Шын ғалымның созіне дау жоқ! оқыңыздар жолдастар!

3849
Adyrna.kz Telegram

100КҮНГЕ - 100 СҰХБАТ. №48, 17.02.2006 сұхбат. Академик Болат КӨМЕКОВ: «Мен тарихшы емес, инженер болуды армандайтынмын»

«Өзбекке мүмкін болған нәрсе неге қазаққа болмайды?!»
-Қыпшақ тарихында сенсация жасаған ғалым тарихқа қалай келген?
-Кездейсоқ! Жамбыл қаласында, кәнігі чекист, аудан, қала көлемінде милиция басқарған адамның отбасында туып-өскен, орыс мектебін үздік бітіргенмен тарихқа тым қызыққан емеспін, тек инженер-машина жасаушы болуды армандайтынмын. Осы мамандықты оқытатын Ташкенттің политехникалық институтына құжат тапсырдым. Бір ғана емтиханнан өтіп, қабылдандым. Ауылға барып келемін деп жүргенімде СаГУ-де экономика пәнінің мұғалімі Күздеков Көшкін деген ағайым ұшырасып қалды. Амандық сұрасып, мені құттықтап тұрып, кетерінде «бізге биыл араб, қытай, үнді тілі мамандықтары ашылды, оны бітіргендер дипломат болады, шетелде жұмыс істейтін болады» деді де кетіп қалды. Жатақхана келген менің ойымнан естігенім шықпай қойса бола ма! Екі күн дөңбекшіп, ағайыма келдім, «араб тіліне ауысқым келеді» дедім. Ағайым шошып кетті. «Қой, ойбай, ол мамандыққа дәулердің балалары баяғыда «түсіп қойған!» Әрі құжатыңды да бермейді» деді. «Тәуекел! Түсе алмасам келесі жылы келемін!» дедім.
-Сіздің арманыңыз қайда қалды, «шетелдік өмір» өзіне тартып кетті ме?
- Себебін кейін түсінесіз... Ағайымның ректордың алдында бір сағат отырып, құжатымды алып бергенінің, СаГУ-ге келіп қабылдаттырғанының өзі бір хикая! Ал, орыс, өзбек топтарындағы 50 баланың барлығы тек 20 балл алғандар! Өңкей алтын медалистер! Әр орынға 7-8 талапкер болғандықтан ректордың арнайы шешімімен барлық медалистер емтихан тапсырды. Төрт емтиханның үшеуін 5-ке, біреуін 4-ке тапсырдым. Тағы бір өзбек бала 19 балл алды. Ол өзі үшінші жыл келіп отыр екен. Ағасы екеуі ректорға кіріпті. Ректор «резервист етіп қабылдайын» депті. Қазір «резервист» деген жоқ. Оған стипендия, жатақхана берілмейді, бар-жоғына ешкім көңіл бөлмейді, одан сабақ та сұрамайды, тіпті тізімге аты да жазылмайды, орнына «резервист» деген сөз тұрады. Тек семестр соңында емтихан тапсырады. Осындай шартқа әлгі бала – Эминжан келісіпті. Мен құжатымды алып кетуге барсам, таныс болып қалған Эминжан жолығып қалды. «Мен қабылдандым» дейді. «Қайтіп?» «Осындай жолы бар екен».
Мен дереу Көшкін ағама тарттым. Қазақтың қаны бар ағам енді мені ертіп СаГУ-дің ректорына барды. Тура екі сағат отырып, орыс тобына резервист етіп қабылдатып шықты ғой. «Қабылдамасаңыз кетпеймін, өзбекке болған неге қазаққа болмайды?!» депті. Студенттер сәл немқұрайдылау, ал мен... «Кім жауап береді?» Қолымды көтеремін. «Резервист, айта ғой». Екінші семестрде мұғалімдер «кім жауап береді?» демейтін де болды. «Резервист, айтып жіберші» дейді. Екі семестрді де түгел «5-ке» тапсырып, 26-студент болып қабылдандым. 4-курстан соң тұңғыш рет Кеңес өкіметінің студенттерін шет елге жіберетін болды. 2 студент Мәскеу мен Ленинградтан, екеуі – Бакудан, екеуі Ташкенттен. Сөйтіп, тағы да баяғы «резервистер» - Эминжан екеуіміз кеттік... Бағдатта бір жыл оқып қайттық. 1963 жылдың жазында бітірдік.
Сол кезде әкем маған бір әңгіме айтты. «Мезгілі жетті бұл әңгіменің, бірақ, басқа ешкімге айтпа» деді. Мен бала күнімде әкеммен ілесіп Шымкенттің түбіндегі Тассай ауылына, елімізге барғанда үлкендердің «Ештай қары келді» деген сөздерін еститінмін. Әкем сол сөзді растады. «Мен 12 жасымда құранды жатқа білетін қары болып шыққанмын. Сайрам медресесін ұстаған атам бұл оқиғаны той жасап атап өткен, Ташкент пен Тараздың арасынан ғұламалар келген. Біз – дінге жақын жандармыз. Сені ойламаған жерден араб тіліне, Ирак еліне апарып, жетелеп жүрген – әруақтар. Сенің әруағың күшті» деді...
Сонымен оқуды бітірдім. Деканымыз мықты кісі еді, кейін КСРО Сыртқы істер министрлігінде бөлім басқарды, «университетке мұғалім болып қаласың ба, осында немесе Мәскеуге аспирантураға барып оқисың ба, жоқ әлде КГБ-ға тұрасың ба?» деді. Мен «үш жердің ешқайсысына да бармаймын, мен еліме қайтамын!» дедім. Осыған табандап тұрып алдым. Қанша үгіттесе де көнбедім. Декан «дипломыңды бермеймін!» деді. «Жақсы, бермей-ақ қойыңыз, білімім бар, жетеді сол маған». «Ертең кел! Ойлан!» деді декан. Сөйтсем, сол жылы Алматыдағы Тіл білімі институтынан университетке арабист маманға өтініш барған екен. Мен оны білмеймін! Ертесіне бардым. Деканым диплом беріп тұрып: «Сенде принцип бар екен, осыңнан тайма!» деді. Содан Тіл институтының директоры, академик Ісмет Кеңесбаевқа келдім. Ол кісі: «О, айналайын Болатжан, келгенің қандай жақсы болды! Елу арабист келсе де көптік етпейді бізге. Тек бір жайды қалай жеткізерімді білмей тұрмын саған. Бізде орын жоқ» деді. «Қалайша?» «Жолдама жіберген кезімде бар еді, қазір жоқ, қысқарту жүріп жатыр. Жиырма күннен кейін кел, айналайын!». Барамын. «Айналайын, кел, кел!» деп қарсы алады...
Осылай 2,5 ай жүрдім, Әбдіуәли Қайдаровтан директордың қызы Мәскеуде 4-курста оқып жатқанын, орынды соған ұстап отырғанын естідім. «Обал болды саған» деді ол кісі. Бағдаттан қайтарда бізге «шет елге жұмысқа барамын десең, хабарласыңдар» деп Мәскеудегілер телефонын берген болатын. Мәскеуге қоңырау шалдым. «Бір ай күтіңіз» деді. 20 күнде мен жатқан қонақүйге жеделхат та келді, телефон да шалынды. Ісмет ағай «қайтіп оралған соң тікелей өзіме кел, айналайын» деп қоштасты... Мәскеуге келдім. Үш жерді ұсынды таңдауыма. Мен Мысырды таңдадым. Каирдегі сауда өкілдігінде аз күн істедім. Ол жерде менің білімімді байқады да Асуан плотинасының бас сарапшысы, Сталинград ГЭС-ін салған, Социалистік Еңбек Ері Яколев деген кісіге әрі аудармашы етіп, әрі плотинадағы 10 аудармашыға бастық етіп жіберді. Келісім-шартты екі жыл емес, бір жылға ғана түздірдім. Өйткені, менде сағыныш сезімі бар екен, оны Бағдатта байқағанмын... Бір жылдан соң-ақ елді сағындым. Қайтамын дедім. Яковлев жібермейді. Амал жоқ, қалдым. Асуанда жасы келген консул кісі бар еді. Негізі поляк екен. Екеуміз жұмыстармен ана жақ, мына жаққа барамыз, көп араласамыз. Мені жақсы көреді. Көңіл-күйім тіпті төмен түсіп кеткенін көріп, не болғанын сұрады. Мен орысшалап: «Ностальгия, я подвержен ностальгии» дедім. Сөйтіп едім, ол: «Если сильно хочешь, никто не можеть тебя здесь держать. Только я тебе ничего не сказал» деді. Таңертең тоғыз болмай Яковлевке келіп отырдым. Ол келген бойда кірдім де: «Болды, мен қайтамын!» дедім. Ол да менің жан-дүниемді түсінді-ау деймін, рұқсат берді. Тек «үйленген бе едің?» деп сұрады. «Жоқ». «Мен саған үш айға рұқсат беремін, ойланып, таңдаған қызыңа үйленіп, қайтып кел. Мына мамандардың бәрінің әйелі бар, бірақ олардың ешқайсысы жұмыс істемейді. Ал, мен сенің әйеліңді де жұмысқа аламын!».
Содан елге келдім. Ойлану ешқандай ойда жоқ. Аяп Сабырханов деген бірге оқыған, менен екі курс бұрын урду тілін бітірген жолдасым бар еді. Тарих институтында істейтін. Ақша деген менде сабан! Аяпты қыдыртайын, өзім де шаһарды көрейін де соған бардым. Екеуміз әңгімелесіп отырғанымызда үстімізге Бек Сүлейменов деген тарихшы, Аяптың бөлім бастығы кіріп қалды. Ол кісіні көрген Аяп бірден: «Аға, менімен бірге оқыған Болат, аудармашы болып Асуанда істейді» деп айта бастап еді, Бек ағамыз маған: «Жүр!» деді де институт директоры Ақай Нүсіпбековке алып кірді. Бұл 1965 жылдың ақпанының аяғы. «Ақа, мына бала арабист екен, өзі Бағдатта оқыған. Қазір Асуанда аудармашы көрінеді, демалысқа келіпті, осы баланы біз алуымыз керек!» деді де Бекең шығып кетті! Ақай ағай баппен әңгімелесті. Мен Тіл институтына кіре алмағанымды айттым. «Бәрін тағдырдың бұйрығы шешеді. Әйтсе де өзің келешегің қалай болады деп ойлайсың? Қайтып барып, тағы бір мәшине мініп қайтасың ба?» деді Ақаң. Айтпақшы, Яковлев маған «Москвич» сатып алуға рұқсат берген. «Волга» үшін өзің келесің. Жұрт бір мәшине мініп қайтады, мен саған екі мәшине әперемін!» деген болатын. «Жұмыс істейсің бе, оқығың келе ме?» деді тағы Ақаң. «Оқығым келеді менің» дедім. «Оқығың келсе қабылдау жүріп жатыр, он күннен кейін емтихан тапсырасың да аспирантураға алынасың. Филолог тарихшы бола алады. Ойлан!» деді. Екі күннен кейін Яковлевке: «Отбасылық жағдайыма байланысты бара алмаймын. Құрметпен, Болат Көмеков» деп жеделхат жібердім. Осылайша, тағы да менің тағдырым күтпеген жерден басқа арнаға түсіп кетті...
