«Қараусыз қалған саяжай». Талғар аудандық саяжай тұрғындарының жан айқайы

1339
Adyrna.kz Telegram
Фото: Tengrinews.kz
Фото: Tengrinews.kz

Талғар ауданындағы саяжай тұрғындары ондаған жылдар бойы өркениет игілігінен оқшау өмір сүріп келеді. Саяжай аймағының ауыл мәртебесі жоқ, сол себепті сол аудан тұрғындары газдандыру, жарық, тіпті ауыз сумен қамту сынды коммуналдық мәселелерді өздері шешуге мәжбүр, - деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Тұрғындардың айтуынша, олардың үйлері газдандырылмаған, коммуналдық төлемдерді төраға дегендерге төлеп, бағаны айтарлықтай шарықтатып жібереді. Мұның барлығы, тұрғындардың айтуынша, қарапайым ғана себеп: Талғар саяжайларында ауыл мәртебесі жоқ. Олар саяжайлар Кеңдала ауылының құрамына енгенде, мәселелері шешіледі деп сенеді.

«Жарық үшін біз киловатына 32 теңгеден 40 теңгеге дейін төлесек, көршілес Талғарлықтар 24 теңге төлейді. Төрағалар шығындарға байланысты бағаның шарықтап кеткенін алға тартады. Біз қандай шығын туралы айтып отырғанымызды түсінбейміз. Жарықты біз Еңбекшіқазақ өңірінен аламыз. Қоқыс үшін айына 1200 теңге төлейміз, судың текше метрі 100 теңге. Төрағаға ақша төлейміз, әр саяжайдың өз төрағасы бар. Әрине, олар соманың бір бөлігін өздеріне қалдырады. Газды жеке компаниялар арқылы жеткіземіз. Қазір бұл сән-салтанаттың құны пеш, қосалқы бөлшектер және басқа да шығындарды есептемегенде шамамен 450 мың теңгені құрайды», - деп шағымданды саяжай тұрғыны Клара.

Бұған дейін Кеңдала ауылындағы 100-ге жуық отбасы биылғы қыста жылусыз қалуы мүмкін екені хабарланған болатын. Тұрғын үйлерге құбыр тарту үшін ақша төлеп, ескі көмір пештерін бұзып тастағандарын айтып, шенеуніктердің ауылға газбен жылыту тартылады деген сөзіне сенген жұрт. Бірақ қандай да бір себептермен жоба тоқтап қалған.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер