе салқар шеру басталады. Қалың қолдың алғы легі Желтоқсан айының орта шенінде, ежелгі қыпшақ шаһары, бұдан он жыл бұрын Хорезм басып алған Отырар – енді алып империя ғұзырындағы шекаралық қамалға келіп жетеді. Тезінен берік қоршау. Әскердің шағын бір бөлегі ғана. Арада апта өтпей, Шыңғыс ханның өзі бастаған негізгі күштер егіз дария алқабына бойлай еніп, Бұхара, Самарқанд қалаларына қарай бет түзепті. Ал Жошы ханзада, шамасы екі түмен жасақпен Сейхұн – Сыр-Дарияның еңісіне қарай аттанды. Айтарлықтай қарсылықсыз жеңіл жылжып, бұрнағы Қарахан ұлысының әйгілі қалалары: Сығнақ, Женд, Үзгенд, Баршынкент, Ашнас, Жанкент шаһарларын, ежелгі түрік қонысы, үлкенді-кішілі тағы қаншама елді мекен – Арал теңізіне құлаған бүткіл Сейхұн-Сыр бойын хорезм-парсы өкімінен бостан қылыпты. 1220 – мамырға дейін, айналасы төрт ай ішінде. Дарияның ұзына бойы, тақау төңірегін түгел алған Жошы осыншама уақытта артық шығын, орынсыз қантөгіске жол қалдырмаған. Алалық жоққа жақын, түп-тамыры ортақ ағайын жұрт қайта табысқандай. Жошы барлық қала, кент, елді мекен атаулыға жергілікті әкімдерін бекітіп, әскеріне тыным берді дейді.

Тарихи нақты мұралардан көрінетіндей, Жошы ханзада Хорезмнің ұйықты орталығы Мәуреннахрдағы үлкен майданға араласпайды. Самарқанд, Бұхара және басқа да елеулі қалалар Шыңғыс ханның қолына өтіп жатыр. Әрине, қаған әкемен арадағы байланыс тоқталмаған.

Бар тапсырыс орнына келген соң Жошы Қызылқұмда аял қылды дейтін дерек бар. Содан Үргеніш соғысы – жыл аяғы Желтоқсанға дейін Сары-Арқаға қайта көтерілді деп шамалар едік. Жиырма мың әскер ұзақ жаз, сары күз – алты-жеті ай бойы Қызылқұмға сыймас еді. Шын мәнісінде, кейінгі қазақтың түпкілікті қонысы Жошы мен Сүбітайдың 1218 жылғы жазғы жорығында толық игерілген. Енді етене мекен есепті. Үлкен ұл, тақ мұрагері Жошының меншікті иелігі, кейінгі Алтын Орданың Сол қанаты, одан соңғы Қазақ Ордасының ұйықты орталығы. Яғни, біздің қазақ жері, бұрнағы 1218 жылды үстірт санасақ, осы 1220 жылы Шыңғыс хан империясы – Еке Ұлыс құрамына біржола қосылды.

Ал Хорезм патшалығының байтағы Үргенішті қамалау – хижраның 618 санаты, зүлқада – 1221 жыл, январь айында басталыпты. Жошы өрісі тақау, бұрын жеткен Шағатай мен Өкетайға сәл-пәл кейінірек келіп қосылған екен. Осы орайда айта кетер бір жағдаят – жолайғы ауылдық мекен, шағын кенттердің барлығында қанды қазаға, тонау мен зорлық-зомбылыққа жол бермеген. Енді ағайынды үшеу әйдік шаһарды қоршалау жұмыстарына, ұтымды шабуылға дайындалады. Қамал түбінде жиыны алу мың аламан топталған екен. Әлбетте, тікелей ұрыстан бұрын – бейбіт келісім жөні. Алайда, толық жүз мың әскері бар, оларға кемі жиырма-отыз мың жасақшы қосылған, неше қабат қорғанды Үргеніш ешқандай жөнге келмейді. Өзіне еншілі Хорезм аймағының бас қаласы, халқы мол, базары дулы, сарайлары сәнді, ертегілік шаһарды қадарынша бүтін, қирамаған жағдайда, адамын да артық шығынға ұшыратпай қолға түсіруге тырысқан Жошының бар әрекеті жоққа сайыпты. Қарсылықсыз берілген қала атаулы ешқандай қиянатқа ұшырамайтын рәсім бар, менің иелігіме бөлінген жұртты өз қорғауыма алам деп, шаһар басшыларына әлденеше мәрте елші жіберсе де, мәмлеге көндіре алмапты. Әйтсе де, үміт үзбей, екпінді шабуылға кеңінен жол бермей отырғаны аңдалады. Осы орайда Жошы мен дәулетті, әйдік, ең бастысы – жаулас жұрттың астана байтағын тезірек алуға тырысқан тетелес іні Шағатаймен арада алауыздық туындағаны, бұл хабар құлағына шалынған Шыңғыс ханның үлкен ұл Жошыны бас қолбасылық мәртебесінен айырып, негізгі міндетті үшінші ұл Өкетайға тапсырғаны белгілі. Енді ең соңғы сәтте иліккен жұрттың өзіне ешқандай рақым жоқ еді. Үш ай қорғанған Үргеніш айналасы бір аптада құлайды, әскері ғана емес, қарашы жұрты да жаппай қырғынға ұшырады, бұдан да зоры – Жейхұн дарияның арнасын бұрған алып бөген бұзылып, байтақ шаһар топан су астында қалады. Ендігі ел иесі үшін үлкен өкініш, орны толмас шығын. Қайткенде, кейінірек қадарынша қайта тұрғызылған Үргенішпен қатар, ежелгі Хорезм патшалығының ұйықты, тұтас бір аймағы Жошы ұлысының құрамына қосылған еді. Алтын Орданың ырысты, байлығы шалқыған тірек аймақтарының бірі және бірегейі.

Мәуреннахр, Хорезм тарабындағы негізгі мақсатына жеткен Жошы Үргеніштегі көлеңкелі күндерден соң қаған әкенің алдынан өтіп, рұқсат, ризашылық жөнімен Сары-Арқаға біржола орнығады. Бас ордасын Ұлатауға тігіпті. Және бүткіл Дәшті-Қыпшақ өлкесін болашақ ұрпағының құтты мекені ретінде қабылдайды. Осы орайда айтқан әйгілі лепесі бар. Ауасы хош, суы тұнық, жері жайсаң Дәшті-Қыпшаққа жетер қоныс –әлемде жоқ, деген.

Хорезм империясының ғұзырындағы Мәуреннахр біржола тыншып, Иран мен Ауғанстан, Хорасан мен Тоқарстан жуасып, күні кешегі алып империя Ұлы Хорезм жоққа айналған соң, бар мұраты орнына келген жихангер Шыңғыс хан ата жұрт Татар Даласына бет бұрады. 1222 жыл, желтоқсанның ақыры. Самарқанд түбінен. Бар әскері, Орда, ұжымымен. Жайыла жылжыған байсал жүріс. 1223 – қой жылы, қыстың соңы, көктемде Шыршық, Келес бойында. Жазда – Жетісу, күзде Ала-көл, Еміл. Бір сөзбен айтқанда, кейінгі Қазақ жері. 1224 жылы көктемде шығысқа қарай біржола бет бұрыпты. Ал Жошы өз ордасы, бар жасағымен жаңа жұрты Шығыс Дәштіде қала берген.

Айтқанымыздай, бас Ордасы Ұлытауда. Тек Шығыс Дәшті мен Хорезм уәлаяты ғана емес, өзіне өкілет берілген Мәуреннахр, Жетісу – бүткіл Батыс аймақтың ағасы. Ұзын арқандағы дербес әмірші есепті. Ендігі бағдар – Еділдің арғы беті. Алдағы мұрат. Бірақ әзірше құдіретті қағанның арнайы жарлығы жоқ. Бірақ дайындық шаралары тоқталмаса керек. Күш жинап жатыр. Соның бір көрінісі – 1226 жылғы Таңғұт жорығына әскер қоспайды. Әрине, ұлы қағанның рұқсаты бойынша.

Ақыры, Дәшті-Қыпшақ әмірі, болашақ Алтын Орданың негізін дәйектеген Жошы 1227 жылы қыс соңында көлденең қазаға ұшырапты. Төтенше сырқаттан емес. Ілгерінді-кейінді шыққан әрқилы алыпқашпа әңгімелердің де ешқандай тарихи тиянағы жоқ. Даладағы аңшылық кезінде, қайыра шапқан құлан (анығы – тарпаң) айғыры тапап өлтіргені қазақтың тарихи аңыздарында айғақталған. Бұл деректі негіздей түсетін жазба куәлік те бар – Өтеміш қажы – «Шыңғыс-нама». Кет-Бұқа күйші Жошының қайғылы қазасын Шыңғыс ханға естіртіпті дейтін «Ақсақ құлан – Жошы хан» күйі, әсерлі аңыз, толғамалы жырымен қоса күні бүгінде дүйім қазаққа мағлұм. Жошы ханның басында, ауыр қазадан соң аз ба, көп пе уақыт өткенде, бәлкім, біршама кейін, Берке хан тұсында жаңартылған, заманынан озған еңселі, сәулетті күмбез тұрғызылады. Қазақ жеріндегі, өткен даңқты тарихымыздың айғайындай қастерлі ескерткіш Сары-Арқаның төрі, Ұлытауда, Кеңгір өзенінің бойында тұр.

Біз 2011–2015 жылдар мұғдарында жазған төрт томдық Шыңғыс хан эпопеясында кейінгі ұрпақ айрықша ұлықтаған Жошы ханның да бар болмысын біршама бажайлап жазған едік. Енді жаңа кітап – Алтын Орда тарихының тұтастығы үшін қысқаша қайталап еске салуға тура келді.

Батыс Дәштіге барлау

Жошының 1218 жылғы, Шығыс Дәшті жорығы Меркіт соғысынан кейін бейбіт аяқталуға тиіс еді. Ойламаған жерде, амалсыз жағдайда Хорезм әскерімен қақтығыс туындады. Кейінгі тарихта айтылатындай, тепе-тең майдан емес. Ибн әл-Асирдің нақты жазуынша, ойсыраған шығынға ұшыраған Ала-ад-Дин Мұхамед келесі таңдағы ықтимал және алапат ұрыстан бой тартып, түн жамылып, жылыстап қашады. Яғни, сөзсіз жеңіліс. Ол да ендігі қажетсіз шайқасты қаламаған, бірақ алғашқы күнгі жеңіске сенімді Жошы да ат басын өз еліне қарай бұрады. Бұл кезде бес жүз түйелік бейбіт керуені тоналып, төрт жүз елу қосшы ғана емес, екі мәрте елшілігі де қазаға ұшыраған Шыңғыс хан құдіреті күшті, ант бұзған Хорезм патшалығына қарсы соғыс қамына кіріскен. Шамасы, арада екі ай өткенде ұлы қағанның алдына жеткен Жошы мен Сүбітай, және оларға тетелес жиырма мыңбасы бахадұр, нояндар Ырғыздағы ұрыстың мән-жайын тәптіштеп айтпақ. Әлбетте, онсыз да өзіне, халқы мен әскеріне сенімді Шыңғыс хан оқыс жеңілейді. Алдағы зор майдан, сөз жоқ, ауыр, бірақ ұтымы анық.

1219 жылдың көктемі, Ертіс пен Еміл, Іленің орта ағысына жеткен қалың қол жаз бойы тынығып, күзге қарай салқар шеруге түседі. Желтоқсан айының бас кезінде Хорезм империясының шеткі шаһары Отырардың түбіне келіп шоғырланды дедік. Сайыпқыран қолбасы, данагөй көсем Шыңғыс хан алдынала шамаласа керек, хорезмшах Ала-ад-Дин Мұхамед шешуі шайқас, үлкен ұрысқа дауаламайды. Бар әскерінен айрылып, бірден-ақ жер боларын байыптаған. Жаңа стратегия бойынша, берік қамалды әйдік шаһарлар әрқайсы жеке-жеке қорғануы шарт. Мәжуси көшпенділердің тісі батпауға тиіс. Бірақ бұл – ескірген мағлұмат еді. Шүржен майданынан соң Шыңғыс хан әскері қамал бұзудың жаңа тәсілдеріне жетіккен болатын. Бұрнада жазғанымыздай, ілкіде айтқанымыздай, енді қандай да берік бекініс бөгет емес.

Ұлы қаған Отырар түбінде Шағатай мен Өкетайды қалдырып, Жошыны Сейхұн – Сыр-дарияның еңісіне бағыттап, өзі орталық түмендермен Қос-өзен алқабына бойлап енеді. Әуелі, үлкенді-кішілі кенттерді айтпағанда, әскері мол, қамалы қапысыз Бұхара құлады. Келесі кезекте – Ұлы Хорезмнің жаңа астанасы Самарқанд тұрған. Жүз он мың сарбазы бар мызғымас бекініс. Бірақ көреген қағанның бар есебі түзу. Екінші күні таңда, әлі қоршалау басталмай тұрған кезде бір түмен әскермен Сүбітай-бахадұрды аттандырады. Келесі, әлде арғы күні тағы да бір түмен жасақпен Жебе-ноянды жорық жолына бағыттайды. Мақсат – Еке ұлыс қарулы күштері ел шетіне жеткен кезде бетпе-бет ұрысқа шыдамай, астана Самарқандтан безіп шыққан Ала-ад-Дин Мұхамедті қолға түсіру болатын. Бұл кезде хорезмшах Жейхұн дариясының арғы қабағы, Мерв пен Балх аралығындағы шағын бір кентте аңыс аңдап отырған. Соңынан қуғын түскенін білген соң, ары қарай қашады. Үлкен патшалығының ішкі өңіріне. Бұдан соң одан әрі, тағы бір қиырға. Сүбітай-бахадұр мен Жебе-ноян кейде бас қосып, көбіне әрқайсы өзінше, хорезмшах жүріп өтіпті, бара жатыр, немесе тығылып отыр деп шамаланған қаншама өлке – Хорасан, Парсы-Ғирақ, Мазендаран, Түстік Әзірбайжан және іргелес тағы соншама өңірді жаппай сүзіп шығады. Жай ғана жүріс емес, тынымсыз майдан және аталмыш өлкелердің сөзсіз бағынышы. Жаңадан әскер жинауға мүмкіндігі жоқ, қайда барса береке таппаған, патшалығынан ғана емес, шыбын жанынан да түңілген хорезмшах тірідей қолға түспейді, ақыры Хазар теңізінің түстік беті, Әбескүн жағалауында әлдебір иесіз аралда құса мен қорлықтан өлгені белгілі. Әзірше, өлмесе де есептен тыс.

Енді Шыңғыс хан Жебе-ноян бастап, Сүбітай-бахадұр қостаған екі түменді Қапқаз асып, Батыс Дәштіге өтуге бұйырады. Адамзат соғыстары тарихында теңдесі жоқ ұлы жорық өзінің негізгі бағдарына түсіпті. Жолай Армения мен Грузияны бар қуатынан айырып, бұдан соң Ширван шатқалы арқылы Терістік Қапқазға өтеді. Жолай тар қапшағайда бекінген алан әскерін талқандайды, әуелде бұларға қосыла соғысқан қыпшақ жасағымен түсіністік табады. Бұдан соң кең дүние – Терістік Жазыққа шығыпты. 1222 – Тауық жылы, мамыр айында.

Осы орайда, мұсылмандығы күшті, «дінсіз жабайыларды» жек көретін Ибн әл-Асирдің Татарлар күні кеше ғана, сендер мен біз – ағайындас бір жұртпыз, өзара жағаласатын жөніміз жоқ деп, аландардан бөліп жіберген қыпшақты соңынан қуа шығып, түгелдей қырғынға ұшыратты дейтін лепесі мүлде қисынсыз. Көпе-көрнеу алдамшының қандай да сөзіне бұдан кейінгі жерде кім сенбек. Керісінше, осы әуелгі қыпшақпен біржола одақтасқан сияқты. Осыдан соң жауласа жүріп, жекелеген басқа да топтармен тіл табысқан реттері байқалады. Жалғас кезеңде Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұр әскерінің құрамында қыпшақтардың көп болғаны туралы нақты деректер бар. Сондай-ақ, әр тараптағы қыпшақпен өзара шайқас та біршама орын алған. Түбі бір туыс дегенмен, әзіргі ел-жұрттары бөлек. Және баяғы Түрік қағанаттары дәуірінен бері тіл мен дәстүр, салтта азды-көпті айырым белгілер пайда болған. Қайткенде, Шығыс пен Батыс – екі жұрттың алалығы біршама. Қыпшақ үшін ауыр шығын, үлкен дүрбелең. Біз бұдан бұрынғы «Шыңғыс хан» тетралогиясының үшінші кітабында бұрынғы-соңғы бүткіл Қыпшақ ахуалы, Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұрдың Батыс жорығы туралы бажайлап жазғанбыз.

Ақыры, ойран-топан болған қалың қыпшақтың бір тарабын билеп отырған Күтен хан іргелес жұрт, үйреншікті жау, қайткенде аралас, әрі құданда Орыс кінәздіктерінен көмек сұрайды. Кейінгі тарихтан әйгілі Күтен хан.

Көпшілігі қыпшақ нағашылы, бұрнағы әжелері мен кейінгі аналарын айтпағанда, өздері де қыпшақ қыздарынан алып отырған, көбінің түрі орыс емес, дала жұртына бейім, екі тілге бірдей жетік орыс кінәздері түп көтеріле аттаныпты. Жиыны бір жүз үш мың қалың қол. Ал қыпшақтар... Күтен ханның шеткері ұлысынан құралған әскер саны анық оң мыңға толмаған сияқты. Бәлкім, бес-алты-ақ мың. Күтен ханның өзі де, әлде бұрнағы соғыстан жарадар, әлде жүрегі дауаламаған, Галич кінәзі, Ақжолтай атанған Мстислав Удатныйдың сарайында, кінягиня қызының қасында қалыпты. Ал азғана әскеріне орыс воеводасы сайланған екен.

Қысқасы – әйгілі Қалқа ұрысы. 1223 жыл, 31 май. Зор майдан, қисапсыз қырғын. Кейінгі орыс тарихшылары қалай бұрмалап, қайтіп мипаздаса да, ақырғы нәтижесі даусыз: орыстың жүз мыңнан астам әскері жиын саны өздерінен бес есе кем жат жұрттық жасақтан қирап жеңіледі. Жай ғана жеңіліс емес, түгелге жуық қырғын тапқан. Заманындағы орыс жылнамаларының куәлігі бойынша, қиян далаға аттанған әскердің оннан бірі ғана аман қайтыпты. Кемі тоқсан мыңы қазаға ұшыраған. Әдетте, әркім өзіне тартады, тіпті, он мың емес, бес-алты мыңы ғана бас сауғалауы мүмкін. Ұрыс үстінде, қуғын кезінде өлгендері өз алдына. Татарлар тірі тұтқын алмаған. Тіпті, қоршауға түсіп, ақыр түбінде шөл мен аштықтан азып-тозып, қарсылықсыз берілген Киев жасағы – ұзын саны қырық мыңнан астам жауынгер түгелдей қылышқа шалынады. Өйткені... орыстар осының алдында ғана, аралық мәмлеге жүрген елшілерді түгел өлтірген екен. Далалық ұғым, Шыңғыс ханның «Жасақ» заңы бойынша, бейбіт елші атаулыға қиянат тек қанмен ғана жуылуға тиіс, кешіргісіз қылмыс.

