Назарбаев: “Ел "Нұр Отан" атқарған жұмыстың жемісін жеп отыр”

3305
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтанда Nur Otan партиясының төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы өтуде. 

 

Жиын барысында партияны “қайта жүктеу” бағдарламасы талқыланады деген жоспар бар. Бұдан бөлек, Саяси кеңестің бюросына жаңа мүшелер қабылданады.

“Бүгін біз ел дамуының негізгі бағыттары бойынша біраз мәселе жөнінде сөз көтеретін боламыз. Сол үшін саяси кеңестің кеңейтілген отырысына жиналып отырмыз. Биыл партиямыз үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын білеміз. Екі съезд өткіздік. Партиямыздың 20 жылдығын өткіздік. Маусым айында президент сайлауында біздің кандидатымыз – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетті. Халық біздің жұмысымыздың нәтижесін көріп жатыр”, – деді Назарбаев.

Партия төрағасының айтуынша, жаңа саяси жағдайда партияның рөлі артып отыр. Осыған орай бүгінгі кеңесте алдағы мақсаттарды талқылау жоспарланып отыр.

Отырыс бағдарламасына сәйкес, Үкімет басшысы Асқар Мамин партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша есеп береді.

Одан кейін партия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек партияны “қайта жүктеудің” негізгі бағыттары туралы айтып береді.

Айта кетейік, 16 тамызда Nur Otan партиясының саяси кеңесі бюросының жабық отырысы өткен болатын. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Осы жиында Назарбаев партияның мәжіліс сайлауына дайындық шараларын күшейтуді тапсырған. Сайлау Конституцияда көрсетілген мерзімде өтеді. Бұдан бөлек, Қазақстанның тұңғыш президенті еліне жаны ашитын қазақстандықтарға үндеу жасаған болатын.

“Біз өз бастамаларын ұсынатын белсенді азаматтарды, блогерлердің бәрін көреміз, естиміз. Өз еліне шынымен жаны ашыса, біз оларды бірге жұмыс істеуге шақырамыз. Өз идеяларын Nur Otan партиясы аясында жүзеге асыра алады”, – деді Назарбаев.

Дереккөзsputniknews.kz

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер