Астанада өткен саммит 21 ғасырдың келбетін айқындай бастады - сарапшы

3833
Adyrna.kz Telegram

Астанада 13 қазан күні Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіөтті. Шараға 50-ге жуық шетелдік делегация, оның ішінде 11 мемлекет басшысы келді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Болат Әуелбаев “Адырна” ұлттық порталына пікірін білдірді.

“АӨСШК VI саммитінің ресми ашылуы бастамаларға толы болды. Баяндамашылар әлемде болып жатқан оқиғаларға қатысты өз ойларын ортаға салып, орын алып отырған проблемаларға өз пікірлерін білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Бұл кездесудің барлық ерекшелігін көрсетті. Осылайша, оған мүше барлық елдер өздерін ортақ азиялық қауіпсіздікті қалыптастыру үдерісіне мүдделі қатысушылар ретінде көрсетті.

Өз кезегінде Астана Саммитінің Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК жұмысының маңызды бағыттарын атап өтті. Бұл экономикалық және қаржылық қатынастардың тұрақты жүйесін құру, климаттық күн тәртібі, азық-түлік қауіпсіздігі және гуманитарлық өлшем.

Расында да, қарқынды дамып келе жатқан азиялық аймақтар мен мемлекеттер қазіргі әлемдік үдерістерде ерекше орын ала бастады. Азия үкіметтері Азияның жаһандық үдеріске қосатын экономикалық үлесіне сәйкес халықаралық қатынастардың жаңа тең құқылы жүйесін құруға ерік-жігерін тұрақты түрде көрсете бастады”,-деді сарапшы.

Сондай-ақ, ол Астана конференциясының алға қойған мақсатында айта кетті.

“Азия елдерінің жиынтық экономикалық өсімі орасан зор. Өндірістің интернационализациясы, цифрлық технологиялар және белсенді әлеуметтік-экономикалық өзара байланыстар жаңа мүмкіндіктер туғызып, Азияның жаңа келбетін қалыптастырады. Бұл Астанада өткен саммит 21 ғасырдың келбетін айқындай бастады.

Экономикалық, қаржылық, өнеркәсіптік, көліктік, логистикалық және ақпараттық жүйелерді интернационалдандыру процесінде конструктивті халықаралық қатынастарды құруға сұраныс артып келеді.

Іс-шараның барлық қатысушылары ортақ сенім шараларын ілгерілету ниетін растады. Бұл тұрғыда Қазақстан тұрақты қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға жәрдемдесу саясатына адал болып қала береді!”,- деп сөзін қорытындылады.

Пікірлер