Мемлекет басшысы: Үкімет волонтерлерге нақты қолдау шараларын қабылдайды

2886
Adyrna.kz Telegram

Волонтерлік – ел мен қоғам үшін адал қызмет. Ол халқымыздың өмір салтына айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада волонтерлердің алдында осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Волонтерлер күн сайын маңызды әрі ауқымды жұмыс атқарып келеді. Сол арқылы Қазақстанның өсіп-өркендеуіне үлес қосасыздар. Еліміздің әр өңірінде волонтер болуға ниетті азаматтардың көп екеніне сенімдімін. Үкімет оларға қолдау көрсету үшін нақты шараларды қабылдайды. Біз бұған зор мән береміз», - деді Президент елордадағы «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатында. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде волонтерлік – кезекті науқан емес екенін атап өтті. «Осыны халыққа түсіндіруіміз керек. Еріктілік – ел мен қоғам үшін адал қызмет. Волонтерлік – халқымыздың өмір салтына айналуы қажет. Оны тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақ сипаты ретінде дәріптеуіміз керек. Еріктілердің бойындағы қайрат-жігер – әр азаматты ынталандыруы тиіс. Еліміздегі әр ауыл-аймақ осы маңызды жұмыстан тыс қалмайды деп сенемін. Бұл, ең алдымен, өркениетті елдің және зор жауапкершіліктің белгісі. Ғұлама Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» баршамызға өсиет қалдырды», - деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенттің айтуынша, волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. «Сендер қолға алған жұмыстардың бәрі дәл осындай мейірімділіктің жарқын үлгісі боларына күмәнім жоқ. Мен Волонтер жылында ең алдымен, еліміздің жастарына зор сенім артамын. Әрдайым абыройлы әрі табысты болыңыздар. Бәріміз бірге болайық», - деді ол. Айта кетсек, бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордада ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлердің «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысты. Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлері үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.

 

Пікірлер