5 сынып оқушысының жусан иісі сақталған әтір шығарғаны айтылды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Atameken Business-ке сілтеп.
Ақмола облысы Ақкөл ауданындағы Кеңес ауылының 5-сынып оқушысы Альбина Айдарханова үздік деп танылды.
Ол ұстазымен бірге қазақ даласының хош иісі сақталған әтір шығарған. Орта сынып оқушысын ерекше хош иіс жасауға Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздағы "Жусанда туған жердің иісі бар" деген қанатты сөзі шабыттандырған.
"Біз үй жағдайында әтір жасау тәсілдерін зерттедік. Алған білімдерімізді практикада қолдану барысында жусанның сан түрін анықтадық. Егер әтірдің негізгі нотасы ретінде гүлдер қолданылса, біз оның орнына қарапайым жусанды таңдадық. Себебі оның тұнбасы тәбетті жақсартады, асқазан-ішек жолдарының қызметін нығайтады, жүйке жүйесін тыныштандырады, түрлі шаншу мен құрысуларды, ауырсынуды басады, тіпті тыныш ұйқыға септігін тигізеді", – дейді жоба жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Жұпар Ахметова.
Оқушы ойлап тапқан хош иіс "Елім-ай" деп аталады. Жас өнертапқыш әтірдің атауы еліміздің мәдениетіне деген сүйіспеншілікпен байланысты екенін айтады.