Тарихшы: Руханияты мен мәдениеті бірінші орынға шыққан елдің болашағы зор!

2066
Adyrna.kz Telegram

Елімізде 2021 жылдан бастап  «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында «Ел Рухы» бағыты жүзеге асып, мәдениет са­ласында қол­жетімділік пен сапаны арттыру қолға алынды. Отанымыздың құнды мұралар ордасы  - музейдің барлық жетістігімен онлайн режімде таныстыру мақсатында e-culture.kz бірыңғай электрондық платформасын іске қосу көзделіп отыр. Қазақстандағы музейлердің жағдайы қандай? Музей қызметін ұйымдастыруда қандай мәселелерге көңіл бөлген жөн? Осы сұрақтарға 20 жылдан астам уақыт өмірін музей саласына арнаған белгілі қоғам қайраткері, этнолог-тарихшы Тұрар Сәттарқызы жауап берді. 

Көп жыл музей саласында қызмет еттім. Қай жерге барсам да, ең алдымен музейді іздеймін. Өйткені сол жердің барлық тарихын музей арқылы көруге, сезінуге болады.

Музей саласын білмейтіндер «Музей деген бір ескі заттарды жиып отыратын қойма» деп қарайды. Музей бұл – рухани орта, оның киесі, қасиеті бар. Кездейсоқ адам музейге келмейді. Музейдің өз аурасы болады. Музей бұл – үлкен рухани-өнеге мектебі. Жалақысы аз, жұмысы көп, қызықты, тарихы терең жәдігерлермен жұмыс істеу қызықты, көне заттармен жұмыс істеудің зияны да бар. Сондықтан құзырлы органдар музей саласы қызметкерлерінің жалақыларын көтерсе, оның ішінде зияндылығы да ескерілсе екен деп ойлаймын.

Музейлік еңбек жолымды сонау 90-жылдары Ақмола тарихи-өлкетану музейінен бастағанмын.

Ол кездегі музей мамандары біздей жас мамандарды «әр жәдігер бұл –Отаныңның бір бөлшегі, тарихыңның бір беті, сәбидей аялап ұста, оның келесі ұрпаққа жетуі сенің мойныңдағы зор жауапкершілік»,-деп үйретті. Содан кейін көп жылдар бойы біраз музейлерде қызмет еттім. Алғашқы музейлік ұстаздарымның осы сөзі жүрегімде мәңгіге қалды. Музей мамандығы өте қызықты сала. Мәдени-рухани толысасың, мәдени шаралардың басы-қасында жүресің. Көптеген игі жақсылармен араласасың.

Музейдің алғашқы басылымы «Қазақстан музейлері» (қазіргі «Мәдени мұра») журналының шығуының басы-қасында жүріп, осы журналдың қазақша редакциясына жауапты болғанымды мақтан тұтамын.

2002 жылы 17-20 наурыз аралығында Түркістан қаласында «Қазақстандағы музей ісінің өзекті мәселелері; тәжірибе және перспективалар» атты ІІ ғылыми-практикалық конференция өтіп, оның барысында ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры,  марқұм Ұлықбек Шарахынұлы Ибрагимов музей журналын ашу мәселесін көтерді. Сөйтіп конференциядан келген соң, қор бөлімінде қызмет етіп жүрген мені шақырып, Тұрар, сен, телерадиода қызмет еткен екенсің. Журнал шығарғалы отырмыз. Қазақша редакциясы саған жүктеледі деген едім. Тәжірибем жоқ, аға,-дегеніме қарамастан, сенің қолыңнан келеді,-деген еді. «Қазақстан музейлері» журналының алғашқы нөмірі 2002 жылы 5 желтоқсанда шыққан болатын. Биыл журналдың 20 жылдық мерейтойы. Өміршең басылым болғанына қуанамын. Осы журналда жүріп талай игі жақсылармен қызметтес болдым. Дүкенбай Досжан, Жарылқап Бейсенбай ағалдарымыздың қол астында қызмет еттік.

Жалақысы аз болса да, 20 жылдан астам уақыт музейде (Ақмола тарихи-өлкетану музейі, Президенттік мәдениет орталығы музейі, Алтын және бағалы металдар музейі, ҚР Ұлттық музейі, Әскери-тарихи музей) жұмыс істегеніме ешқашан өкінбеймін.

Керісінше рухани толысуыма музейдің көп ықпалы тиді. Бүгінде қоғаммен, өскелең ұрпақпен жұмыс істеп жүргенім сол музейдің, мәдениет саласындағы қызметімнің арқасы деп санаймын. Бірақ бізді дамытпай жатқан кемшілікті де айта кету керек. Мәдени ортаға басшылыққа келгендердің неше түрлі бассыздықтарын көрдім, рушылдық, трайбализм дегенді бастан өткердік. Бастамаң, идеяң үшін қудалау да өтті. Көп дүние музей басшылығына байланысты болады. Көбіне музейден хабары жоқ, кездейсоқ адамдар басшы болып келеді. Көптеген құнды дүниелердің құн-жұны шыққанына куә болдым. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын»,-демекші, ұлт тарихы, мәдениеті жинақталатын, сақталатын музейлерге жанашыр жандар келу керек деп санаймын.

Ұрпағымыз отансүйгіш, елін, жерін, тарихын, ұлттық құндылықтарын құрметтесін десек, музейге бару мәдениетін бала кезінен қалыптастыру керек.

Өмірі музейге бармайтын, балаларын апармайтын ата-аналар бар. Кейде ата-аналар чатында «Балам музейге, театрға бармаймын»,-деп айтты деп жатады. Әрине бала өздігінен ешқашан бармайды. Бала өнегемен өседі. Ата-анасы өмірі қолына бір әдеби кітап ұстамаған, үйінде бір  әдеби кітабы жоқ, музей мен театрды, кітапхананы көрмеген ата-ананың баласы 14-15 жасқа келгенде қайдан барсын? Баланың бойында мұндай мәдениетке деген сүйіспеншілікті алдымен ата-анасы қалыптастыру керек. Сұлулықты, әдемілікті, рухани құндылықты жастайынан сіңіріп өскен бала ешқашан жамандық жасамайды.

Тарих, әдебиет, география сабақтарын музейде өткізілгені дұрыс. «Жүз естігенше, бір көр» демейме халқымыз, бала естігені мен көргенін әрқилы қабылдайды.

Сондықтан өскелең ұрпақты музей арқылы тәрбиелеу керек. Жалпы өзім тарих пен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері алдымен патриот болу керек деп ойлаймын. Өз пәнін сүйіп, оған деген жүрегіндегі махаббатын оқушылардың жүрегіне жеткізе білсе, шәкірттерінің жүрегінде Отанына деген сүйіспеншілікті оянып, туған тілі мен мәдениетіне, тарихына деген құрмет қалыптасары сөзсіз. Музейлер мен кітапханалар көп болса, өскелең ұрпағымыз өнегелі, рухани бай болады. Бала – туғанда аппақ қағаздай болып дүниеге келеді, оған қандай сурет саласың, оған қандай бояу таңдайсың, оның қандай жерде жүргенін, нені көргенін қалайсың, кейін соның жемісін тересің.

Кейінгі 30 жылда үрдіс алған бір жағдай болды. Елімізде қаншама музейлер, кітапханалар жабылды.

Талай музейдің, рухани мекеннің жабылып, оның орнына басқасының ашылғанын көзім көрді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, шетелдегі музейлер ғасырлар бойы халыққа қызмет етіп келеді. Ертеңімізді ойласақ, музейлер мен кітапханаларға тәжірибе жасағанды қою керек. Қандай керемет жәдігерлер, құнды кітаптар із-түзсіз жоғалып кетіп жатыр. Бұл – біздің үлкен қателігіміз, ұрпақ алдындағы кешірілмес күнәміз. Сосын келіп, руханиятымыз құлдырады, мәдениетсіз жастар көп дейміз. Егер аға буын мәдениет пен руханиятқа жүрдім-бардым қараса, жас ұрпақтан не сұраймыз. Мәдени ордаларды ашып-жаба бермей, көбейтуіміз керек.

Тағы бір айта кететін мәселе, қандай музей керемет, ішінде құнды жәдігерлері толып тұрса да, егер сол құнды жәдігерлерді «сөйлете алатын» эскскурсия жүргізушілер болмаса, бәрі бекер.

Музейдің кішкентай жәдігерінің ұлы тарихын, баға жетпес құндылығын терең сипаттап, суреттеп, балаларды қызықтырып, Отанына деген сүйіспеншілігін оята білу үшін гидтердің өзі «жанып» тұруы керек, ізденімпаз, білімді, рухты болуы қажет. Жаттап алғанын айта бермей, жан-жақты ізденіп, өскелең ұрпақты тартатын қызықты оқиғаларды айтып тұрғаны абзал. Жалпы кез келген адам, соның ішінде гидтер «жұмыс уақытым қашан бітеді?»,-деп тұрмай, әр эскурсиясын жаттанды түрде емес, жан-тәнімен, жүректен шығарып айтса, музейге келушілер де көбейіп, өскелең ұрпақтың бойында еліне деген махаббат, мақтаныш оянар еді.

Тағы бір мәселе, бүгінде музей мамандарын даярлайтын оқу орындары аз. Оған баратындар да аз. Неге? Өйткені мәдениет саласының жалақысы аз.

Ал енді көп жылдар бойы музейде қызмет еткен, тәжірибелі мамандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Жақында Елбасы кітапханасының музейінде  қызмет ететін, музейдің тәжірибелі маманы, таныс апаймен хабарластым. Өмір бойы музейде еңбек еткен, бүкіл саналы ғұмырын музейге берген адамды зейнет жасына аз қалғанда жұмыстан шығарып жіберіпті. Міне, біздің музей маманына, ұлт руханиятына деген көзқарасымыз. Музейге, музейдің ыстық-суығын көрген тәжірибелі маманға осындай қиянат жасаған басшылық мәдени-рухани ордада қызмет етуге құқығы жоқ деп санаймын.

Ұлттың ертеңін ойласақ, ұрпағымыз тәрбиелі, мәдениетті болсын десек, мәдени ошақтары көп болуы керек.

Соның ішінде ұлт тарихының рухани ордасы музейлер көп болсын. Ол мемлекеттікі болсын, жеке меншік болсын. Мәселен, Берік Әлібай деген атақты зергер, коллекционер ағамыз бар. Жеке меншік коллекциясында кейбір музейлерде жоқ, талай құнды дүние бар. Бірақ оны жалпы халыққа, шетелдік туристерге көрсететін мүмкіндігі аз. Жәдігерлерді сақтайтын, талапқа сай қор сақтамы жоқ. Міне, осындай жеке меншік музейлерге лайықты ғимарат беріп, мемлекет қолдау жасаса, ұлт руханиятына қосқан үлес болар еді. Мемлекеттік музей ме, жеке музей ме, онда жиналған жәдігердің барлығы ұлт қазынасы емес пе?! Ендеше, ұлт қазынасын ұрпағымызға мақтанышпен көрсету үшін қайсына болсын, мемлекеттік қолдау қажет.

Біз отыз жылдан бері саясат, экономика деп жүріп, басты нәрсені, адамзат үшін ең негізгі руханият пен мәдениетке жүрдім-бардым қарадық. Нәтижесі көңіл көншітпейді.

Сондықтан, енді қалғанынан айырылып қалмауымыз үшін, есімізді жиып, етегімізді жабуымыз керек. Руханият пен мәдениет бірінші орынға шыққан елдің болашағы зор, ұлты мықты болатынын естен шығармау керек. Музей  бұл - елдің тарихы, ұлттың қазынасы. Ал бабалар бізге аманаттап ұлт қазынасына қиянат жасамай,  келер ұрпаққа жеткізу - біздің борышымыз. Ол үшін ұлт руханиятын қорғаушы, келер ұрпаққа жеткізуші - музейлердің жағдайларына назар аударуы қажет. Қаншама құнды жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап отырған, жылдар бойы жөндеу көрмеген, аудандық, ауылдық музейлер бар. Осы мәдени ошақтардың ғимараттарын  жөндеп, арнайы заманауи қор сақтамдар салу керек. Тәжірибелі музей мамандарын музейтану факультеттеріне шақырып, студенттердің білімі мен тәжірибесін ұштастырып, онымен қатар Музейтану бойынша білім жетілдіру курстарын ашылса деймін. Музейде кездейсоқ адамдар емес, білімді, білікті, ұлт тарихына жанашыр адамдар жұмыс істеу керек.

Музейге жаңа басшы келсе, ұнамаған кадрларды жұмыстан шығаруды, қудалауды қойып, музейдің білікті мамандарын қадірлеп, тәжірибелі музей мамандарын «Музейтану» факультеттеріне тарту керек. Ал ең бастысы, ұлтқа, ұрпақтың өнегелі тәрбиесіне қызмет етіп отырған музей саласының мамандарының жалақысын көтеру керек. Музей бұл – өткен тарих, бүгінгі - ғылыми-зерттеу орталығы, ертеңгі ұрпақтың рухани өнегелік тәлім-тәрбиесі...

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

 

 

Пікірлер