Жетекшім Бек Сүлейменов болды. Тақырыбым: «әл-Фараби еңбектеріндегі Қазақстан тарихына байланысты деректер». Қарасам, әл-Фарабидің 78 еңбегі бар екен, ал, оның ішінде тарихқа байланысты бір де бір еңбек жоқ болып шықты! Үш айдан кейін ғылыми кеңесте осыны айттым. Амал жоқ, маған жаңа тақырып берілді. Үш айдан кейін бұл тақырыпты да жоққа шығардым! Осымен, 9 ай өтті. Тақырыбы жоқ аспирантқа айналдым.
Айтпақшы, Асуанда бізге Мәскеудегі Шығыстану институтының директоры келгені бар-ды. Ол кісі Мысырда жұмыс істеп жатқан жастардың ішінен болашақ кадрларын іздестіріп жүр екен. Біздің адамдар «Болат Көмеков деген жас жігіт бар, білімі өте жақсы, тәртібі де үлгілі» деп менің атымды атапты. Сол кісі мені шақырып алып, «егер оқимын десең бізге кел, аспирантураға қабылдаймыз» деген болатын. КСРО Сыртқы істер министрлігінен де осындай қызметкерлер келген еді. Оларға да таза дипломат өз мамандары керек қой! Менің аты-жөнімді қағаздарына түртіп алып, «қаласаңыз хабарласыңыз» деп кеткен.
Бір күні Ақаңа барып, оқудан жолым болмағанын, Мәскеудегі иә Шығыстану институтына, иә Сыртқы істер министрлігіне кеткім келетінін айттым. Ақаң тағы бір амалын жасап көрейін деді. «Мәскеу мен Ленинградқа бір айға іссапарға бар. Сен өзіңе сол жақтан жетекші тауып келе алсаң, онда мына қалған уақытты соған аударып жіберемін». Мәскеуге келіп едім, олар: «Бізде жаңа және жаңаша тарих, ал, орта ғасырлар, араб мәдениеті Ленинградта, онда бұрыннан келе жатқан Шығыстану институтында» деді. Ленинградқа келіп біраз институттарға кірдім. Ақырында мені олар өзі араб тілін білмесе де орта ғасырдағы түрік-моңғол тарихының білгірі, ірі ғалым деп Кляшторный деген кісіге жіберді. Келдім. Жайымды айттым. «Қанша уақытыңыз бар?» деді Кляшторный. «Жиырма екі күн». «Онда біздің кітапханада жиырма күн жұмыс істеңіз. Сұрағыңыз болса келіп өзімнен сұрап тұрыңыз. Жиырма күннен кейін келесіз». Бітті! Қолымда ешнәрсе жоқ, кітапханаға келдім. Қолжазбалар көп екен. Орта ғасырларға байланысты дүние дегенің шығып жатыр, шығып жатыр. Күніге елден бұрын келемін, елдің ең соңы болып қайтамын. Жиырма күн өтті. Тақырыпты өзім таңдадым. Қолжазбалардың тізімін, жазғандарымның бәрін алып, Кляшторныйға келдім. Ол қарап шықты да «жүріңіз!» деді. Қайтадан жоғарыға, Крачковсийдің шәкірттері, бәрі де әлемге әйгілі ғалымдар отырған араб кабинетіне келді. Халилов деген маған СаГУ-де сабақ берген ұстазымның баласына, Анасқа кірді. Оны Олег дейтін. «Олег, можно Вас?» деді. Мен коридорда қалып қойдым. Бірақ, есік ашық, бәрін естіп тұрмын. «Мына өздерің танитын жас қазақстандық жігіт осынша нәрсені жазып әкеліпті. Осы деректердің бәрі бізде бар ма?» Халилов пен қасындағы Большаков екеуі жазғандарымды қарап шығып, бар екенін айтты. Екеуі де «Болат қыруар жұмыс істепті, өзіміз болсақ та бұдан артық бітіре алмайтын шығармыз» деп жатыр. Бітті! Кляшторный кабинетіне қайтып ертіп келді. «Жарты жылға осында стажировкаға келе аласыз ба?» Жетекші болу жайлы, басқа жайлы әлі әңгіме жоқ! «Келемін!». Ақаңа бар жайды айтып келдім. «Жақсы!» деді ол кісі. Үш айдан соң алты айға стажировкаға жіберді мені. Бес ай өткенде Кляшторный шақырып алып, «мен сізге жетекші боламын» деді. Басқа басы артық бір ауыз сөз жоқ. Аспирантураның қалған бір жарым жылын сонда аудардым. Ақаң тағы бір жыл үш ай қосып берді. Екі жыл, он айда диссертациямды бітірдім.
Бітірген кезде мен жай ғана диссертация жазған жоқпын – мен беймәлім мемлекет аштым. Менің диссертациямды талқылаған кезде тағы бір жағдай болды. Айтпақшы, мен университеттен парсы тілі, араб және француз тілдерін үйреніп шықтым ғой. Ал, Кляшторный маған жетекші боларының алдында қандай шетел тілдерін білетінімді сұрады. Мен: «о-о, мен біраз тілдерді білемін» дедім. Атап-атап шықтым. Сөйтіп едім ол кісі: «Шын ғалым болғысы келетін адамға батыстың үш тілін білу шарт. Сіз енді ағылшын, неміс тілдерін үйреніп алыңыз. Неге? Өйткені, көп ғылыми дүние, әсіресе, сіздің тақырыбыңызға байланыстылары алдымен француз тілінде жазылған немесе сол тілге аударылған. Сосын неміс тілінде. Ал, қазір көбі ағылшын тілінде жазылуда» деген болатын. Мен аспирантурада жүріп бұл екі тілді де меңгеріп алдым.
Сонымен, менің оппонентім 4 томдық араб халифатының тарихын жазған Большаковтың өзі болды. Халилов, басқа да араб, парсы, түрік тарихының мамандары қатысты. Сөзді бірінші Халилов алды. «Мен диссертацияны оқып шыққанда өз көзіме өзім сенбедім. Мұнша көп мағлұматтарды қорыту мүмкін бе деп тексере бастадым. 20-параққа жеткеннен кейін 5 параққа бір тексеру жасадым. 50 параққа жеткеннен соң 20 парақта бір тексеріп отырдым. Осылайша, бәрін тексеріп шықсам да бір де бір қате таппадым». Большаков та бұл керемет жаңалық деді. «Атақты Бартольдтың өзі көшпелілер туралы «бұлар әлі мәдениеті төмен, қалалары жоқ, мемлекеті жоқ, жазу-сызуы жоқ» деп жазса, Көмеков деректерге сүйене отырып, кимектердің қалалары бар, мемлекеті бар, жазу-сызуы бар екенін дәлелдеп шықты. Жаңа мемлекет ашып отыр. Мұндай жаңалықтар кандидаттық диссертацияның арнасына сыймайды. Сондықтан, мұның көлемін ұлғайту керек те, келесі жылы осы жұмыспен докторлық дәреже қорғау керек» деді. Мұны есіткенде отырғандар таң қалды. Бәрі ақырында Большаковтың пікіріне қосылды. Мен өзім болсам жаңалық ашқанымды білсем де оның мәнінің осыншалықты күшті екенін ол кезде сезген жоқпын. Сонымен Кляшторный Нүсіпбековке хат жазды. Ленинградта қорғау үшін тағы бір жылдай күту керек екенін, сол бір жыл уақытты пайдаланып, докторлық дәрежеге қорғауға дайындалу қажеттігін, бәрін жазып шықты. «Институтыңыз тағы бір жыл уақыт бергісі келмесе, онда Алматыда-ақ кандидаттық қорғай бересіз ғой» деді.
Диссертациямды көтеріп, Кляшторныйдың хатын алып Ақаңа келдім. Кляшторный маған хатты әуелі 19 жыл Ақаңның орынбасары болып істеген Дахшлегер деген керемет білімді ғалымға көрсет деген. Дахшлегер де хатты оқып, жұмысымды қарап шығып «Жаңалығыңыз соншалықты тосын, күрделі, институт бір жыл берсе, ойланбай келесі жылы Ленинградта докторлық қорғап шығасыз. Бірақ, маған көрсеткеніңізді Нүсіпбековке айтпаңыз» деді. Сөйтті де конвертті қайтадан желімдеп берді... Ақаң «хатта не жазылғанын білесің бе?» деп сұрады. «Жоқ». «Кляшторный осылай-осылай депті, осы сөздер айтылды ма?» «Айтылды». «Өзің қалай қарайсың, қазір қорғайсың ғой?» «Қорғайын».
-Тұра тұрыңыз, Бәке. Сонда сіз қорғағанда кандидаттықты қорғайсыз ғой?
-Иә.
-Неге «қорғайын» деп тұрсыз. Кляшторный бір жылдан соң докторлық қорға деп отырған жоқ па?
-Себебі, Ақаң «кандидаттық қорға» дегенге келтіріп отыр. Мен соны сездім ғой. Әйтпесе, мұндай жағдай тарихта болмайтын жағдай.
-Ана екі еврей «докторлық қорға, дайын жұмыс» дейді. Қазақ директор «кандидаттық қорға» дейді...
-Иә, солай болды... «Жақсы» деді Ақаң, «сен әлі жассың, кандидаттығыңды әзір қорғай бер, докторлықты да қорғайсың сен. Созба, өзімізде үш айда қорғайтын бол. Басқа жұмыстарды кейін ысырамыз». Бітті! Ақаң айтқандай үш айдың ішінде қорғадым да шықтым. Әлекең, Әлкей Марғұлан басты оппонент болды. Ол кісінің өзі таң қалды.
-Кляшторный не деді?
- Ол не десін, «бәрін институт басшысы шешеді» деді де қойды. Бірақ, маған он жылдан кейін «сол кезде стратегиялық қате жіберіп алыппын» деді. «Сенің мемлекет ашқан жаңалығыңды кандидаттыққа қостырмауым керек еді. Кандидаттық деңгейдегісін ғана алып, мемлекет туралы маңызды, сенсациялық жаңалықтарын кейінге қалдырып, екі-үш жылдан соң докторлық қорғатуым керек еді. Сол менің ойыма келмепті».

«... Саған қиянат жасаған бір жағдайым бар»

-Ары қарай аспирантурада, Кляшторныйда оқыған жоқсыз?
-Жоқ. Тек жыл сайын іссапарға барып, қолжазбалармен жұмыс істеп тұрдым.
-Докторлық жайлы институт басшылары не деді?
-Басшылар ешнәрсе деген жоқ. Докторлығыңа өзің тақырып тауып, жоспар құрып, жұмыс істей бер деді де қойды. Мен өзімше араб деректеріне байланысты қыпшақ тарихымен айналысу керек деп шештім. Кимек тарихына байланысты араб, парсы, түрік тілдерінде жазылған 70 деректі пайдалансам, қыпшақ тарихына байланысты 150 деректі пайдаландым.
-Әрине, қыпшақ пен кимек мемлекеттерін салыстыруға келмейді ғой! Тақырыбыңыз қандай болды?
-«Қыпшақ, құман, кимек тарихына байланысты. ІХ-ХV ғасырлардағы араб деректері». Мен бірақ диссертация жазған жоқпын. Кандидаттығымды 1970 жылы қорғадым, ал 1972 жылы КСРО Ғылым академиясының «Хабаршысы» журналына Тұрсын Сұлтановпен бірігіп «Итоги и насущные проблемы средневековой истории Казахстана» деген проблемалық мақала жаздым. Мен ІХ-ХІV ғасырларды, Сұлтанов ХІV-ХVІІ ғасырларды қамтыды. Мақала шыққаннан кейін Ақаң мені шақырып алып: «Сен жақсы-жақсы мәселелер көтеріп отырсың, мүмкіндік туса осыны толық зерттеу қолыңнан келе ме?» деді. «Келеді» дедім. Содан маған ол кісі 1973 жылы қараша айында «Қазақстанның көне және орта ғасырлардағы тарихы» деген бөлім ашып берді. Және тура сол кезде Қазақ КСР-нің 5 томдық тарихын жазу қолға алынып жатқан болатын, соның 2 томына мен жауапты болдым. Докторлықты жазу жайына қалды. Жылына бір рет Мәскеу мен Ленинградқа қырық күнге іссапарға барған уақытымда ғана қолым тиеді, қалған уақыттың бәрін мына көптомдық кітап алып қойды. Екінші том 1977-79 жылдары шықты. 1983 жылы Әлекең, Әлкей Марғұлан маған батасын берді. «Шоқан Уәлихановтың 5 томдық шығармалар жинағын» аяқтап шық» деді. Көнбесіме қоймады. Ол кезде де мен доктор емеспін. 1985 жылы Шоқанның 150-жылдық мерейтойы өтуі керек.
-Әлекең өзі оның бәрін дайындап берген жоқ па еді?
- І-томын дайындап берген. Дүниенің материалын жинаған ғой. Бірақ, көзі көрмей қалды ол кісінің. Шоқанның бес томдығын шығарып біткенше 1987 жыл болып қалды. Мен докторлық қолжазбамды 1985 жылы берген едім. Бірақ, кейбір жолдастар «бұл тақырыпқа біздің қоғамда қызығушылық жоқ» деген желеумен оның жолын бөгеп тастады. Тарих институтының директоры, кейбір академиктер қарсы. Содан 1994-жылдың басында тағы да іссапарға барғанымда менің жағдайымды естіп жатқан Кляшторный: «Сіздің еңбегіңізді Қазақстаннан гөрі шетелдерде жақсы біледі, бағалайды. Атағыңыз шықты. Енді сіз бізге келіп докторлығыңызды ғылыми баяндама ретінде қорғаңыз» деді. Бұған дейін тек Есік қорғанын қазған атақты Кемел Ақышев ағамыз ғана осы жолмен докторлық қорғаған. «Қорғауға уақытым жоқ» деп жүрген ол кісіге мәскеуліктер: «Сіз қорғамасаңыз болмайды, екі баспа табақ баяндама жазсаңыз жетеді» деген болатын. Маған да қаңтар айында осыны айтты, май айында Ленинградтағы Шығыстану институтында баяндама жасап, доктор атағын алып қайттым!
1994 жылы қорғадым, ал, 1995 жылы Ғылым академиясының корреспондент-мүшелігіне сайлау басталды. Мен де құжаттарымды тапсырдым. Қаншама пәлен жылдық докторлар өтпей, жалғыз мен өттім. Бәрі аң-таң. «Ойбай, Болат былтыр ғана қорғады ғой!» дейді. Мен айтамын: «Мәселе қорғауда емес, мәселе қандай жұмыс бітіргеніңде!».
–Бәке, мен әлі өз-өзіме келе алмай отырмын. Неге Ақаң сізге бірден докторлық қорғаттырмады? Қорғасаңыз ол кісінің өзі де абырой емес пе еді?
-Иә, кейін Ақаң өзі өкінді. Қайтыс боларынан бір жыл бұрын, 1983-жылы ғой деймін, көшеде жолығып қалып:
- Болат, саған қиянат жасаған бір жағдайым бар... – деді. Ал, негізі ондай жағдай бір емес, екі рет болып еді. Екінші жағдай мынау. 1982 жылы 5 томдық Қазақ КСРО тарихы шықты да, сол жылы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. 1-томнан Кемел, 2-томнан мен, 3-томнан Кеңес, Нүсіпбеков, Дахшлегер, өстіп кете береді. Бұл тізімге Әлкей Марғұлан кірмей қалады. Әлекең өзінің сол жылы шыққан «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деген кітабын ұсынды. Таразының бір басында 5 томдық, бір басында Әлекең! Әлекеңнің орны бөлек адам ғой! Содан тізімдегі біреудің орнына Әлекеңді кіргізу керек деген идея туады. Кемелді алып тастауға болмайды, Кеңесті болмайды, бәрін болмайды, жалғыз болатыны Болат болып шығды. Ең жасы да, ең атағы нашары да. Доктор да емес. Мен бұл кезде іссапарда едім, Ақаң телефон шалады. Жұмысымды тәптіштеп сұрап жатыр. Мен аң-таңмын. Бір кезде барып істің мәнісіне көшті. Бәрін айта келіп, «осындай пікір бар, өзің қалай қарайсың?» деді. Тағы да «өзің қалай қарайсың?» ...Мен айттым: «Ақа, ештеңе ойламаңыз, менің орныма Әлекеңді кіргізе беріңіз. Қыруар еңбегі бар Әлекең тұрғанда, маған жол қайда» дедім. Сыйлық солай маған емес, Әлекеңе бұйырған еді... Мен Ақаңның екі жағдайдың қайсысын меңзеп тұрғанын түсінбедім.
- Ақа, олай ойламаңыз, онда тұрған ешнәрсе жоқ, бәрі де дұрыс. Маған «осы тағдырыңды қайталайсың ба?» десе мен оны еш өкінбей тағы қайталар едім, - дедім. Ол кісі маған тесіле бір қарады да үндемеді, жөніне жүре берді.
-Әлекең 5 томдықты жазуға атсалысып па еді?
- Иә, 1-ші және 2-томдарында тараулар жазған болатын.
- Неге ол кісіге сол шаққа дейін мемлекеттік сыйлық берілмеген?
- Міне, осыған мен де таңғаламын! Ол кісінің басқаны айтпағанда, Шоқанның 5 томдық шығармалар жинағын дайындағаны үшін ғана бір емес, екі сыйлық берсе жарасады. Тіпті Лениндік сыйлық берсе де артық етпес еді! Не деген қыруар еңбек!
