Нүкенованың өлімі. Күдікке ілінген экс-министрдің ісін кім қарайды?

1035
Adyrna.kz Telegram
Ашық дереккөзден
Ашық дереккөзден

Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі сотқа жолданды, деп хабарлайды “Адырна” порталы.

Бұл ақпаратты жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Мұхамади мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарамақ.

Осы тұста Астана қалалық соты да қос күдікті Қ.Бишімбаев пен Б.Байжановқа қатысты қылмыстық іс келіп түскенін растаған.

Салтанат Нүкенованың “өліміне қатысы бар” деп күдікке ілінген Бишімбаевқа ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы, адам өлтіру, басқа адамға қатысты құқыққа қарсы қасақана аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру, ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша кiнәлi адамға материалдық жағынан тәуелдi адамға қатысты жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылып отыр.

Ал екінші күдікті Байжанов ҚК-нің 432-бабы, аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу және ҚК-нің 434-бабы, белгілі аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айыпталуда.

Экс-министрдің ісін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы, судья Айжан Құлбаева жүргізетіні мәлім болды.

Төраға бұл қызметке Президенттің 2022 жылғы 28 желтоқсандағы Жарлығымен тағайындалған.

Еске сала кетейік, 3 ай бұрын Қуандық Бишімбаев өзінің әйелі Салтанат Нүкенованы «қатігездікпен өлтірді» деген күдікпен қамалған еді. Қайғылы оқиға 2023 жылы 9 қараша күні елордадағы BAU мейрамханасында болған.

Пікірлер