"Әр туындыға түсінік берілді". Әуезов үлгісіндегі жинақ небәрі 300 данамен жарық көрді

1579
Adyrna.kz Telegram

Семейде Абай Құнанбайұлының екі томдық шығармалар жинағы жарық көрді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Abai.kz сайтына сілтеп. 

Кітап Семейдегі «Жәрдем» баспасынан басылып шықты. Оны жаңа үлгіде дайындаған – кабайтанушы, философия ғылымдарының кандидаты Асан Омаров.

"Абай жинағы ғана бәз-баяғы қалпында. Мұны қалыпты жағдай деуге ауыз бармайды. Сондықтан кеңестік дәуірдің мұздай сірескен тар шаблонын бұзып-жарып, қайткен күнде жинақты осы заманға сай шығаруды қаладым.  Мына екі томдық сол мақсатымның орындалуы – абайтануға қосқан өзіндік үлесім. Оны ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арнап, 2019 жылы даярлаған едім. Бес жыл сырғып өте шықты, зейнеткермін, қолым қысқа, демеушім жоқ дегендей, жаңа жинақ үстел тартпасында жатып қалды. Сәті түсіп, оның жарық көруіне қаржылай көмек көрсеткен қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов мырзаға алғысым шексіз" деді Асан Омаров Abai.kz сайтына берген сұхбатында.

Айтуынша, бірінші томға Абайдың төл өлеңдері, екінші томға қара сөздер, аудармалар, поэмалар енді. Бірінші томның басты үш ерекшелігі:  ақынның өлеңдері алғаш рет хронологиялық түрде жүйеленді, жаңа өлеңдері қосылды (төл өлеңдерінің саны 195-ке жетті) және әр туындының шығу тарихынан бөлек, мазмұнына тиянақты түсінік берілді.

Екінші томның басты жаңалығы ретінде абайтанушы "қара сөздер алғаш рет негізгі нұсқадағы (Мүрсейіт көшірмелеріндегі) реттік санымен берілді,"- дейді Асан Омаров. Мәселен, бұрын «38-ші қара сөз» делініп келген ең көлемді еңбекке «Тасдиқ» деген төл атауы қайтарылған. Бұған қоса алғаш рет әрбір қара сөзге түсінік берілген.

"Екінші томға Абайдың қара сөздер мұрасы («Тасдиқ» және «Ғақлия» атты кітаптары), аудармалары, поэмалары, сондай-ақ, тарихи еңбектері енді. Алғаш рет қара сөздер реттілігі Абайдың көзі тірісіндегі қалпына келтірілді. «Түсініктер» бөлімі жаңа форматта жазылды. Әрбір қара сөздің идеялық мән-мағынасы ашықталды.  Бұдан бөлек, Абай аудармалары қашан, қандай жағдайда жасалғаны нақтыланды. Мысалы, Крылов мысалдарын 1898 жылы емес, 1894 жылы аударғаны дәлелденіп, жаңсақтық түзетілді. Абай поэмалары жазылу даталары да алғаш рет дәлді анықталды. Сондай-ақ, алғаш рет Абай түзген Орта жүз руларының төр шежіресі жинаққа енді, Абай афоризмдері жаңадан табылған үш нақылмен толықты. Осы айтылғандар екі томдық жаңа үлгідегі жинақ деуіме жеткілікті сияқты,"- дейді абайтанушы Асан Омаров.

"Мен Мұхтар  Әуезов дәстүріне қайтып оралдым. 1933 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген, Мұхаң басшылық жасаған тұңғыш Толық жинақта төл өлеңдер аудармалардан бөлек басылған-ды",- деп толықтырған ол.

Жинақтың қазіргі тиражы - 300 дана. Құрастырушы егер сұраныс болып жатса, жинақты қайта шығаруға болатынын айтады.

Абай жинағы басылып шыққан Семей қаласындағы тұрғындар саны 328 мыңнан асады деп есептеледі.

 

Пікірлер