Көкбөрі Мүбарак ҚИЗАТҰЛЫ: Ельцин Орта Азиядағы алмазды неге алмады?

3066

Алмаздың үлкенін қоя тұрыңыз, екі саусақтың арасындағы тиер-тимес аралыққа сиятын бір түйіршік алмаздың өзінің бағасы 8 миллион 823 мың 300 теңге. 

Ауғанстандағы көшпелі өзбектен шыққан, түрікпендердің жиені болған генерал Әбділрашит Достым талибандармен соғыс кезінде қару-жарақтың тапшылығынан қатты қиналады. Оның үстіне оның ықпалы жүріп тұрған, халқы өзбек, түрікпен тектес түркі халықтарын негіз еткен Балық, Құндыз, Жазжан, Фараб аймақтары саяси тұрғыда "Достымстан" деп аталып кетті. Мазар-Шәріп қаласын орталық етті. Достымстанды саясаткерлер "Кіші Өзбекстан" деп бағалады. Өзбекстанмен көршілес жатқан бұл жаңа ұлттық аумақтың даңқы мен дақпыртынан, Әбділрашиттың ерлігінің, тазалығының барша өзбектердің жүрегінен орын тауып, бүкіл Өзбекстан халқы оны қолдап кетсе, "билігімнен айырылып қаламын" деп қорыққан Ислам Кәрімов Ауғанстанмен арадағы шекараны жауып тастады. Өзбекстан арқылы келетін кейбір жанармай түрлері жіберілмей, талибандардың соққысы да үсті-үстіне үйіліп, "өзімнің өзбегімнен жақсылық көрем, көмек аламын" деп ойлаған Әбділрашиттың үміті кесіліп, амалсыз негізгі күшін Тәжікстан шекарасына қарай ауыстырған. Осы бір кезеңдер оған ауыр күндер болды, қай-қай жағынан да тығырыққа тіреліп қатты қиналды... Сол кезде Тәжікстан шекарасының ішіне кіріп, сол жерде Орта Азиядағы ең үлкен алмазды құдайдың қалауымен Памир үстіртінен қазып алған.

Осы кезде Әбділрашит Достым ақыры бір байламға келіп Мәскеуге жол жүрді. Әскери өмірдегі маршал Әбділрашиттың атақ-даңқы мен ерлігі алыс-жақындағы көптеген ел басыларына жақын таныс еді. Ельцин оны кезек күттірмей қабылдады. Мінезі қайсар, бір мойын Әбділрашит Памир тауынан қазып алынған, Орта Азиядағы қазірге дейін табылған ең үлкен алмазды Ельциннің алдына қойып:

- Менде осы ғана бар. Осыны алыңыз. Көмегіңіз керек, үмітім таусылып барады, қару-жарақтың тапшылығы қинап тұр. Маған жетерлік қару беріңіз, -деп түйіндейді.

Ельцин осы бір адамның алған бетінен қайтпайтын, жері мен елі үшін адал жүрекпен өзін арнаған жан дүниесін бақылап, үндемей ұзақ қарап отырады.

Әбділрашит те алған бетінен қайтпай өзінің талабын оған жалғасты қояды.

Бір кезде көп бақылап, көп үңілген Ельцин оған разы болып:

- Алмазыңыз өзіңізде қалсын. Сұраған мөлшеріңіздегі қару-жарақты беремін, -деп шынайы адамгершілік қолдау танытады.

Әбділрашит жаңа мүмкіндікпен еліне аттанады. 

Осы керемет алмаз әлі күнге дейін Әбділрашит Достымның өз қолында... 

 

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар