Ескендір Рахметов: Асық ойыны қазақтың ұлттық бренті болуға жарап тұр

3565
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздік алғалы бері ұлттық ойындар қайта жаңғырып, ұлт мұрасы толыға бастады.

Соның ішінде, әсіресе, асық ойыны қарқын алып, жаңаша түлеуіне жол ашылғаны кім-кімді де қуантпай қоймайды. Жыл сайын республикалық жарыстар өткізіліп, мектептерде оқытыла бастады. Бұл қазақ өміріне сіңіп кеткен құндылықтың қайта түлеуі болса керек. Заманмен бірге қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық ойындары да жаңғырып келеді. Қазірдің өзінде ел бойынша 80 мыңнан астам адам асық ату ойынымен кәсіби түрде айналысады екен. Ұлттық ойынымызды әлемдік деңгейде таныту жағы да қолға алына бастады. Арыдан келе жатқан көне ойынның аяқалысы туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Асық атудан Астана қаласы командасының аға жаттықтырушысы Ескендір Рахметов айтып берген екен.

- Асық атуды дамыту, насихаттау барысында біздің Астана қаласында «Жігер» спорт клубында Асық ату бөлімі ашылған. Сол жерде бір емес, екі бапкер жұмыс істейді. Асық ойынына балаларды дайындайды. Қала берді 1 мамыр, Наурыз мейрамы, Астана күні, Ораза мен Құрбан айттарында жалпыхалықтық демалыс кезінде алаңдарға шығып, осы ұлттық ойынды ойнатамыз. Солардың арасынан іріктеп, жақсы, шебер ойыншыларды жинап, Астана қаласының чемпионатына қатыстырамыз. Ол біріншілікте 1, 2, 3 орындар алып, өз шеберлігімен көзге түскен ойыншыларды біз Астана қаласының құрамасына алу үшін іріктеу жарысынан өткіземіз. Сол іріктеу жарыстарынан жақсы қырынан көрініп, шеберлігін танытқан ойыншыларға Астана командасы сапында республикалық турнирлерге алып шығамыз. Асық ойынына әркім жарай бермейді, ол мергендік пен дәлдікті көп талап етеді. Яғни ол бір рет ойнай салатын нәрсе емес, Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі оның ойын ережесін бекіткен. Яғни, «Бестабан» мен «Бестас» ойындары бойынша, Қазақстан чемпионаты өткізіледі. 2015 жылы Қостанайда ел біріншілігі алғаш рет өткен болатын. Сол кезде Қостанай облысы бірінші орын иеленді, екінші орын Жамбыл облысына бұйырса, үшінші орынды Қызылорда облысы іліп әкетті. Астана төртінші орын алған еді. 2016 жылы чемпионат біздің батыста, Орал қаласында өтті. Онда Астана қаласының құрамасы жоғары шеберлік көрсетіп, 16 команданың ішінен екінші орын алды. Бірінші орынды Жамбыл облысы жеңіп алды.

Астана күнінде бізде 8 жылдан бері «Алтын сақа» деген халықаралық турнир өтеді. Сол халықаралық турнирде біздің Астана командасы екі жылда да екінші орынды жеңіп алды. Төрт күнге жалғасатын жарысқа Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан құрамалары және Ресейден келген  қазақ бауырларымыз қатысады. Облыс құрамалары да бар. Астанада «Асық пати» шараларында көзге түскен ойыншылар, Астана командасына іріктеліп, аталмыш жарыстарға қатыстырылады. Қазір көріп отырсыздар, актерлар арасында өте шебер ойыншылар бар, бұларды да біз жақында Астана құрамасы сапына қосып, республикалық, халықаралық деңгейдегі ойындарға қатыстыруға мүмкіндік береміз. Осындай жарыстарда кенже қалған ойынды халық келіп ойнайды. Біреулер ойнай алмайды, қызығады, бір ағалар бар ойнаған бала шақта. Олар әр түрлі ережелер айтады, елдің батыс, шығыс, солтүстік, оңтүстік өңірлерінде ойнап жүрген осы «Бестабан» ойынын құрастырдық. Осы ойынды Астана командасының ойыншылары өте жақсы меңгерген. Ешқандай даулы жағдай тумайды, барлығы өз шеберліктеріне байланысты орын алып, мұңаймай қайтады. Спорт комитеті оларды да құралақан қалдырмайды, барлығына сый-сыяпатын беріп жатады. Астана чемпионатында медальдармен және мақтау қағаздарымен марапатталады және Асық атудан I-санат, II-санат және спорт шеберіне үміткер деген атақтар береміз.

-    Астана командасында қанша ойыншы ойнайды?

-    Астана құрамасында қазір іріктелген 14 қыз-жігіттер бар. Астаналық спорт клубта 30-ға тарта ойыншымыз жаттығады. Оның ішінде 11-і - қыз бала. 16 жастан жоғары қыз-келіншектер, апаларымыз ойнайды. Олар «Бестас», «Бестабан», «Үштабан», «Топай» деген ойындарының су мергендері.

Астанада асық ату спортын дамыту шаралары үлкен дәрежеде қолға алынған. Мысалы, әр түрлі ұжымдар мен корпорациялардың ішінде асық ату, тоғыз құмалақ, ләңгі тебу деген ойындар бойынша жарыстар өткізеді. олардың арасынан да көзге түскен хас шеберлерді де Астана құрамасына ойнауға шақырамыз. Кейбіреулер келіп жатады, кейбіреулері жұмыс бабымен келе алмайды. Енді асық атуды дамыту мақсатында біз сый-сыяпатпен ғана қала бермеуіміз керек. Орталық Азия елдері арасында асық ойыны қазақ пен қырғыздарда ғана қалған, өте атсалысып ойнайды. Үлкен деңгейде ойнау үшін біз осындай іс-шараларды көп өткізуіміз керек және солардың жеңімпаздарын ары қарай шыңдап, іріктеуге қатыстырып, Астана чемпионы атандырып, осындай жарыстарға шығаруымыз керек. Ондай жұмыстар жүргізіліп жатыр.

-     Астана клубында 30-ға жуық ойыншы бар дедіңіз, ал 10 жыл бұрын жағдай қандай еді?

-    10 жыл бұрын асық ату спортының жағдай өте нашар болды. Өйткені біздің әлеуметтік жағдайымыз нашар еді. Асық ойнауға адамдарда уақыт болмайтын. Барлығы жұмыс іздеп кетті. Қазір еліміздің әлеуметтік жағдайы көтеріліп, жұмыстан бос уақыттарда адамдар өзара ойнай бастады.

Асық атудың пайдасы - біздің қол мергендігімізді шыңдайды, 12 мүшеміздің барлығы жұмыс істейді, соның ең ішінде ең бастысы - мына көздің бұлшықеттері өте көп жұмыс істейді. Өйткені 5, 6, 7 метрден көздейді, сондықтан қазіргі уақытта телефонға шұқшиып, көз көру қабілетін нашарлатып алған жастарымызға бұл таптырмайтын ем. Асықта еш зиян жоқ, табиғи зат. Асық ойынынан адамның көзі, денесі шынығып, өзін тәрбиелейді. Жас балалар болатын болса, ойын оларды санауға, бәсекелесуге, ұйымшылдыққа, төзімділікке, мергендікке баулиды. Бұл ойынды ойнаған адам ешқашан да ұтылмайды. Бұған ешқандай стадион салмайсың, жерді сызып, асық атқаннан басқа ештеңе керек емес. Өте қолжетімді ойын. Біздің қазақта осындай ойынның барына мен мақтанамын. Қазақтың көкпары, тоғыз құмалағы, Қазақ Барысы бар, күресі бар. Осы сияқты асық ату ойынын да брендке айналдырумыз керек. Ол біздің қолымыздан келеді. «Біріңді қазақ, бірің дос» деген бар ғой, қазақтар жұмылса, бұл асық ойынын брендке айналдыруға болады. Басқа елден келген адамдарға көрсете алатындай. Қолжетімді ойындардың бірі осы. Көкпарды басқа елден келгендер ойнай алмайды, кешірерсіз, оның атқа мінуі бар, атты баптауы бар, ал мынаған екі-үш күн дайындалса, меңгеріп кететін ойын. Қазір «ЭКСПО-2017» көрмесінде осы асық ату ойынын көрсететін боламыз. Меймандарға ыңғайлы болатын ережелер де жасап жатырмыз. Өзіміздің қазақтарға ойнатып қана қоймай, шетелдік қонақтарға да өзіміздің брендті таныстыруымыз керек. Бала ойыны деп ойламаңыздар, бұны үлкендер де ойнайды. Бұл - 6 жастан, 60 жасқа дейінгі адамдарды таласып ойнайтын ойыны.

-    Жаңа Қазақ Барысы деп айтып қалдыңыз. Қазір бізде Әлем Барысы, Еуразия Барысы деген дүниежүзілік жарыстар шығып жатыр. Ал асық атуда қандай жарыстар бар?

-     Асық атудан біз тек халықаралық дәрежедегі турнирлерде ғана ойнаймыз. Ол Астана қаласында ғана өтеді. Сонымен қатар Қостанайда өтті. Енді осы жақын арада Жамбыл облысында өтеді. Осы Астанада 9-рет «Алтын сақа» халықаралық турнирі тағыда өтеді. Біздің мақсатымыз - көкпар, қазақ күресі сияқты, асық ату ойынын да Азия чемпионатына, Азия Ойындарына енгізу.

-     Осы бағытта не жасалып жатыр?

-     Енді осы бағытта көп жұмыстар атқарып жатырмыз. Халықаралық турнирге Қырғызстанға барып жатырмыз, одан кейін Германиядағы қазақтарға, алыс-жақын шетелдердегі қазақтарға барып, осыны насихаттап жатырмыз. Гонгконгта «Бас тас» ойыны насиахатталуда. Біздің республикалық федерация осы жұмысты жасап жатыр. Жомарт Сабырданұлы деген федерацияда жанашыр кісі бар, осы ағамыз асық ойынын үлкен дәрежеге көтеріп тастады. Қазір бүкіл ел, бүкіл облыс ойнайды. Әсіресе, оңтүстік өңірлер өте қатты ойнайды. Ол жақта бәсекелестік өте мықты. Біздің Астанада да бәсекелестік мықты. Орталық Азия елдері арасында біз Асық атудан чемпионат өткізуге біз атсалысып жатырмыз. Жақын арада оған жетіп қалатын шығармыз. Өзіміздің елімізде асық ойынын түзеп алсақ, кейін Азия біріншілігін өткізуге де болады.

-     Қазақстан бойынша қанша адам өзіміздің ұлттық асықпен кәсіби дәрежеде айналысады?

-   Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының алдыңғы жылғы мәліметі бойынша, республикада асық атумен 80 мың адам айналысып жатыр. Ол аз адам емес. Олардың ішінен 8 адам іріктеліп, Қазақстан құрамасының мүшелігіне алынады. Олар шетелдерде біздің елдің намысын қорғайды. Басқа елдерде ондай бәсекелестік жоқ шығар, біздің ел мен Қырғызстанда бәсекелестік өте жоғары. Анда барсақ, олар ұтады, бізге келсе, біз ұтамыз. Бірақ алыс-жақын елдерге де осы ойынды ары қарай дамытып, асық атуды танытатын боламыз. Біздің қолдан келетін жұмыстардың бірі. Үкімет тарапынан қолдау табатын болса, бұл асық ойыны жылжиды.

-      Рахмет!


"ҚазАқпарат"агненттігі

Пікірлер