Хазар азаматы: Жастардың үміті Ахмад Масудта, ал көтерілістер тәлібтердің белін сындырады

7231
Adyrna.kz Telegram

Ауғанстанды халықаралық деңгейде лаңкестік ұйым деп табылған "Талибан" қозғалысы тұтас жаулап алды. 1996-2001 жылы Ауғанстанды өз уысында ұстаған аталмыш топтың адам құқығын бұзуға қатысты ақпараттар мен түрлі ұлттарды қудалау туралы фактілер жетерлік. Осыған қатысты біз Ауғанстан азаматы, хазар ұлтының өкілі, бүгінгі таңда Түркияда білім алып жатқан Халықаралық саяси-экономия магистрі, Мармара Университетінің студенті Ясир Рашидтен қысқаша сұхбат алған едік. 

- Армысыз Ясир! Талибан мемлекетті толық басып алды. Неге билік әскері қарқынды қарсылық көрсеткен жоқ, неге тез жеңіліп қалды деп ойлайсыз? Жалпы бұл жеңілістің артында биліктің сатқындығы бар ма?

Ясир РАШИД: Жалпы Ауғанстан мемлекеті құрылғаннан бері дұрыс саяси жүйе құра алмады. Ауғанстан тарихына назар аударсақ, әр 10-20 жыл сайын саяси жүйелердің күйреуіне куә боламыз. Мысалы, Кеңес қолдаған жүйе де жиырма жылға жуық уақыттан кейін құлап тынды. Кейін Моджахедтер мен Талибан режимі, содан кейін АҚШ қолдайтын режим (республикалық режим) да 20 жылдан кейін күйреді. Ішкі және сыртқы факторлар жүйенің күйреуіне себеп болды деп санауға негіз бар. Сыртқы фактор ретінде бұрынғы республикалық режимнің күйреуінің басты кінәсі АҚШ болып табылады. АҚШ бұрынғы Ауғанстан үкіметін білместен, нақты танымастан тәлібтермен мәміле жасады және тәлібтерге саяси заңдылық берді. Саяси заңдылық тәлібтердің ұрыс алаңында да, бейбіт келіссөздер кезінде де саяси және әскери күшін арттыра түсті. Ал ішкі факторда бұл Ауған саясаткерлері, олардың басты кінәсі - қашқын президент Ашраф Ғани екені анық. Этникалық алалаушылықпен ол республиканың құлауына жол ашты. Ұлттық опасыздық жасаған Ашраф Ғани күйреудің басты кінәсі болып табылады. Ол қашып кеткеннен кейін Талибандар "тұтқынға алған" 35 миллион ауғандықтардың жағдайына жауапты. 

- Ауғанстандағы хазарлардың жағдайы "Талибан" билігі орнағаннан кейін қалай өзгерді? Халықтың әлеуметтік жағдайы қалай? Хазарлар арасында босқындар саны көп пе?

Ясир РАШИД: Хазарлар саны жағынан Ауғанстандағы үшінші этникалық топ болып табылады. Хазарлар ел халқының 20-25% құрайды. Хазарлар ғасырлар бойы ең осал халық болды. Талибан билікті қалпына келтіре отырып, хазарлар этникалық және діни тұрғыдан көптеген осалдықтарға тап болады. Хазарларға Талибанның уақытша үкіметінен ешқандай үлес берілмеген. Егер Талибанның ресми үкіметі олардың уақытша үкіметі сияқты болса, онда Хазарлар саяси құқықтарынан айырылады. Басқаша айтқанда, Хазараның 20 жылдық саяси, әлеуметтік және мәдени жетістігі толық жоғалады.
Босқындық туралы, соңғы уақытта Ауғанстандағы барлық этникалық топтар қоныс аударды. Оған соғыс пен лаңкестік тікелей ісер етті. Хазарлар да бүкіл әлем бойынша ауған босқындарының үлкен үлесіне ие. Соңғы айларда, Талибан шабуылдары күшейген сайын, көптеген хазарлар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бірақ нақты статистикалық мәліметтер жоқ. Менің отбасым қазір Ауғанстанда тұрады. Менің ойымша, отбасым туралы осы сөз жеткілікті. Әрине, тәлібтер билікті басып алғаннан кейін өзге хазарларға қысымды арттыра түседі, қазірдің өзінде оның айқын көріністері бар. 