-Сіздің қолыңызда болса, сыйлықты 5 томдық авторларына бергізер ме едіңіз, жоқ әлде Әлекеңнің еңбегіне ме?
-Әрине, 5 томдықтың авторларына.
-Неге, Әлекең сол еңбегімен әлемді мойындатпады ма?
- Дұрыс, мойындатты. Бірақ, ол тарихтың бір бөлшегі ғана. Әлекеңнің еңбегі 1-томда айтылды және сол 5 томдық қайтадан шығып жатыр. Алғашқы 3 томы шығып та қойды, ешқандай өзгеріссіз дерлік қайта басылды.
-Бәке, қимақтар қайда кетті? Қимағымыз қай жер қазіргі Қазақстанда?
- «Қимақ» емес, кимек. Арабтарда «е» әрпі жоқ. Сол е-ні келтіру үшін «кимак» деп жазады. Дұрысы – кимек. Кимегіміз мына Ертістен, Зайсаннан басталады. Содан Павлодарға дейін.ІХ ғасырдың аяғынан бастап, Х ғасырдың аяғына дейін, бір ғасырдан астам уақыт өмір сүрді.
-Кімдер кірді оның құрамына?
- Кимек патшалығы ІХ ғасырдың өзінде Ертістен, Алтайдан бастап солтүстікке, батысқа қарай бірте-бірте қанат жаяды. Мемлекеттің орталығы сол Павлодар маңында болса керек. Павлодардың өзі болуы да мүмкін. Астананың аты – Кимекия болған. Мемлекет құрамына 3 тайпалық бірлестік кіреді: Торғайдан Сырға дейін жайлаған қыпшақтар, Мұғаджарда астанасы болған құмандар және кимектер. Қыпшақтар батысқа қарай жылжығанда олармен бірге құмандар да, кимектер де жылжып, Еділге жеткен.
- Мұғаджардан ары батысқа қараған аймақ қыпшақтар жылжып алғанға дейін кімнің жері еді?
- ІХ ғасырда Кимек мемлекеті құрылғанға дейін ол аймақта оғыздар, печенегтер, башқұрттар болды. Орталық Қазақстанда қыпшақ, түргеш, әбдеш, кимектер болды. Кимектердің өздерінің тайпалық бірлестігіне жеті тайпа кірді. Ол кезде Сырдың бойында оғыздар, жетісуде қарлұқтар тұрды. Сырға жылжыған қыпшақтардан ығысқан оғыздар екі бағытта – оңтүстікке, бүгінгі Түркмения мен Қорасанға, батысқа, қазіргі Түркия мен Әзірбайжан жеріне, орыстың күнгей даласына қарай жылжыды. Моңғолға дейін бұл далада керей, қоңырат, найман аталмайды. Махмұд Қашқарида «арғу» деген сөз бар, мүмкін сол бүгінгі арғындар болар деп жобалаймын.

...Монғолдар келмегенде біз бәріміз қыпшақ болар едік

-Бәке, тарихшы ретінде түрік сөзінің шығу тарихын айтып бере аласыз ба?
- Орхон-Енисей бойында түрік қағанаты құрылды. Қазіргі моңғол жерінде Х ғасырға дейін түрік тектес тайпалар өмір сүріп келді. Солар бірте-бірте батысқа жылжыған кезде орнына шығыстан моңғолдар келді. Халықтардың миграциясы үнемі тек шығыстан батысқа қарай жүріп отырды, батыстан шығысқа қарай болған емес.
- Менің пайымдауымда, қаңлы, үйсін – сақ тайпалары. Ғұн мен түрік те сондай. Тек оларға тарихқа үйсін мен қаңлыдан сәл кейінірек шықты. Неге біз түрік тектес елдер аталып кеттік?
- Саяси күш қай тайпада болса, соның аты аталады. Түркі этногенезі Алтайдан шықты. Сонда қалыптасты. Түріктер - ғұндардың бір бөлігі. Олай дейтінім, қытай тарихшылары түріктерді ғұндармен байланыстырады.
- «Дешті-Қыпшақ» нақты мемлекеттік атрибуттары бар ел болды ма және ол қанша жыл өмір сүрді?
- Иә, біразға дейін «қыпшақтарда мемлекет болмаған, хандары бар саяси бірлестік қана болған» деген пікір тарихнамада орын алып келді. Қазір бұл пікір айтылмайды. Тілге тиек – кимек мемлекеті тұр ғой. Мен осы мемлекетті аштым. Кимек қағанатының мемлекеттік жүйесін, оның жерін, әлеуметтік жағдайын, барлығын көрсеттім. Осыны бәрі мойындады. Мен бәрі мойындағаннан кейін «қыпшақтар – кимек мемлекетінің мұрагері!» дедім. Оның үстіне өз ерекшеліктерін қосқан мемлекет. Мұрагер болғандықтан ол бұрынғы мемлекеттің жалғасы. Дәстүрі – түрік дәстүрі.
- Тарауының себебі неде?
- Себебі, кимек қағанатының құрамындағы қыпшақтар күшейіп шықты. Кимек қағандарын жойып, солардың орнын өздері басты. Бұл – ХІ ғасырдың басы. Кимектер енді қыпшақтарға бағынды. Бұрынғы мемлекетті қыпшақтар одан әрмен күшейтіп, оғыздардың орнын тартып алды. Хорезм шахтың иелігіне дейін жетті. Осы уақытта «Дешті-Қыпшақ» деген, парсыдан аударғанда «Қыпшақ даласы» деген ұғым пайда болды. Деректерде бұл сөз 1030-жылдан бастап кездесе бастайды. ХІ ғасырдың ортасынан ауа қыпшақтар Еділ өзенінің аржағына жылжиды. Жиырма жылдың ішінде олар Қара теңізге де жетеді. Тағы он жылда Дунайға, Мажарстанға жетеді. Міне, 1070 жылдан бастап 1219 жылы моңғолдар келгенге дейін, Алтай мен Дунай арасындағы осы ұлы даланы саяси күш – қыпшақтар ұстап тұрды. Деректерде «ең күшті мемлекет – қыпшақтар мемлекеті» деген сөз талай рет кездеседі. Бұл елдің екі астанасы болды: Сыр бойындағы Сығанақ пен Жайық бойындағы Сарайшық.
-Деректер бұл елдің халқының санын айта ма?
- Жоқ. Бірақ, түркі тілдес халықтардың ішіндегі ең көбі – қыпшақтар деп жазады.
-Араб саяхатшысы әл-Идрисидің картасы қай уақытта және қаншалықты дәл жасалған? Ол қандай патшалықтарды көрсеткен?
- Карта ХІІ ғасырда жасалған және көрсеткен патшалықтары ХІ ғасырға дейінгі мемлекеттер. Себебі өзі біздің өлкеге келмеген әл-Идриси «менің негізгі дерек көзім» деп Жанақ ибн-қахан әл-Кимекидің, яғни, кимек қағанының ұлы Жанақ деген азаматтың жазған кітаптарын көрсетеді. Ол кітап бізге жетпеген. Мүмкін, бір жерде жатқан да шығар, табылып та қалуы әжеп емес. Ашылмай талай дүние жатыр ғой әлі...
- Кимектердің, қыпшақтардан тікелей бізге қандай да бір әдеби болсын, басқалай болсын мұралар жетті ме?
- Әрине. Кимектердің жазуы көне түрік жазуы ғой. Арабтарда Х ғасырда Абу-Дулуб деген саяхатшы болған. Қазақстанның жерін батыстан шығысқа қарай кесіп өткен. Сол айтады: «кимектердің жазуы бар, қамыстан қалам жасайды» дейді. Кимектер өткен жерден талай көне түрік жазуы табылды ғой. Кляшторный сол жазулардың екеуін оқыды. Алтай Аманжолов та оқыды. Қазақ даласының шығысы мен батысынан, оңтүстігінен табылып жатқан жазулардың бәрі - бір жазу. «Шаруашылығының негізі – мал. Жылқы мен қойға үлкен көңіл бөледі. Түйе солтүстік жақта көрінбейді» деп жазған саяхатшы.
Менің мұраға қадалып отырғаным, Нұрболат Масанов «көшпенділерден ешқандай мәдени мұра қалған жоқ, қалуы да мүмкін емес» деп жазады ғой!
Көшпенділер өмір бойы тек көшіп жүрді дегеннің өзі қате түсінік. Бұл сонау ари, тұр, дай, массагеттер заманында болуы мүмкін. Сақтардың өзінде қалалар болған. Қыста көшпей қыстайды ғой! Таулы аймақтарда жазда да алысқа кетпейді, өзен-көлдің айналасына жайлауға шығады. Жартылай көшпелі деген дұрыс. Егінмен айналысқан жатақтар болған. Кимектер күріш еккен! Тасқа жазылған кимек жазулары жетті. Міне, мәдени мұра! «Кимектердің 16 қаласы бар» дейді. Таласта ағашқа жазылған жазу сақталған ғой. Сүйектерге жазады.
-Моңғол дәуірінен кейінгі қыпшақтардан бізге не жетті?
- Моңғолдар келді. Шыңғысхан «моңғол жерінде біз татарлардан қауіптенуіміз керек» деген. Оған құқұқи мемлекет құру үшін татарларды жою керек болды. Неге? Татарлар моңғолдардың арасындағы ең құрметті, ең ауқатты, ең дәулетті тайпа еді. Татар бар жерде төр – татардікі. Мемлекеттің басшылығына татарлар сайланатын болған. Сондықтан Шыңғысхан татарларды жойды. Таласатын әулет қалмады моңғолдармен. Ұлы далада салтанат құру үшін моңғолдарға енді қыпшақтарды жою керек болды. Қыпшақтардың патшалары «елбөрі» деген тайпадан шығып отырған. Ең ауқатты, ең әулетті тайпа. Осыны Шыңғысхан түгел шапқан. Тірілері тарыдай болып әлемнің шартарабына шашылып кеткен. Депті-Қыпшақта елбөріден ешкім қалмаған. Тағы бір жағдай. Ол кезде тағы бір заңдылық болған – құдалар бір-бірімен соғыспаған. Қыпшақтарда елбөріден кейінгі әлеуметтік сатыда тоқсобалар, яғни, «тоғыз обалар» тұрған. Олардан төмен иетіобалар, яғни жеті тайпалықтар тұрған. Олардан төмен – дөртоба немесе біржоғлы. Әр тайпаның өзінің орны болған. Тоқсобалар бірнеше ғасыр бойы татарлармен, моңғолдармен құдандалықта болған. Елбөріде ондай дәстүр жоқ, тек тоқсобада ғана! Сондықтан моңғолдар келген кезде тоқсобалар моңғолдармен соғыспаған. Соғысу тұрмақ, өзінің әскерімен моңғолдардың сапына тұра қалған. Оның алдында бір жарым ғасыр бойы жарты әлемді билеуге ұмтылған Хорезм патшалығымен соғысып шаршады қыпшақтар. Бұған тоқсобаның мына ісін қосыңыз...
Өстіп, әлсіреген қыпшақтар жеңіліп тынды. Жошы ұлысы пайда болды. Моңғолдар жаулап алған ХІІІ ғасырдың екінші жартысынан бастап-ақ бір жағынан моңғолдардың дәстүрі, мәдениеті, екінші жағынан жергілікті қыпшақ дәстүрі, мәдениеті, осы екеуінің арасында күрес басталды. 1270 жылдардың о жақ, бұ жағында қыпшақ мәдениеті моңғол мәдениетін жеңе бастады. Кейбір деректерде «моңғолдар қыпшақтардан аумайды екен!» деген сөз кездеседі. Алтын Орда – қыпшақтардың мемлекеті, тек саяси билікте моңғолдар отырды. Осыны білуіміз керек! Демек, бұрынғы мәдениет пен дәстүр жалғасын таба берді. Моңғолдар қыпшақтарға сіңісіп кетті. Осыны араб, орыс, басқа да сырт елдерде дұрыс байқай, бағалай білді. Деректер моңғол билеп отырған заманда «Дешті-Қыпшақ» деп жазады. Армян патшасы болса сол ХІІІ ғасырдың екінші жартысында «құман патшалығы» дейді.
Тағы бір айтайын дегенім, неге біздер әлі күнге дейін Шыңғысхан ұрпақтары дейміз? Жоғары дамыған қыпшақ мәдениеті жеңіп отырса да?
-Елбөрінің дәстүрі демекшісіз ғой?
-Міне, міне! Елбөрілер қырылғаннан кейін мемлекетті саяси билейтін әулет қалмады. Елбөрінің орнына Шыңғысхан ұрпағы келді де тұра қалды! Қалғанының бәрі қыпшақ, бәрі бұрынғыша.
-Қыпшақ дәстүрі осынша мықты болып тұрса да қазақ хандығы құрылған кезде оның «қыпшақ» демей, «қазақ» хандығы болып аталуы қалай?
-Қыпшақ ұйытқы болғанымен жаңа халық пайда болды ғой. «Қазақ» деген сөздің өзі қыпшақ арасынан шыққан. Сингармонизм заңына бағынатын қыпшақ тілінен пайда болған. Қазақ. Оғыздардан шықса «қа-зақ» болар еді, қарлұқтардан шықса «қо-зақ» болар еді. Бұл сөздің мағынасы әлеуметтік. Егер ағайындылардың біреуі басқаларына өкпелеп, өз күнін өзі көруге кетсе, ол қазақ болып кетеді. Яғни, елден шеттеп, бостан, еркін өмір сүруге кеткеннің бәрі – қазақтар. Бұл сөз бірінші рет тағы да сол ХІІІ ғасырда Мысырда жазылған қыпшақ-араб сөздігінде кездеседі. Арабша мағынасы – қарақшы, өз күнін өзі көріп жүрген бостан адам.
- Әр нәрсенің бір негізі болады ғой, Бәке. «Қазақ» сөзі «қас сақ» деген, сол қас сақтар, яғни, нағыз сақтар сияқты бостан, азат, еркін елміз деген негізге сүйене шығуы мүмкін бе?
- Әрине, мүмкін. Бірақ, дәл солай деп кесіп айту және қиын. Бұл бір жорамал, болжам ретінде қарастырылуы тиіс. Еркін адам ретінде «қас+сақ» деген жобаға да келеді. Дегенмен, әлеуметтік жағдай ретінде қазақ тек қыпшақтарда ғана емес, хазарларда да болған. Оғыздарда да болған. Ондай деректер сақталған.
-Мұрад Әжі бауырымыз атақты «Қыпшақтар» деген кітабында «қыпшақ тілі орта ғасырларға дейін Еуропаның халықаралық тілі болып келді» деп жазады. Әсірелеуі басым десек те, осы сөз шындыққа қаншалықты жанасады?
-Бұлай деу, әрине, артығырақ. Біақ, қыпшақ тілі ХІ-ХІІ ғасырларда әдеби кайне, яғни көпшілікке ортақ, халықаралық тілге айналды. Себебі, ұлы даладағы керуен жолдарының бәрі солардың қолында болды. Соларға арналып «Кодекс куманикус» жазылды. «Құмандар кодексі».
- Қырым хандығының негізін қалаған қыпшақтар ғой?
-Қыпшақтар. Егер моңғолдар келмегенде, біз бүгін бәріміз қыпшақ болар едік. Моңғол шапқыншылығының орасан зардабы қалаларды қиратуы емес. Ең басты зардабы – пісіп отырған қыпшақ халқын жоюы! Керемет мемлекет және біртұтас қыпшақ халқы пышаққа ілінді.
-Сол қалың қыпшақтың қазіргі қазақ халқының құрамындағы үлесі аз ғана. Басқа тайпалармен салыстыруға келмейді.
-Әрине, қыпшақтар әлемге тарыдай шашылып кетті деп отырмыз ғой. Аз болуының мен басты себебін қазақ-өзбек болып екіге бөлінгенде өзбек халқының негізгі бөлігін қыпшақтардың құрауынан деп білемін. Және сол кезде өзбектің Шайбани, Абдолла секілді хандары қазаққа қарсы рақымсыз соғысты көп жүргізді ғой. Жауынгер қыпшақтар сол кезде көп қырылып кетті-ау.
ХІV ғасырдың бірінші жартысына дейін даланың балама сөзі қыпшақ болса, ғасырдың екінші жартысында өзбек сөзі қыпшақты алмастырды. Әйтпесе, отырған жұрт орнында отыр. Көшіп жүрген тайпалар көшіп жүр. Ешқандай өзгеріс жоқ. Иә салтында, иә шаруашылығында, иә дәстүрінде. Тек қыпшақ өзбекке айналды, өзбек қазаққа айналды. Болды, бітті! Әйтпесе, біз әуелде қыпшақ болуымыз керек еді, сосын өзбек болуымыз керек еді, ақырында біз қазақ болып шықтық. Міне, жағдай осы!
-Тұтас ұлт атын алған Өзбек хан қыпшақ даласының ханы еді дейсіз ғой?
-Иә, иә. Өзбек хан мемлекетінің құрамындағы көшпелі қыпшақтар Мәуреннахрды жаулап алып, сол елге сіңісіп кетті. Ол ел өзбек елі атанды, ал ұлы далада қалған біздер қазақ атандық...


Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ.«ЕВРАЗИЯ-KZ»

Пікірлер