Түрмеден жолданған хат

4736
Adyrna.kz Telegram
Азат Кәрімнің Facеbook парақшасынан
Азат Кәрімнің Facеbook парақшасынан

Бөтеннің мүлкін жымқырды деген айыппен қамауға алынған кәсіпкер, лингвист маман Азат Кәрім түрмеден хат жолдаған. Кәсіпкер өз хатында Қытайлық компаниямен серіктес болып, артынша алданып қалғанын айтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сондай-ақ ол өзіне жалған жала жабылып, түрмеде жазықсыз отырғанын да жазады. Бұл туралы ақын Тоқтарәлі Таңжарық өз Facebook парақшасында жариялады.

ТҮРМЕДЕН ХАТ

Бәрі 2014 жылдың соңында Серік Кененбайдың Қазақстанда бизнес істегісі келеді деп Jing Honglin, Miao Jianling, Liu Jun, Tang Qing атты Қытай азаматтарымен таныстырудан басталды.

Аталған шетелдік азаматтар менің фирмамның құрылыс заттарымен айналысатынын, қолымда техникаларым бар, жағдайымның жақсы екеніне көз жеткізген соң Астанадан бірлесіп газоблок зауытын салуды ұсынды. Қытай тарапы 90%, Қазақстан тарапы 10% үлесін бірлесіп істейміз деп уағдаластық. Инвестицияны ҚХР-дан алғаннан соң Қазақстандағы жұмыстарды бастадық.

26.05.2015 ж. Астанада «Rongshun Astana Building Materials CO.LTD» атты фирманы Бөгенбай даңғылы, 28-үй мекенжайындағы менің офисіме тіркедік. Осы ретте ерекше ескерте кететін жәйт: Фирма құрғанда өзге қытайлық азаматтар Астанада болмағандықтан, олардың сенімді өкілі ретінде, кейін қайтарып беретін болып, қытай тарапына тиісті 90% үлес Лю Жунге (Liu Jun) жазылды. Жаңа фирма құрмас бұрын қытайлық серіктестермен бірлесіп зауыт салатын жер іздеп, «Тараз жол құрылысы» ЖШС-ның №101 көшедегі ескі өндіріс базасын барлық жағынан қолайлы деп сатып алып, оны «Кахан Сервис» ЖШС-ның балансына тіркеген болатынбыз. Бұл тіркеуді Астана қаласы әкімдігінің Жер басқармасында қайтадан тіркеткенбіз.

27.05.2015ж. «Nantong Rongshun Building Materials.CO,LTD» «Rongshun Astana Building Materials CO.LTD» және «Кахан Сервис» ЖШС арасында №1/05-15 келісімшарты жасалып зауыт салу жұмыстары ресми басталды.
Қытайлық кәсіпкерлермен жұмыс істегендер біледі, олардың көбі жұмысты барынша тез істейді, қаржыны барынша үнемдеуге тырысады. Менің қытайлық серіктестерім де сондай болды. Төрт қытайлық серіктесім Астанада алмакезек тұрып, әрбір тиынды қадағалап қана қоймай, құрылыс жұмыстарын тездетуді қузап отырды. Біз өз тарапымыздан құрылыс, құжат, салық, қаржы және өзге де ұйымдастыру жұмыстарын барынша жылдамдатып шешіп отырдық. Шын мәнінде жұмыстың барлық ауырлығы бізге түсті. Басында $22.050.000 (АҚШ доллары) қаржы саламыз деп инвестициялық лицензия алған қытай тарапы 06.2015-08.2017 жж. кезеңінде зауыт салынып болғанша 429.282.063,36 тг. ғана жіберді. Сондықтан құрылысқа қажетті қаржы жетіспей қиындықтар туындады. Қосалқы мердігерлерге қарыз болдық. Өзіміздің техникаларымыздың жұмыс ақыларын тіпті есептемедік (менің екі жүк артатын техникам (погрузчигім) қазірге дейін Лю Жун иелігіндегі зауытта жұмыс істеп жүр, онымен есептесу керек екенін ұмытып кеткен секілді). Қаржы жетпегендіктен достарым мен туыстарымнан қарыз да алдым, тіпті кредит ресімдеу үшін өз басымдағы пәтерімді банкке кепілге қойдым (Форте банктегі ол кредитті әлі күнге дейін төлеп келемін). Менің бар ойым зауытты тезірек өндіріске қосу болды. Құрылысқа қажеттті қаржы жетіспегендіктен арамызда түрлі келіспеушіліетер де орын алды. Әсіресе А. Оразбаев оларға «Келісімшартты орындамай жатырсыңдар» деп үнемі ескертумен болды. Қытайлық серіктестерім осыдан бастап ішіне кек сақтады деп ойлаймын. Тырысып-тырмысып істеп 2017ж. күзге қарай зауытты өндіріске қостық.

Мәселенің үлкені осы кезде басталды. Лю Жун Қажымқан Мәсімовті (Кәрім Мәсімовтің марқум әкесі) «жаңа серіктесіміз көмектеседі» деп алып келді. Олар «Көмектесіп қаржы саламыз, өндірістеріңді кеңейтеміз, бірақ бізге кепілдікке «Кахан Сервис» ЖШС-ның 51% үлесін жазып берулерің керек» деп шарт қойды. Қанша қарсы болсақ та, Лю Жун жабысып тұрғандықтан, үкімет басындағы ықпалды адамның әкесінің айтқанынан аса алмадық. Қорқытып-үркітіп, алдап-арбаумен 51% үлесті жазып алған соң сыртымыздан жалған құжаттар жасап, «Кахан Сервис» компаниясына тиесілі жерді қытай тарапына толық өткізіп жіберді. Лю Жун мен олардың арасында қандай құпия келісім болғанын білмеймін, бірақ Лю Жун содан бастап қалған қытайлық үлескерлерді де, мені де алдай бастады. Нотариалды түрде қайтарып берген «Rongshun Astana Building Materials Co.LTD» фирмасының әуелден маған тиесілі 10% үлесін тіркеуден өткізуге асықпады. Қ.Масимовтің көмекшісі Сапаргүл Жабағайлықызы тіркеп беремін деп уәде беріп еді, ол да сөзінде тұрмады. Осы туралы тергеуші А.К.Ибраевқа беттестіру жаса деп талап қойып едік, ол да орындалған жоқ. Бұл әділетсіздікке төзе алмай, 2017 жылдың соңында сотқа жүгіне бастадық, Алғашында мен «жәбірленуші», ал Лю Жун «жауапкер» ретінде соттасып жүрдік. Көптеген сот отырыстары өтті. Әуеліден «Зауытты кім салды? Қандай ақшаға салынды? Өндіріс іске қосылғаннан соң пайдасын кім көріп отыр?» деген сұрақтардың мән-жайына қаныққан соң сот аяқталар, мүдделер бөлінісі анықталып, бәрі орнына келер» деп ойладым. Алайда менің ойлағанымдай болмады. Әркім өз мүддесін көздеп жан-жаққа тартқылай бастады. Маңайымдағылардың Абай айтатын “дарул харап” екенін білдім. Сонда да әділетке деген сенімімді жоғалтпай, қытайлық серіктестен үлесімді, есемді қалай да қайтарып аламын деп жүрдім. Өкініштісі түрлі келеңсіздіктер, сорақылықтар көбейе берді…. Соның бірі - 2023ж. 20 сәуірде Қытайдан іссапардан қайтып «Қорғас» кеден бекетінен кіргенде тұтқындалғаным. 1 сәуірде Астанадан Бейжіңге ұшардың алдында тергеуші А.К. Ибраевқа Қытайға іссапармен баратынымды, ондағы қытайлық үлескерлермен кездесетінімді айтқан болатынмын. Өзі «бара бер» деген болатын. Енді ойласам, Қорғастан қайтпай Астанаға ұшып келгенімде 30 қараша емес, сол 20 сәуір түрмеге қамалар ма едім?!

Қанша сорақылық, заңсыздықтар болса да тергеушілердің әділеттікке көздері жетпей жүр ғой деп ойлап, барлық шынымды айтып, уақыт бөліп барып жүрдім. Кейде орыс тілінде жазғандарын жете түсінбесем де еш қастығы болмас деп қол қойып бере бердім. Тура сондай бір шақыртуды 30 қарашада сағ. 20:00 белгіледі. Қаперімде түк жоқ, айтылған уақытта зауытқа қатысты құжаттарды алып бардым, бірақ бұл жолы тергеуші А.К. Ибраев пен Д.Құнанбаев өздерінің жазған қаулысын көрсетіп «күдікті-айыпталушы ретінде тұтқындалдың! Қол қой!», -деді. Мен аң-таң болдым. Жақындарыма хабарласып тұтқындалғанымды айтайын, жұмыстарымды орналастырайын дегеніме көнбей сумкамды (портфель), екі телефонымды, жеке куәлігімді, банк карталарым мен әмиянымды тәркілеп, қолыма кісен салды да алды-артыма қаратпай уақытша ұстау изоляторына (түрмеге) тоғытты. Содан бері конституциялық бостандығым шектеліп, ар-ожданым тапталып, қорлық көріп келемін.

