Қайырымдылық үйлері. Батпан құйрықтың артында не тұр?

4441
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөз бетінен
Фото: Ашық дереккөз бетінен

Әңгімемізді трендке айналған тенденциядан бастасақ. Қазір қоғамда жақсылық жасаудан жарысатын жандар көп. Мектеп оқушысынан бастап, мүйізі қарағайдай азаматтарымызға дейін қайырымдылық үшін көмек жинап жатады. Әрине, көбіне ақшалай. Жиналған қаражаттың қайда кететінін сұрап қалсаң, балалар үйіне, қайырымдылық үйіне және тағы басқа деп жауап береді кейбірі.

Мақұл, жөн-ақ. Ізгіліктің тамыр жайғаны жақсы құбылыс. Бірақ сол жиналған қаражаттың қайда кетіп жатқанына кейде көзіміз жете бермейді. Қаптаған қайырымдылық қорларының көптігі соншалық атынан, тіпті санынан шатасуға болады. Көшеде келе жатсаң, қолына қорабын ұстаған жастар жүгіріп жетіп келеді. Қораптың сыртында белгісіз бір қордың  не қайырымдылық үйінің аты жазылғанын байқайсың. Бірін сөзге тартып сұрасаң, ештеңе айта алмайды. «Бізге жинауға ғана тапсырма берілген» дейді. Сол үшін ақы алатынын айтады.

Мұның өзі көңілге күдік ұялатпай ма? Адамдар неге қайырымдылық үйлерін ашуға құмар болып алды? Одан не пайда? Жалпы қайырымдылық үшін біреулер қалтасындағы соңғы тиынын тастаса, ал кейбіреулері бума-бума ақшаларын атайды. Жинаушылар оны алып, үйсізге үй әперіп, жағдайы жоқты жарылқайтыны бар. Есебін жалпыға ортақ қылып әлеуметтік желіде жариялайды. Ал есепсіздері қаншама?! Бұдан қайырымдылық қорлары пайда көрмесе, не үшін жасайды деген сұрақ туындайды. Себебі есептің заманы ғой. Кейбір қайырымдылық үйлері жетекшісін сұрақ астына алсаң, астарлап ақыры ашығын айтпай кетеді. Табысын жасырады. Осыдан кейін қалайша, жаман ойламауға болады.

Қайырымдылықты жоспарлау мүмкін емес. Кей кәсіпкерлер мемлекетке салық төлеуден қашып (жасырын), табысының жартысын қайырымдылық қорларына аударады. Оның есебі сұралмайтыны анық. Ал қор түптеп келгенде кәсіпкерге жақын адамға тиесілі болып шығады.

Өкінішке қарай, қайырымдылықтың осындай қайырымсыз түрлері де бар. Олар орын алып та жатқан шығар. Қысқасы, бұл құбылыс әлеуметтік желілерде де ашық көрініс тапқан. Қайырымдылық үшін қаражат жинауға үндеген блогерлердің бейнежазбаларынан көзің сүрінеді. Әрине, көпке топырақ шаша алмаймыз. Бірақ оның артында кімдер тұрғанына үңіле де бермейміз. Бұл ауруға айналғаны соншалық, артын сұрастырмай аузын ашқанға аудара салатынды шығарғанбыз. Бұл дерт емей немене?

Тіпті кейбір қайырымдылық мекемлері өз тәрбиеленушілерін базар мен сауда орындарына қаражат жинауға жібереді екен деген сыбыстарды құлағымыз шалып жатады.

Бұдан бөлек, қайырымдылық мекемелері деген кейбір ұйымдарға қатысты біраз шу шығып, елді дүрліктергені де рас жыл басында. Тіпті олардың қауіпті діни ағыммен байланысы туралы ақпараттарда таралды

Барлық ақпарат жүз пайыз сенімді деп айта алмаймыз, әрине, дегенмен жел тұрмаса шөптің бас қимылдамасы анық.

Қайырымдылық атын жамылған ұйымдардың негізгі мақсаты қандай және көксегені не деген сұрақтың туындауы бұл заңдылық.

Жалпы, айтпағымыз қайырымдылық қайырлы болса екен. Қаражатыңыз қайдағы жоқ біреудің қалтасына кетпей, шын мұқтажға жетсе екен деген тілек пен талпыныс.

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

 

Пікірлер