Ал қыпшақтар... Күтен ханның жасағы алғы шепте тұр екен, таңғы, тосын шабуыл басталғанда ауыр шығынға ұшырайды, әйткенмен, жүйрік аттарының арқасында көпшілігі аман құтылған сияқты. Бұл қыпшақтар, өздері қашып бара жатып, олар да жан сақтау амалындағы орыс тектілерге шабуыл жасады, жағалай өлтірді, ат-әбзелдерін олжалады, деп жазған сол замандағы жылнамашы мен кейінгі тарихшылар. Бұрын да аяусыз соққы көрген, енді ортасынан ойылған қыпшақ аламандарының өкшелей қуғын, жаппай үркін кезінде тезірек бой жасырудан басқа қамы болмаса керек. Бірақ жылнамашының тосын дерегі – шындық. Тек орыспен бірге аттанған қыпшақ емес, бұрнада татарға қосылған қыпшақтар. Яғни, Жебе-ноян мен Сүбітай әскерінің құрамындағы. Бұлардың саны тым көп болса керек. Өйткені, қашқын орысты қуғындасып шыққандар өз алдына, осы жаппай қырғын кезінде әуелгі берік шептері, қырат үстінде қоршауда қалған қырық мыңдық Киев жасағын тұмшалап, күзетіп отырған тағы да қыпшақ аламандары екенін көреміз. Қисынына қарағанда, әлденеше мың. Сығар хан мен Тешу хан (Цыгаркан, Тешюкан) бастаған екі топ. Кейінгілер аңдамаған төтенше жағдаят.

Қалқа ұрысынан соң Еке Моғұл әскері қашқан жауды одан әрмен қудалап, орыс жеріне бойлай еніпті. Бұдан кейін алды, артын жинақтайды. Ақыры, Батыс Дәштіні түгелге жуық адақтаған ұзақ сүргіннен соң кері бұрылыпты. Келген жолы Қапқаз арқылы емес, Еділ бойын барлап барып. Жолай қуатты Бұлғар ұлысының қалың әскерін талқандайды. Ақыр соңы Еділден асып, Жайықтан өтіп, Сары-Арқа – Шығыс Дәштіге жетеді. 1224 жылы, жазға салым. Жебе-ноян мен Сүбітай-бахадұр, тақ мұрагері, осы кезде, тәрізі, Ұлытауда орда тіккен Жошының алдынан өтіпті. Бұдан әрі Еміл бойында отырған Шыңғыс ханның дәргейіне тағзым қылып, бар жағдайды баяндайды.

Есебі, Еділдің арғы беті, әзірше аяқ жетпеген Қарпат тауы мен Дунай-дарияның етегіне дейінгі бүткіл Шығыс Еуропаны кернеп отырған туыстас қыпшақ жұртының барлық жағдайы мағлұм болды. Енді ұлы қаған киіз туырлықты көшпенді түрік жұртының қиыр батыс бөлігін Еке Ұлыс құрамына қосу мәселесін күн тәртібіне қояды. Алайда, бұл кезде Шүржен қайта тіріле бастаған, Таңғұт бас көтерген. Яғни, Шығыс атыраптағы күрделі жағдаят ең алдымен шешілуге тиіс. Бірақ Батыс тарап та ұмыт қалмаған. Әзірше үлкен ұл, ел иесі Жошы қолда тұрған Шығыс Дәштіге біржола орнығуы қажет. Және, көп ұзамай арттан жеткен әскермен қуаты толыққан соң Ақ Жайықтан өтіп, жайқын Еділге аяқ басуға тиіс...

 

(жалғасы бар)

 

 

Пікірлер