«Әкімдер жаяу жүрсін дегенді науқанға айналдырмаған жөн»

3041
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген отырыста әкімдердің өз қаласы мен ауылын жаяу аралау керегін айтқан. Бұл әлеуметтік желіде қызу талқы тудырды. Қолданушылардың кейбірі жаяу жүргенмен жұмыс бітпейтін айтса, енді бірі желіде әкімдердің жаяу жүрген бейнесі көп тарайды деп болжайды.

Тоқаевтың мұндай тоқтамға келуіне өмір тәжірибесі, Еуропа елдерінің басқару жүйесі жетістіктеріне арқа сүйеуі әсер еткені байқалады. Президент өз дәйектемесінде кәрі құрлық қалаларын басқарған «қарапайым» әкімдердің әрекетін алға тартты.

ҚАЛА ЖӘНЕ ҚАЛАЛЫҚТАР

«Қалалардың, оның ішінде Астананың жайлы болуына көңіл бөлуіміз керек. Қазір қалалардың жай-күйі көңіл көншітерліктей емесін мойындауымыз қажет. Балалар алаңдары жабдықталмаған, үйлер тозған. Мысалы, біз шетелге барамыз. Әсіресе, Шығыс Еуропадағы Балқан қалаларын алайықшы. Олардың бюджеті әлдеқайда аз, ал қалалары өте таза», - дейді Тоқаев.

Тоқаев өз баяндамасында азаматтық қоғамды қалыптастыруды қала тұрғындарының экологиялық мәдениетінен бастағысы келеді. Оның пайымдауынша, қаланың жай-күйіне ең алдымен жергілікті билік және қала тұрғындарының өзі жауапты.

«Біріншіден, бұл – муниципалды биліктің жұмысы. Екіншіден, қала тұрғындарының да қатысы бар. Біз бәріміз қала тұрғындарының өз көшелеріне, үйлеріне және тағы басқаға мүлдем немқұрайлы қарайтынына тап болып отырмыз. Әрине, бұл еліміздің имиджі мен беделіне әсер етеді. Айтпақшы, мұндай жағдай елордада болып жатыр. Осыған дейін мен тек қала орталығы емес, оның шетіндегі елдімекендер Астананың жоғары мәртебесіне сай болуы керек деп бірнеше рет айттым», - деді мемлекет басшысы.

Баяндама арасында тосын тапсырмалар да берілді. Әкімдерге Қазақстан қалалары мен аудандардағы мәселелерді тереңдете, індете шешу үшін «ауыздан ауызға» тараған аңыз-әңгімелерге жүгінбей, ел ішін ел қатарлы аралауы тапсырылды.

«Сіздер Астана немесе облыстық маңызы бар қалалар болсын, тіпті мәртебесі одан төмен қалалардың жай-күйі өте нашар екенін білесіздер. Мұнда барлық деңгейдегі әкім, мәслихат өкілдері қатысып жатыр. Мәселеге назар аударыңыздар. Жақында сюжет көрсетілді: Семейдегі ойын алаңын пайдалану қауіпті. Әкімдер өзі басқаратын қалалар мен елдімекендерді жаяу аралауға тиіс. Бұл Астанаға да қатысты,»- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«КІМ БІРІНШІ БАСТАЙДЫ?»

Президенттің бұл айтқандары әлеуметтік желі қолданушылары арасында арасында едәуір талқыланды. Ел басшысының атаулы баяндамасының жұрт назарын аудартқан тұсы да осы болған сияқты.

Пікір білдіргендер арасында қарапайым адамдар да, белсенділер мен журналистер де бар. Мәселен, журналист Риза Исаеваның пікірі мынандай:

«Әкімдер жаяу жүрсін… Мхм, ел араласын, жұртпен аралассын, проблеманы өзі көзімен көрсін деген мағынада ма? Әлде, кешқұрым, свитасымен серуендесін деп тұр ма? Екеуі, екі бөлек мағына ғой. Спичрайтер [баяндама жазушы маман] мырза нақтылап жіберсеңіз. А так, біздің аядай ауылдың әкімі онсыз да жаяу жүреді. Кім жазса да, ауылдардың әкімдігін барып, ғимаратын көрмеген, ауылда тұрмаған адам жазған ғой,»- деп пікір білдірген.

Әкімдердің жаяу не қызметтік көлікпен көше кезіп, қыр асуына қарағанда өнімді қарекетімен ел жүрегінен орын алуы маңызды екенін мақұлдағандар да бар. Олар аймақ аралап,  «ақырын жүріп анық басуды» қаперінде ұстауы тиіс әкімдерге Президент сөзін жеңіл түрде тәпсірлеп те берген. Әрине, әкімдердің шаш ал десе, бас алатынын білгендіктен:

«Әкімдер көшеде жаяу жүрсін, деген науқанға дереу кірісіп кетпеген жөн. Әліптің артын бағыңыздар. Кім бірінші бастайды, сол ертең ХИТ болады (80% негатив жағдайда). Президент одан да маңызды шаруаларды айтты. Мысалы, жұмыс орындарын ашу, азық-түлік бағасын реттеу, инфрақұрылымды жақсарту т.с.с.  Нақты істен сөзіміз көп болып кетті, деді Президент.  Бұл жерде арзан пиарларың мен бітпейтін жиналыстарыңды азайтыңдар, нәтижесі бар нақты жұмыс көрсетіңдер, деп тұр,»- дейді Ғабит Ұзақбай есімді қолданушы.

«ӘКІМДЕР ЖАЯУ ЖҮРСІН ДЕГЕНДІ ҚОЛДАМАЙМЫН»

Әкімдердің жұмыс уақытының тиімді өтуіне алаңдап, әкімді жаяу жүруге қимағандар да табылды.  Үйтолған Жареке есімді қолданушы өз өңірі әкімінің жұмыс кестесіне жаяу жүру аса нұқсан келтіретінін айтып, шыр-пыр болады.

«Әкімдер жаяу жүрсін дегенді қолдамаймын өз басым. График қайда қалады? Тексерудің басқада нәтижелірек түрлері бар ғой. Мысалыға Нәлібаев таңертең ерте әртүрлі көлікпен тазалық, басқа да жұмыстарды тұрақты бақылап тұрады екен. Қай көлікте отырғанын білмейсің. Бірақ жұмыс басталар-басталмас бар картина қолында,»- дейді ол.

Десе де, әлеуметтік желіде президенттің дегеніне меңзеп «Менің міндетім айту, орындамаса өздері білсін дейтін сияқты», «Айтады да қояды, айтқаны орындалып жатқанын көрмедім», «Ғабидолланың [велосипедпен жүріп, ел есінде қалған әкім] идеясын ұрлап, "жаңа идея" ойлап тапқан» деген сияқты пікірлерді де байқауға болады.

Мұның бәрі бір жағы «халық үнін еститін үкімет» идеясының қоғам арасында әлі қолдау тауып, жалаң ұраннан шынайы қадамға ұласа қоймағанын айғақтайтын сияқты.

Қарапайым міндеттің қоғам талқысына сондық қатты ұшырауы әкімдер қызметінің әлі де болса жандануы, ширауы, жетілуі тиіс екендігін көрсетеді. Пікірлердің көбінен халыққа қажеті – әкімдердің жаяу ел аралауы емес, әлеуметтік өмір сапасының артуы екенін аңдауға болады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер