Ораза айтта айтылатын қалжыңдар

1108
Adyrna.kz Telegram

ҚҰСМИЛИЯНЫҢ КІНӘСІ

Ақын Ұлықбек Есдәулет бір жылдары ел қатарлы ораза ұстап жүргенде іссапармен Семейге барады. Семей жақта ақынды от ауыз, орақ тілді аға – досы, әйгілі әнші Құсмілия Нұрқасым қарсы алып, ел танытып, жер көрсетіп дегендей, бірнеше күн қасында бірге еріп жүреді.

«Ұлықбек келді» дегенді естіп, ақынды Шәкәрім атындағы Семей университеті қонаққа шақырады. Студенттермен кездесу кезінде бір жас қыз:

– Ағай, қазір қасиетті Рамазан айы ғой, сіз ораза ұстадыңыз ба? - деп сұрақ қойыпты.

Сонда Ұлықбек:

– Оразаны ұстап жүр ем «Бісіміллә» деп,

Бәрін де бұзып кетті Құсмілия кеп, - деп жауап берген екен.

ОРАЗАМ БҰЗЫЛАДЫ

Қожанасыр медреседе оқып жүрген кезінде, тынымсыз да, тентек екен. Ораза айының бір күні сабақ үстінде тыныш отырмаған соң молла ашуланып, қолына таяқты ала салып:

– Ей, тыныш отырасың ба, жоқ, таяқ жейсің бе? - деп зекіпті.

Сонда Қожанасыр:

– Тақсыр, тыныш отырайын, егер таяқ жесем, оразам бұзылады, Құдай алдында тағы күнəлы боламыз ғой, – депті.

ШІРІК ОРАЗА

Қожанасырдың медреседе мұғалімдік істеп жүрген кезі екен.

Ораза айының бір күні оқушылардың біреуі бір себет келіскен шабдалы əкеліп беріпті. Аузы ораза Қожанасыр шөлге шыдамай, салқында сақталған шабдалыны рақаттанып жей беріпті.

– Мұғалім, - депті көріп қалған оқушыларының біреуі. – Сіз "ораза ұстаған адам ешнəрсе жемеу керек, əйтпесе ораза бұзылады" деп ескерту берген едіңіз, шабдалы жесеңіз, оразаңыз бұзылмай ма, - деп сұрапты.

– Солай, айтқаным рас, - депті Қожанасыр, – бірақ, менің оразам сіздердікіне ұқсамайтын шірік ораза. Сондықтан, күн қатты қызғанда дымдандырып тұрмаса үзіліп кетеді.

САЙРАНДАУ

Қожанасыр ораза ұстамағандығы үшін, имам айыпқа бұйыртамын деп оны қазыға алып барыпты. Қазы Қожанасырға зілді бейнемен:

– Сен діннен бездің бе, не үшін ораза ұстамайсың? - депті.

Сонда Қожанасыр имамға:

– Ей, тақсыр, білсеңіз жылында бір келген оразаны ұстап қайтеміз, емін-еркін бір сайрандап алсын да, - депті.

БҰЛ ЖАЗА КІМНІҢ ЖАЗАСЫ?

Қожанасыр рамазан айында, бір ру басшысының үйінде ораза айында арнайы қызмет атқаратын имамы болыпты.

Үй иесі бір күні Қожанасырмен сөйлескенде:

– Қожанасыр, мен адамның жанын шығаруға құмарлардың бірімін. Кейде ашуымды жеңе алмай, хақсыз жерге адам да өлтіремін. Бұл дүниеде бұлардың жазасын шынымен тартамын ба?..

Асқаны асқан жерде, кескені кескен жерде қалған бұл жауыз адамның алдында Қожанасыр бастапқыда сасып қалыпты. Біраз ойланып жауабын беріпті:

– Алаңдамаңыз. Сізге ештеңе болмайды.

Залым рубасы:

– Төккен мұнша қан яғни жазасыз қалатын болғаны ма сонда? - деп сұрапты.

Қожанасырдың жауабы дайын болатын-ды:

– Жоқ жазасыз қалмайды, әпендім. Бұлардың жазасын балаларыңыз тартар.

Залым адам, кең бір тыныс алып ап күлімдеген жүзбен:

– Жаса, Қожам! Сен шынымен білімді үлкен бір кісі екенсің... Мені бір қорқыныштан құтқардың. Қылмыстарымның сазайын мен тартпайтын болдым. Енді кім тартса сол тартсын!...- депті.

Залым рубасы бір күні аңға шыққанда, аттан құлап аяғы сыныпты. Осы арада ақылына дереу  Қожаның айтқандары ойына түсіпті. Оны шақыртыпты. Өкпелі күйде:

– Қожа! Сен, дүниеде менің басыма бір пәлекет келмейтінін айтып едің. Алайда аяғым сынды. Бұған не дейсің? - деп сұрапты.

Қожа:

– Сенің әкең де, сен сияқты  кісінің жанын шығарушы ма еді? - деп қарсы сұрақ қойыпты.

Рубасы:

– Ол тіпті менен де өткен, - десімен Қожа көңілі жайланып:

– Олай болса менің сөзімде бір қателік жоқ, - депті.

Басыңа түскен пәлекет, сенің жасағаныңнан емес, сенің әкеңнің істегендерінің жазасы. Сенікін кейін балаларың тартатын болады!...

ТАҢ СӘРЕСІ

Қожанасырдың көршісі ауыз бекітпесе де, үй ішімен түгел таң атпай тұрып, сәресі ішеді екен. Оның бекерге сәресі дайындаудан шаршаған қатыны Қожадан кеңес алуға келіпті:

– Үйде ешкімнің аузы берік емес. Күйеуім сонда да дәмді тамақ пісіртіп, асты бәріміз бірге ішеміз. Күйеуімнің осынысы не, қойғызып бересіз бе?

– Намаз оқымайсың, ораза ұстамайсың, енді сәресіні де ішпесең, онда мұсылманшылығыңнан не қалады? Жоқ, қойғыза алмаймын.

БІЗДІҢ ҮЙГЕ ДЕ АУЫЗАШАРҒА КЕЛСІН!

Бір әпенді Ораза айында үйіне мүлде келмейтін көрінеді. Ораза айы аяқталғанша ауызашарға шақырса да, шақырмаса да бара береді екен. Бір күні кешке біреу оның үйіне келіп:

– Бұл ақшамда сіздің әпендіңізді, пәлен деген жерде ауызашарға шақырамыз, келсін, - десе әпендінің әйелі:

–  Ораза да бір бітер. Әпендіні көрген пенде жоқ. Сіз көре қалсаңыз, өз үйіне бір рет болса да ауызашарға келсін деп айта салыңызшы, - деп өтініпті.

ШІРКІН, АЙТ КҮНДЕ БОЛА БЕРСЕ-ШІ

Бір ашаршылық жылы Қожа бір ауылға келеді. «Ішкен мас, жеген тоқ» дегендей мұнда ас-су көл-көсір, Қожа да қарық болып қалады. «Пай-пай, бұ неткен молшылық, біздің жақта жұрт аштан қырылып жатыр», - деп Қожа таң қалады.

Сонда біреу:

— Немене, өзің жындымысың? Айт екенін білмеуші ме ең? Бүгін айттың құрметіне деп жұрт қолда барын ортаға салып отыр. Сондықтан да молшылық, - дейді.

Сонда Қожа сәл ойланып қап, іле-шала:

— Қап, айт күн сайын бола берсеші! Сонда мұсылмандар аштық дегеннің не екенін білмес еді, - депті.

ҚАНША КҮН ЖЕПТI?

Бiр  Ораза  айт мейрамының таңында бiрнеше достар әңгiмелесiп тұрады. Ораза айында қанша күн ауыз бекiтпей тамақ жегендерiн бiр-бiрлерiне мойындап тұрған-ды. Бұл әңгiмеге қосылмай шетте тұрған Бекташыдан:

– Құдай жолына түскендер, сен қанша күн тамақ iштiң? - деп сұрапты.

Бекташы:

– Қырық бес күн iшiп-жедiм, - деп жауап берiптi.

– Жақсы. Ораза не бәрі отыз күн емес пе? Он бес күндi қайдан шығардың? -  дегенде Бекташы:

– Келесi  жылдыкiнен алдым, - дептi.

ОРАЗА БҰЗЫЛДЫ

Оразада шөл қысып, өзін-өзі алдандыру үшін қырға шыққан Бекташы қас қылғандай, сылдыраған бұлаққа тап болыпты. Төзімі таусылған ол жата қалып сораптап жатса, мұны көріп қалған біреу:

– Құдай сақтасын, не істедің? Ораза бұзылды ғой, - дейді.

Бекташы екі езуінен су сорғалаған күйі:

– Бұзылатын Ораза бұзылды, бірақ пақырға да жан кірді! - деген екен.

ЖҰМСАРСЫН ДЕП

Бекташтылардың бірі ораза айының бір күні өрік жеп кетіп барады екен. Оны көрген діндардың бірі:

– Әй, мұсылман адам осылай ауыз бекіте ме екен?

Бекташы:

- Жоқ,  жоға, аузым берік, - депті.

Сонда діндар оның аузының томпиып тұрғанын көрсетіп:

– Аузыңдағы не?

– Өрік қой. Ауызашарға дейін жұмсарсын деп аузыма салып қойып жүрмін, - деп ойланбастан жауап беріпті.

ҚҰЛДАРДЫҢ ШАҚЫРУЫ

– Аллаһи, ораза ұстағым келеді, бірақ шамам жоқ, - депті Бекташы.

– Жарайды. Ал жұрт ауызашарға шақырса, не істейсің?

– Әрине, барамын.

– Оның қызық екен, Алланың әмірін орындамайсың, ал құлдардың шақырғанына барасың.

– Мұның таңғаларлық дәнеңесі де жоқ. Жаппар Ием кешірімді, құлдарының күнәсін кешіре алар. Ал адам деген сәл нәрсеге өкпелегіш, көңілі қалғыш емес пе?

БІР КЕТСЕ, ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

Бекташыдан:

– Ұлы мүбәрәк Ораза айы келiп кеттi. Сен мүлде ораза ұстамадың! Бұның не? - деп сұрапты.

Сонда Бекташы:

– Имандай шынымды айтайын, ораза айы келер-кетер, ал бұл жан бiр рет шықса қайта келмейдi ғой, - деп жауап берiптi.

ЕНДI ЕСIГIҢДI ҚАҚПАЙМЫН

Ораза айында бүкiл тiлектердiң қабыл болатынын естiген Бекташы көп жылдар қайтара алмаған қарызын ойлап, мешітте қол жайып дұға қылыпты:

– Е, Құдайым! Маған әрі қарыздан құтылатын, әрі бүкіл өміріме жететін ақша тауып берші, сонда сені мыналар сияқты күніне бес рет мазаламаймын. Сөз берейiн, бұдан соң есiгiңдi бiр рет те қақпаймын.

СІЗДІҢ СҰРАЙ АЛАТЫНЫҢЫЗ - ДҮКЕН ҚАРЫЗЫ

Рамазан айының бір күні Қожа Рагип Паша:

– Хашмет, сенің қарызың бар ма?

– Бар, әпендім.

– Қанша қарызсың?

– Біздің махалланың дүкеніне мың теңгедей қарызбын...

– Дүкенге беретін қарызыңды сұрап тұрған жоқпын деп ғой, ораза қарызын айтып тұрмын, - деп ашуланады Қожа Рагип Паша.

– Ораза қарызым ба? - деп Хашмет сасқалақтап қайтерін білмей өз-өзіне келген соң. – Ораза борышын Аллаһ сұрар әпендім, сіздің сұрай алатыныңыз тек дүкен қарызы.

БІР-АҚ КҮН АУЫЗ БЕКІТУ

Ораза айында Бекри Мұстафа бір-ақ күн ауыз бекітеді екен. Ай өтіп, Ораза айт мейрамында  көпшілік ортасында бірі:

– Бұл жолы отыз күн оразаның бір күнінде ғана ауыз бекіте алмай қалдым, - дейді өкінішпен. Бекри өкінген кісінің арқасынан қағып:

– Өкінбе әпенді, сол қарызыңды мен ұстап толықтырдым, -  депті.

ХАЙУАНДАР ОРАЗА ҰСТАМАЙДЫ

Назым Хикмет пен Нежіп Фазыл Қысакүрек рамазан айында машинамен келе жатады. Әрине, Нежіп Фазылдың ауызы берік, ал Назым Хикмет ауыз бекітпеген. Назым Хикмет Нежіп Фазылмен қалжыңдаспақ болып жолдың шетіндегі арық бір сыйырды Нежіп Фазылға нұсқай көрсетіп:

– Ананың арықтығына қара, ораза ұстаймын деп қандай хәлге түскенін, - депті.

Ақындардың сұлтаны Нежіп Фазыл да қарап қалмастан:

– A, Назым, сен, хайуандардың ораза ұстамайтынын білмейтін бе едің? - деп дереу қарымта қайтарыпты.

 

Құрастырған әрі  аударған

 Мақсұтхан  Аманжанұлы

Пікірлер