Күйеуін өлтірген. Иранда «бала келін» атанған Самира Сабзиан дарға асылды

6046
Adyrna.kz Telegram
Фото: әлеуметтік желіден
Фото: әлеуметтік желіден

Иранда «бала келін» атанған 29 жастағы Самира Сабзиан дарға асылды.  Ол 10 жыл бұрын өлім жазасына кесілген. Бұл туралы The Times басылымы Iran Human Rights құқық қорғау ұйымына сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

2009 жылы 15 жасар Самира жасы үлкен адамға тұрмысқа шығуға мәжбүр болып, туыстарының айтуынша, кейіннен жүйелі түрде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған. 19 жасында оған күйеуін өлтірді деген айып тағылды. Сот өлім жазасын тағайындады, бірақ оның орындалуы бюрократиялық себептерге байланысты жүйелі түрде кейінге қалдырылды. Бойжеткен қатаң режимдегі түрмеге жіберіліп, 10 жыл бойы өлім жазасын күтумен болды.

Тұтқынға алынған кезде Самира Сабзианның екі баласы және ішінде сәбиі болды. Оған балаларымен он жылдан кейін тек бір рет – желтоқсан айының басында, өлім жазасына кесілгенге дейін кездесуге рұқсат берілді.

Айта кетейік, Иранда қыздардың заңды некеге тұру жасы 13 жас, бірақ әкесінің немесе атасының келісімімен олар одан да ерте тұрмысқа шыға алады.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, Иран әйелдерді өлім жазасына кесу бойынша әлемдік рекордқа ие. Олардың мәліметінше, Самира Сабзиан 2023 жылдың басынан бері дарға асылған он жетінші әйел болды.

Пікірлер