Асқар Жұмағалиев: Egov порталына бір мезетте 15 миллионға жуық өтінім түсті

2741
Adyrna.kz Telegram

ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Электронды үкімет порталы туралы түсінік берді. Бұл туралы  turkystan.kz хабарлады.

"Электронды үкіметтің жұмыс істеу мүмкіншілігіне тоқталсақ, халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылғаннан кейін, портал штаттық режимде жұмыс істеді. Төтенше жағдайға байланысты порталды пайдаланушылар саны бірден көбейді. Осыған қарамастан портал штаттық режимде жұмысын жалғастыруда", – деді министр «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен.

Оның сөзіне қарағанда, ТЖ кезеңінде тұрғындарға миллионнан астам электронды қызмет көрсетілді. «Күнделікті режимде порталда сағатына 600 мың өтінім түсетін. Қазір ең жоғары шектегі жүктеме кезінде сағатына 15 миллионға дейін жетіп отыр. Бұл өз кезегінде елеулі жүктеме», – деді А. Жұмағалиев.

Бұдан бөлек министр төтенше жағдай кезінде әлеуметтік төлемге өтінім беруде кейбір қиындықтарға байланысты болған ескертулерге пікір білдірді. А. Жұмағалиевтің айтуынша, 42 500 теңгенің төлемі бойынша қызметті енгізуге қатысты регламент 28 наурызда бекітілді. Осы орайда ІТ-мамандарға бұл регламент жеткізілді. «Біз түні бойы жұмыс істеп, аталған қызметті іске қостық. Осыдан кейін әлеуметтік төлемді ұсынуға қатысты тиісті қызметті іске асыруды бастадық. Порталда бір мезгілде 15 миллионға дейінгі сессия тіркелді. Бұл көрсеткіш барлық штаттық режимдерден асып түсті. Әрине, бұл тұрғыда белгілі бір мәселелер туындап, біз проблемаларды шешу мақсатында сыртқы каналдарды ажыраттық», – деді ведомство басшысы.

Министр әріптестеріне  алғыс білдіруді де ұмытқан жоқ.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 42 500 теңгелік әлеуметтік төлем 3 миллионға жуық адамға беріледі. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов сәуірде елімізде 42 500 теңгелік төлемді алуға болатын, ол үшін арнайы сайттың ашылатынын мәлімдеген.

Turkystan.kz

 

 

Пікірлер