Павлодарда балабақша директоры мен бас есепші 63 млн теңге жымқырған

1034
Adyrna.kz Telegram
tengrinews.kz
tengrinews.kz

Павлодарда 63 млн теңге жымқырғаны үшін балабақша директоры мен бас есепшісі сотталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

62 жастағы қала тұрғыны балабақша директоры лауазымында жұмыс істеп, есепшісімен бірге өзіне сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде жымқыру жолымен ұрлап кеткен.

Директор мен есепші жеті жыл ішінде заңсыз бірнеше штаттық бірліктерді белгілеп және белгіленген бірліктерден тыс қосымша төлемдерді өз пайдасына заңсыз есептеп отырған. Сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аудармалар жасаған.

«Осылайша қаскөйлер мемлекетке жалпы сомасы 63 млн теңгеге жуық материалдық шығын келтірді. Сот оларды ҚР ҚК-нің 189-бабында (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп тауып, жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады»,—делінген хабарламада.

Бұрынғы балабақша директоры Абай облысы ҚАЖД-ға қарасты № 23 мекеменің карантин бөлімшесінде жазасын өтеуді бастады.  Сотталған азамат өз кінәсін мойындады, мемлекет пайдасына және жәбірленушілерге келтірілген борыштың бір бөлігін төледі. Қалған борышты төлеу үшін жазасын өтеу барысында жұмысқа орналасып төлеуге де дайын.

«Ал бұрынғы есепшіге қатысты, сот сотталушының бес жасар қызы бар екенің ескеріп, оған бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді кейінге қалдырды»,—дейді мекеме бастығының орынбасары Анар Сабиева.

Пікірлер