Бауыржан Азанов: Қытай шекарасын басып өткен Қастер мен Мұрагердің депортациялану қаупі жоғары

6647
Adyrna.kz Telegram

Былтырғы жылдың қазан айында Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы есімді азаматтар Қытайдан қашып Қазақстан шекарасына өткен болатын. Алайда, бір жылға жуық уақыт өтсе де екі қандасымыздың мәселесі біржақты шешімін тапқан жоқ.

Биылғы жылдың қазанында екі азаматтың «Пана іздеуші тұлға» куәлігінің мерзімі аяқталады. Осыған орай, олар адвокат Бауыржан АЗАНОВТАН көмек сұрап, арнайы мәлімдеме жасады.

-Былтырғы жылдың 14 қазанында осы іске кіріскенмін. Тергеу амалдары басталмас бұрын мен қылмыстық істі қысқартыңдар деп бірнеше рет айттым. Ал бұл өз кезегінде екі азаматтың босқын мәртебесін алуына септігін тигізетін еді. Мен олармен алғашқы кездескен күннен шекараны жайдан-жай кесіп өтпегендеріңді, бастарыңа төнген қауіпті айтыңдар деуден жалықпадым. Алайда, олар сотта «кінәліміз» (заңдық тұрғыдан), «шекараны бұзып өттік» деді. Бастарына төнген қауіп-қатер туралы тіс жармады. Қылмыстық іс қысқартылсын деген сөз сотқа қатысушылардың аузынан шықпаған. Шекараны бұзып өту дегеніміз Қазақстанның заңнамасы бойынша қылмыс болып табылады. Яғни, қылмыскер деп танылды. Сот үкімі күшіне енетін 15 күн ішінде аппеляциялық шағым да жазылмаған. Бұл – сот үкімімен келіскеннің белгісі. Жағдайдың ушығуына басты себеп – осы,- дейді Павлодар адвокаттар алқасының мүшесі Бауыржан АЗАНОВ.

«Пана іздеуші куәлігінің» мерзімі аяқталған соң жағдай қалай болмақ деген сауалымызға Бауыржан АЗАНОВ былай деді:

-Бұл екі азамат босқын мәртебесін алған жоқ. Менің мақсатым қылмыстық істі қысқартып, босқын мәртебесін алып беру болатын. Маған оны істеуге мүмкіншілік бермеді. Менің ойымша, куәлік мерзімі аяқталғаннан кейін депортациялау қаупі өте жоғары. Яғни, Қазақстанда қалдырмайды. Не Қытайға кері қайтарылуы мүмкін немесе саяси баспана беруші ел болса сол жаққа жөнелтіледі.

Жағдай қалай өрбіп жатыр деген мәселе бойынша кінәлі деп табылған Мұрагер ӘЛІМҰЛЫНЫҢ өзімен хабарласып көрген едік.

– Біз қазіргі таңда ешқандай адвокаттан бас тартқан жоқпыз. Бір жағынан қаржы мәселесі де қиыншылық тудырып тұр. Тегін қол ұшын созамыз деген кез келген қорғаушының көмегіне жүгінуге әзірміз. Жағдайдың қазан айынан кейін қалай өрбуі нақты емес шыны керек. Еліміз, жеріміз деп келіп отырғаннан кейін Қытайға қайтармаса екен деп тілегіміз бар. Елде қалғымыз келеді.

 

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер