Шымкентте Қошқар ата сейілі өтті

2175
Adyrna.kz Telegram
Үшінші мегаполисте Ұлыстың ұлы күні - Наурызға арналған мерекелік іс-шаралар басталды. Бүгін көктем мерекесі – Қошқар ата сейілі өтті. Қала орталығындағы бұлақ бастауында өткен мерекелік жиынға қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына қарасты барлық мекеме ұжымдары қатысты, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Қошқар ата өзенінің бастауында киіз үйлер тігіліп, алтыбақандар орнатылды, қазақтың салт-дәстүрлері көпшілік назарына ұсынылды. Ақ жаулықты әжелер қол диірмен тартып, келі түйді, табаға нан пісіріліп, қала тұрғындарына Наурыз-көже таратылды.
Мерекелік іс-шараны тамашалауға келген қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан ұл баланың тұсауын кесіп, ізгі тілегін білдірді.
Түрлі театр әртістері мерекелік қойылымдар ұйымдастырып, сахналық көріністер ұсынды. Мерекеге келгендер темір ұсталары мен ағаш шеберлерінің, қолөнершілердің бұйымдары мен өнерлерін тамашалады. Өзен жағалап самаурын қойылып, көпшілікке арнап палау басылды.
Айта кетейік, биыл Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар Шымкентте 13 наурыздан бастап 23 наурызға дейін Көрісу күні, Жайлау күні, Шежіре күні, Тарихқа тағзым күні, Игі істер күні, Шымырлық пен шеберлік күні, Nauryz Fashion Day, Зияткерлік күні, Ұлттық тағамдар фестивалі, Гастроном Fest, Ұлыстың ұлы күні және Жоралғы күні деген атаулармен өтеді.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер