«Онлайн займ» зарлатып, алаяқтар аңыратып кетпесін

3524
Adyrna.kz Telegram

Қазір «қарыз беремін» дегендерден аяқ алып жүре алмайсыз. Интернет беті қаптаған жарнама. Бәрінен оп-оңай қарызға ақша берем деп жамырай жарнамалағанды көресіз. Былай қарасаңыз, қиын ештеңесі жоқ. Бар болғаны куәлігіңіз бен ақша түсетін карта нөмірі болса, жеткілікті. Алайда...

Иә, алайда осы оңай ақшаның иірімі кез келген адамды оп-оңай батырып кетеді. Алдымен, «онлайн займ» дегенге тоқталайық. Онлайн займ берушілердің басты ұраны – «несие тарихына қарамаймыз». Қазір екінің бірінің несие тарихы бүлінген. Ал несие тарихы бүлінген адамға екінші деңгейлі банктер несие бермейді. Міне, осыны өздеріне тиімді пайдаланған қаржылық ұйымдар қазақстандықтарды қарызға аяусыз батыруда. Онлайн қарыз берушілердің түрі өте көп. «Займер», «Алтенго», «До получки», «Кредит 7» деп кете береді. Онлайн қарыз сізге 50 мың теңге берді делік. Әйтсе де, ол ақшаны сіз бір аптадан кейін (!), бір ай емес, бір аптадан кейін кем дегенде, 55000 етіп қайтаруыңыз мүмкін. Бір аптадағы үстіндегі өсімі аз болмайды. Бір айға қанша болатынын есептеудің өзі қорқынышты. Өйткені, онлайн қарыз берушілер күніне 0,27 пайыз үстеме ұстанымын бұзбайды. Межелі уақытта қайтара алмасаңыз, күндік өсімі еселеніп, көбейе береді, көбейе береді. Міне, осылайша халықтың басым бөлігі қарызға белшеден батуда.

Үйде отырып, қарызға ақша алу мүмкіндігі деп аталатын бұл қаржылық ұйымдардың басым бөлігі заңды жұмыс істеп отырғаны да күмәнді. Өйткені кейбірінің интернетте сайты болғанымен, тікелей телефон шалып хабарласатын нөмірі жоқ. Соған қарамастан, осындай күмәнді қарыз бергіш ұйымның жарнамасы жер жарады. Мәселен, 5 млн теңгеге дейін несиені кез келген адамға береміз деп жарнамалаған  tenge-kredit.kz  сайтына өзіңіз туралы барлық деректерді енгізесіз. Қалаған соманы сұрайсыз, бітті. Көп өтпей, сіздің сұранысыңыз қабылданды, сіз сұраған соманы несиеге береміз деген жауап хат келеді. Осы тұста бөркіңізді аспанға атып, қуануға әлі ерте екенін ескертеміз. Өйткені, несие беру шешімі расталғанымен, сіз алдымен ұйымның картасын рәсімдеуіңіз керек. Картаны рәсімдеу құны 5500 теңге. Былай қарасаң, аса қалтаға салмақ салатын ақша емес. Көрсетілген нөмірге 5500 теңгені аударасыз, бітті. Бұл жолы расымен бітті. Ақшаңызды жоғалттыңыз. Бұл ақшаны ешкім қайтармайды. Қайтарту үшін кімнен сұрайтыныңыз да белгісіз. Осы tenge-kredit.kz  қаржы ұйымына алданып 5500 теңге аударған адамдарда есеп жоқ. Өкінішке қарай, құзырлы мекеме тарапынан жұрттың ақшасын алдау жолымен осылай жымқырып отырған ұйымды заңды жауапқа тартуға не құлықсыз, не қауқарсыз.

Дәл осыған ұқсас картадан ақша алу әрекеттерін «Смартзайм», «Credillo.kz» сынды ұйымдар да жасайды. Жарнамасына сеніп,  ұйымға деректеріңіз бен несие алу өтінішіңізді тастасаңыз, картаңыздан 1960 теңгені жұлып алады. Ең сорақысы, сізге несие берілмейді. Соған қарамастан, картаңыздан ай сайын айдаладағы белгісіз ұйым үшін 1960 теңге «өтіп» тұрады. Мұндайда картаңыздың «интернет төлемдер жасау» әрекетін жаппасаңыз, 1960 теңге алуын тоқтатпайды. Әр адамнан 1960 теңге, жүз адамнан 196000 теңге...

Соңғы аптада халықты алдап, ақшасын алудың тағы бір түрі пайда болды. «Егер сіз «Займердің», «Деньги для населении», «Деньги клик»  клиенті болсаңыз, сізге 2 миллионға дейін несие шығарып береміз» деген жарнама әсіресе Инстаграмда қаптап жүр. «Срочно деньги» деп аталатын бұл ұйымның телефон нөмірі бар. Көрсетілген нөмірге хабарласасыз. WhatsApp арқылы ғана жауап береді. Қажетті деректерді жібересіз. «Займер» сізге 20 мың ғана беретін болды. Қазір осы соманы 22000 теңгемен жапсаңыз, артынша үлкен сомаға сұрау саламыз» дейді осы кезде әлі «тез несие бергіш». Картаңызға түскен ақшаға 2000 теңге қосып, картаңыздың интернет төлемдер жасау қызметін ашасыз. Бітті! Картадан ақша алынады, бірақ әрі қарай «тез несие бергіш» жоқ болады. Жоғалғанымен қоймай, сізді «онлайн займға» 22000 теңге қарыз етіп кетеді. Өйткені әлгі ақшаны картадан шығарып, өздерінде қалдырады. Яғни, сіздің атыңыздан онлайн қарыз алады. Қарызды сіз төлейсіз, ақшасын әлгі алаяқтар алады. Осыған дейін мысалы, «Займерден» қарызға ақша алған болсаңыз, бар деректеріңіз сақтаулы ол жақта. Алаяқ соны пайдаланады. Нөміріңізге келген кодты сұрайды. Сосын картаңыздың артындағы үш таңбалы санды сұрайды. Осыдан кейін сіздің атыңыздан емін-еркін қарызға ақша алады. Сол себепті ғана олар осыған дейін онлайн қарыз алғандармен ғана жұмыс істейді.

Сол себепті, қандай жағдай болса да, ешкімге картаңыздың артындағы үш таңбалы санды айтпаңыз. Мүмкін болса, жеке деректеріңізді бермеңіз. «Батпан құйрықтың» ешқашан айдалада жатпайтынын  естен шығармаңыз.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер