Мұнайшылар наразылығына бір аптадан асты

2326
Adyrna.kz Telegram
фото: Vlast.kz
фото: Vlast.kz

Қазнетте «БозашыТрансҚұрылыс» ЖШС қызметкерлері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа және «ҚазМұнайГаз» басшылығына арнап үндеу жариялаған видео тарады.

Олар өз үндеуінде West Oil Software компаниясының қызметкерлерін толық қолдайтынын айтып, талаптарының толық орындалуын талап етеді. Сонымен қатар, «БозашыТрансҚұрылыс» компаниясының қызметкерлері еңбек дауы кезінде жұмысшыларды қудалауды тоқтатуға шақырады.

Осыған ұқсас үндеуде мұнай өндірісін химияландыру қызметкерлері де West Oil Software жұмысшыларының талаптарын қолдайтындықтарын және олардың ынтымақтастығын жариялады.

Бұған дейін Маңғыстауда West Oil Software мұнай сервистік компаниясының қызметкерлері ереуілге шыққанын жазған едік. Олар «ҚазМұнайГазға» қосылуды, сондай-ақ оларға бірыңғай жалақы жүйесін қолдануды, материалдық-техникалық базасын жаңартуды талап етеді.

Айта кетсек, желтоқсанның 11-і күні кешке ереуілшілер ауа райының қолайсыздығына қарамастан тарамайтындарын, наразылықтарын жалғастыратындарын мәлімдеді. Жұмысшылардың айтуынша, оқиға орнында арнайы полиция қызметкерлері кезекшілік етуде.

Интернетте тараған ереуілшілердің видеосы белгілі бір ер адамның «Шатыр тігуге болмайды дейді, шатыр орнатуға рұқсат бермейді» деген дауыстар естілді.

Кейін Энергетика министрі Алмасадам Сатқалиев ереуіл туралы түсініктеме беріп, қажет болған жағдайда аймаққа баруға дайын екенін, алайда әзірге мәселе тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы қарым-қатынас саласында екенін айтты.

«ҚазМұнайГаз» компаниясының төрағасы Мағзұм Мирзағалиев те ереуілге қатысты өз пікірін білдірді. Ол компания ереуілге шыққан жұмысшыларды жұмысқа ала алмайтынын айтты.

Сонымен бірге ол компания West Oil Software жабдықтарын жаңартатына уәде берді.

Пікірлер