- Ғаламтордан түрлі фотолар мен видеоларды байқап жүрмін. Көбінде тәлібтер хазар ұлтының көрнекті тұлғаларына арналған ескерткіштерді, тарихи және мәдени орындарды қиратып жатыр. Бұл қаншалықты рас?

Ясир РАШИД: Әр түрлі дәуірлерде, хазарлардың тарихы мен мәдениетін толық жоюға көптеген әрекеттер жасалды. Талибандар өз кезегінде Хазарлардың тарихын жоюға тырысты және оны жалғастырып жатыр. Мысал ретінде 2001 жылы Бамьянда Будда мүсіндерін жарып жіберуін айтсақ болады. Бұл жалпы адамзатқа ортақ мәдени ескерткіш еді, соны өзін талқандап тастады. Әрине, осының өзі олардың мәдени ошақтарға қатысты көзқарасын нақты сипаттап тұр. Соңғы күндері Хазарларға тиесілі Баба Абдул Али Мазари (Хазарлардың саяси лидері) мүсіні мен басқа да бірқатар мәдени мүсіндерді бұзу туралы бейнежазбалар тарады. Бұл мәдени ескерткіштерді жоюдың хазалардың мәдениеті мен тарихын құртудан басқа еш мақсаты жоқ.

- Қазір Панджшерде Ахмад Масуд бастаған қарсылық күштері бар. Олар соңғы ұрыстарда жеңіліс тапты. Жалпы қарсыласу қозғалысына көзқарасыңыз қалай?

Ясир РАШИД: Панджер туралы қарама-қайшы жаңалықтар бар. Талибандар Панджшерды толық басып алды деп мәлімдейді. Бірақ қарсылық күштері, провинция толық құлаған жоқ дегенді айтуда. Сондықтан, біз алдағы күндерде болатын оқиғаларды күтуіміз керек. Панджерда жағдай күн сайын күрделі болып барады. Ахмад Масудтың қарсылығына қатысты мен оның жас, білімді және ынталы екенін айтуым керек. Ол - жастардың жалғыз үміті. Ол ұлттық және халықаралық қолдауды қажет ететін тұлға. Мен Масуд жеңеді деп үміттенемін. Ал егер ол жеңіске жетсе, басқа саяси көшбасшылардың қателіктерін қайталамайды деп үміт артамын.

- Талибан билігі нық орнады деп ойлайсыз ба? Жалпы Ауғанстанның болашағына қатысты болжам жасасаңыз.

Ясир РАШИД: "Талибан" уақытша үкіметінің жариялануы бұл топтың билікте тұрақты болмайтынын білдіреді. Талибан жарияланған үкімет этникалық, нәсілдік, тілдік немесе діндік жағынан инклюзивті үкімет емес. Бұл мәселе наразылықты арттырады және бұл топқа қарсы көтерілістер күн өткен сайын күшейе түседі деп айтуға болады. Ақырында бұл топтың ыдырауына әкеледі. Талибанға әлі де елді басқару жоспары қажет. Бағдарламаны қаржыландыру қажет. Бірақ сыртқы көмек қысқартылған соң Талибандарда басқа жеткілікті бюджет жоқ. Қысқасы, халықтың саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайы жақсы болмаған кезде, олар еріксіз наразылық білдіретін болады. Бұл көтерілістер тәлібтердің белін сындыруы мүмкін.

- Сіз Қазақстанда білім алдыңыз, қазір Түркиядасыз. Ауғанстанға қайтып бару ойыңызда бар ма?

Ясир РАШИД: Мен енді ғана магистратураны бітірдім, ары докторантурамен жалғастыруды шештім. Біздің ерік әр нәрседен де үлкен және күшті. Елдегі жағдай мүлде жақсы емес, бірақ біз үмітімізді мүлде жоғалтқан жоқпыз. Біздің үмітіміз - бір күні елге оралып, халқымызға қызмет ету.

- Ясир, сұхбатыңызға рахмет. Сау болыңыз! 

Сұхбаттасқан Асхат ҚАСЕНҒАЛИ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер