Құпия құжаттар қолжетімді бола түсті

10136
Adyrna.kz Telegram

Бүгін саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытынды отырысы өтті. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен жиынға тарихшы ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. 

Ерлан Тынымбайұлы архив материалдарын кедергісіз пайдалану үшін ондағы құжаттардың құпиялығын жоюмен айналысатын арнаулы ведомствоаралық комиссия құрылғанын айтты. Осының арқасында ол 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия деген белгі алынып тасталғанын ескертті. Мұны ғылыми ортадағы бірегей тәжірибе деуге болады.

«Мемлекеттік комиссия саяси қуғын-сүргінге ұшыраған 311 мыңнан астам (311 349) адамды ақтау үшін қолданыстағы заңнама аясында нақты жұмыс жүргізді. Бұл механизм өзінің тиімділігін көрсетті, оны болашақта да пайдалануға болады. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын іс жүзінде ақтау үшін осы табылған құжаттардың негізінде нақты шаралар қолға алынуға тиіс. Осылайша, Мемлекеттік комиссия өзінің басты міндетін табысты орындады. Бұл жұмысты ары қарай XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы жалғастыратын болады», – деді ол.

Алаштанушы, ғалым Дихан Қамзабекұлы құжаттарды құпиясыздандыру өте маңызды болғанын айтады. Себебі ол аталған қадам арқылы Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіндегі біраз құпия құжаттар қолжетімді болғанын ескертті.

«Бүгінгі жиынның мәні ерекше болғанын атап өткен жөн. Себебі саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөіндегі комиссияның үш жылғы жұмысы қорытындыланды. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мырза бәрін жүйелеп айтып, түсіндіріп берді. Бұл бастаманың ерекшелігі неде және осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды деген сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Жалпы осы комиссияның арқасында 400-ден астам ғалым қатысқан ауқымды іс атқарылды. Сондай-ақ ел ішіндегі және шет елдегі 60-қа жуық архивтерде жұмыс жүргізілді. Оның ішінде екі миллионнан астам құжат қаралып, 700 мыңға таяу құжат Президент архивіне тапсырылды.

Бұл комиссия елдіктің деңгейін арттырып әділдік пен заңдық қағидаттардың орнағанын көрсетеді. Елдің бұған дейінгі сұранысы жүзеге асты. Мен осы комиссияның әдіснама бөлімінде жұмыс атқардым. Осы уақытқа дейін орталықтағы және жергілікті жердегі ғалымдар мен зерттеушілердің басын қосқан 20-ға жуық жиын өтті. Құжатты пайдалану мен жүйелеудің жай-жапсары сараланды. Бұл жерде ғалымдардың азаматтық жауапкершілігі мен кәсібіи адалдығы көрінді. Қазақтың «Жоқ табылмайды емес, қарауы жетіспейді» деген әдемі сөзі бар. Сол айтпақшы,жоқты іздеуге мүмкіндік тудырған комиссия болды», – деді ғалым.

Дихан Қамзабекұлы комиссия жұмысы туралы айтқан кезде Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын еске алды. Себебі ол қазақтың арғы-бергі тарихын хатқа түсіруді Алаш арыстары қолға алғанына назар аудартты.

«Қазақтың жоғын іздеу сонау 1920 жылы басталды. Бүгінгі тілмен айтсақ ол кезде Ахмет Байтұрсынұлы Оқу ағарту министрі міндетін атқарып тұрған. Сол кезде академиялық орталық, түрлі мәдени қауымдар құрылып, соның арқасында елдің ішіндегі мұралар жинақталған болатын. Ақаңның сонда айтқан «Мұра жинау ақша және адам күшімен болады. Бірақ тым ақшаға қызығып кетпеу керек. Бәрін бірдей ала бермей, парасатты адамның көзқарасымен іріктеп алу керек» деген тамаша сөзі бар. Негізі қазақтың мұраларын жинау 1917-1918 жылдардан басталған. Кейін Совет үкіметі құрылғаннан кейін қазақтың тарихи мұраларын зерттеу жаңаша сипат алған еді.

Ал Саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жанынан Жобалық офис құрылды. Әр өңірде құрылған бөлімдер тиянақты жұмыс істеп, комиссияның беделін артыра түсті. Осы уақытқа дейін 70 томға таяу кітап әзірленді. Халық барлық дерек кітапта тұр деп қабылдамай, ондағы ақпараттарды бойына сіңіруі керек», – деді алаштанушы.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер