"Біз онымен мақтанамыз!" Аққанат Смағұлова қазақ биімен әлемдік сахнаны мойындатты

1105
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандық кәсіби биші, бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты Аққанат Смағұлова Германияда өткен халықаралық хореографиялық жарыста топ жарды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы «Гүлдер» ансамблінің әртісі Аққанат Смағұлова 2024 жылдың 20 ақпанында Германияда өткен «TANZOLYMP» беделді халықаралық хореографиялық байқауының алтын медаліне ие болды. Бұл туралы бірінші болып өнерпаздың ұстазы Анвара Садықова әлеуметтік желідегі парақшасында сүйіншіледі.

«TANZOLYMP» фестиваль-байқауы жыл сайын өткізілетін беделді хореографиялық байқаулардың бірі.

Аққанат Смағұлованы байқауға дайындаған «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова және Қазақ Ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы Алмат Шәмшиев. Олардың қойылымында Аққанат байқауда «Аққу» биін және «Ерке бала» атты екі нөмерін ұсынды.

800-ден астам өнерпаз бақ сынаған байқауда 34 қатысушы іріктеуден өтіп, Гала-концертте өнер көрсетті. Ал Аққанат Смағұлова — Гала-концертте "Халық биі" номинациясы бойынша өнер көрсетуге мүмкіндік алған жалғыз өнерпаз.

"Біз үшін дүниежүзілік аренада Қазақстанның намысын қорғау - үлкен бақыт.  Қазылар алқасында 21 адам болды. Түгелдей әлемнің "сен тұр мен атайын" деген өнерпаздары мен мықтылары жиылған. Осындай беделді бәсекеде Аққанат жоғары деңгейде өнер көрсетті. Өз беделін ғана емес "Гүлдер" ансамблінің беделін, қазақ елінің абыройын жеткілікті деңгейде қорғап шықты. Біз онымен мақтанамыз" деді Анвара Садықова.

Аққанат Смағұлова – Қазақ Ұлттық хореография академиясының түлегі. Аталмыш оқу орнының бакалавриатын былтыр тәмәмдаған. Төрт жылдай «Астана Балет» әртісі ретінде жұмыс істеп, кейін «Гүлдер» ансамблінің қатарына қосылды.

"Аққанатың алғашқы ұстазы Алмат Шердарұлы болды. Аққанатың қанатын самғатып, Шара Жиенқұлова атындағы V Республикалық қазақ биі байқауына алғаш қатыстырған сол кісі болатын. Кейін Алмат Шердарұлының шақырумен мен де Аққанатпен жұмыс істей бастадым. Осылай үшеуіміз бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға биыл 5 жыл болады. Тіпті пандемия уақытында да бірталай еңбектендік. Өнерімізді таспалап түрлі онлайн байқауларға қатысып жүрдік. Сол уақытта 30-дан аса халықаралық би байқауының жеңімпазы атанды. Әр байқау біз үшін бірінші рет сахнаға шығып тұрғандай әсер береді. Бұл жай қарайтын дүние емес. Өте тыңғылықты дайындықты қажет етеді. «TANZOLYMP»-тің өзіне 2 ай уақыт дайындалдық. Біз жеткен жетістіктер маңдай тердің, ерен еңбектің арқасы" деді Анвара Садықова.

 

 

 

 

Пікірлер