Адвокат алғашында 48 сағат ішінде босатады деп еді, олай болмады. Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы А.И.Исаева «Қолымда маған қарап отырған ер жетпеген 4 балам, қарт анам бар, сөзсіз аяқтауға тиісті жұмыстарым бар, пәтерім бар, керек болса кепілдікке қоятын мүлкім де бар, отаншыл жүрегім бар. Мені үйқамаққа шығарыңыз» деген өтінішіме құлақ аспады. Тергеуші А.К.Ибраевтың «Шетелге қашып кетуі мүмкін. Тергеуге кедергі келтіруі мүмкін» деген уәжімен екі айға түрмеге отырғызуға шешім шығарды.
2017 жылдан бері соттасып жүрсем қайда қашамын? Елім-жерім деп Қытайдан келгеніме, қандай жұмыстар істегеніме қарамай ма? Полицияға қандай кедергі жасай аламын? Абсурд. Сорақы шешім не үшін жасалды?
Түрмедегі ар-ождан тапталуын, қорлықты айтпай-ақ қояйын! Бірақ, мен секілді алғаш екі аймен кіріп, жылдап тергеліп, әлі сотқа жете алмай жүргендердің мынадай сөздерінің маған өте ауыр ой салғанын айтпауыма болмайды. «Мұнда кірдің бе, енді шығармауға тырысады. Қылмысың болмаса да қашан «жаңа қылмыс» тапқанша түрмеде отыруыңды бір ай, екі айдан ұзарта береді.» Олар «адам болса қылмыс табылады» деген қасаң принципке сенеді. Қазір оларға статистика керек, шендерін өсіру керек…. Сенің «қылмыстық құрамы жоқ» деп жабылып қалған ісіңнің қайта-қайта қолға ала бергенінің сыры осы. Саған жала жабушы Лю Жун деген қытай өзге қытайлардың ақшасын да иеленіп кетсе, оның үстіне 6 жылдан бері газоблок өнімінің пайдасын бір өзі көріп, қомақты ақшасы болса, жағдайың тіпті қиын болады»
Айтқандай-ақ сот Г. Ибрашева 2024 жылы 25 қаңтарда түрмеде ұстау мерзімін бір айға, ал 21 ақпанда тағы бір айға соза салды. «Мына жерде мен ешкімге керексізбін, екі айда бір де бір тергеуші келген жоқ. Үкіметтің бюджетін орынсыз шығындамай мені үйге шығарыңдар, онда балаларым, қарт анама керекпін. Шығынға кетіп жатқан жұмыстарым бар, ертең бала-шағамды кім бағады? Жұмыскерлеріме еңбекақыны кім таратады?» деген уәжіме де, адвокаттың мені тұтқындаудың өзі мүлде заңсыз екенін дәлелдегеніне де қарамады. Содан ауыр ойға (шомдым) баттым.
2017 жылдан басталған соттасуларды есіме алдым. Қалай «жәбірленушіден» «күдіктіге», «күдіктіден» «айыпталушыға» айналғанымды, қалай түрмеге түскенімді ойладым. Жалақорлардың енді менен «қылмыскер» жасап, мүлкімді тәркілеп, өзімді лагерге жіберу ниеттері бар екеніне еш күмәнім қалмады.

Бейжіңде университет тәмамдап, Қытай Орталық радиостанциясында жұмыс істеген, одан елім-жерім деп отаншылдықпен Қазақстанға оралған зиялы ретінде, қазірге дейінгі өмір жолымда ешкімнің ала жібін аттамаған, бар жетістікке өз еңбекқорлығымның арқасында жеткен бизнесмен ретінде, бір алаяқ қытайлық азаматтың жаласының, мерез жемқорлықтың, науқаншыл статистиканың шынымен құрбаны болып кетемін бе? Ойлана келе барлығын көпке ашық айтуды шештім. Көптің бір аты - Құдай. Әділет сіздерден келер. Көмек күтемін.
(1) Астана қаласының Байқоныр ауданы ПБ тергеушісі А.К. Ибраевтың алаяқ, жалақор Лю Жуннің арызын қабылдап тіркеуінің өзі заңсыз. Себебі: Қытайдың «Nantong Shuntu International Trade Co.LTD» компаниясы арқылы Қазақстанға жиыны 429282063,36 теңге инвест сома кірді. Ол компанияның иесі - Jing Hongling. Оның өзі Лю Жун алдап кетті деп соттасып жүр. Сонда мен қалай Лю Жуннің 440.041.750 теңге ақшасын жымқырған боламын? Керісінше Лю Жуннің өзі өзгелердің ақшасына салынған зауытты иеленіп серіктестерін сан соқтырған, оларға жала жапқан күдікті қылмыскер болып шықпай ма?

(2) «Кахан Сервис» ЖШС атынан салынған газоблок зауытын 29.12.2017 ж. мемлекеттік реестерден өткізіп (реестр №2412П) тіркегенде құрылыс-монтаж жұмыстарына 411.589.967,96 теңге жұмсалды деп жазылған. Сол кезде бәрі тексерілген. Марқұм Қажымқан Мәсімовтің адамдары да болған. Бағалап-есептеу (оценка) фирмасы базар бағасы 1.117.593.796 теңге тұрады деп анықтама берген, ол да бар. Осы зауытты алаяқ Лю Жун 2017 жылдан бері иеленіп, өндірген газоблокты сатып пайдасын көріп келеді. Сонда қалай мен 189-бап бойынша бөтеннің мүлкін жымқырған болып айыпталуға тиіспін? Парадокс!!
(3) Серіктестік басталған күннен бастап қытайлық үлескерлердің біреуі болмаса, біреуі үнемі Астанада, жанымызда жүрді. Әрбір тиынның шешіміне араласып отырды. Сонда бізге қандай ақшаны сеніп тапсырған болады? Біз өз ақшамызды қосқаннан басқа олардың қандай ақшасын жымқырыппыз? Әуелі бізге сеніп көріп пе өздері?
30 қарашада түнде мені асығыс тұтқындап түрмеге қамаудың енді бір сыры былай деп ойлаймын: қалған қытайлық үлескерлер 6 желтоқсанда Астанаға келеміз деп маған қоңырау шалған. Олар осы жолы келгенде Лю Жуннен газоблок зауытындағы өздеріне тиісті үлестерін жаздырып алмақші еді. Үлестерін бермей бұрынғыдай түрлі сылтау айтып алдаусыратса, сотқа беруді ұйғарған. Ал үлестерін жаздырып берсе, толық аудит жасап 7 жылдан бері газоблок сатудан түскен пайданы сұрамақшы болған. Алаяқ Лю Жун олардың менімен бірлесіп кетуінен қорқып, мені қаматып отыр. Сонда мені қаралап, оларды алдап тіл табысу оңайырақ болмақ. Менің осы болжамым рас болса, біздің полицейлер кім үшін жұмыс істеп отыр? Осы арадан сыбайлас жемқорлық көрініп тұрған жоқ па? Біздің құқық қорғау саласындағылар, ҰҚҚ, Лю Жуннің маңындағы оралмандардың кімге қанша пара бергені туралы айтып жүрген ақпарат неге тексерілмейді? Өзі шошқа бола тұрып өзгені итке балап, сүйек-саяқпен алдамақ болған, «барлығын сатып аламын» деп ашық айтып жүрген, қазақ қыздарын қолжаулық етіп, әлеуметтік ортаны бүлдіріп жүрген Лю Жунді неге тексермейді? Біздің дауымыз себепті 2021 жылдан бері жалпы құрылыс-монтаж сараптамасын жүргіземін деген тергеуші А.К. Ибраев неге әлі сараптамасын жүргізіп болмайды? Біз өзіміз сараптама жүргізейік десек, «Қытай зауытқа кіргізбейді» деп алаяқ Лю Жуннің алдына неге дәрменсіздік танытып бейшара болады? Керісінше мені қаралаған 02.12.2023 ж. сорақы қаулысында қытайлық серіктестермен жұмыс бастаған 2015 жылы «ақша жымқыру жоспарын жасаған» деп қалай ғана құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай жала жабады? Екі жылдан астам уақыт жұмсап, қарызға белшеден батып жүріп зауыт салғанымызды, ол зауытқа Лю Жуннің ие болып, пайдасын көріп отырғанын біле тұра, банк шотынан өткен барлық ақшаны «жеп қойды» деген сорақы жаланы қалай оңай жаба салады?
Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар дейді. Лю Жуннің иесі кім екені белгілі. Менің тәңірім - Көп. Көптің бір аты-Құдай! Көптен көмек, араша әділет сұрап отырмын. Бәріміз-біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін, құқығымыз үшін, әділет үшін күреспесек жаңа, әділетті Қазақстан ешқашан болмайды. Қазақстанымыз кедей, мәдениетсіз елге айналады. Ұрпағымыз келімсектердің қолына қарайтын жалтақ, әлжуаз болады.

Хәкім Абай айтқан «Өлім барда - қорлық жоқ». Мен заңсыз, орынсыз, әділетсіз қорлыққа төзе алмаймын. Еркін өмірдегі туған-туыс, дос-жарандарым, Қазақстанның болашағына бей-жай қарай алмайтын, әділетті Қазақстан құруды сөз жүзінде ғана емес, шынайы өмірде көргісі келетін әрбір азамат мені қолдайды деп сенемін.

Алыптың күші – халықта,
Халықтың күші – бірлікте.

Кәрім Азат

Пікірлер