Төрт жылдың ішінде әскердегі 86 адам өз-өзіне қол салған - Бас әскери прокуратура өкілі

2055
Adyrna.kz Telegram

Әскерде өз-өзіне қол салу деректерінің  артқанын сенаттағы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев жоққа шығарды. Оның айтуынша, өз-өзіне қол салу фактілері әскерде жиі болады деген қоғамдық пікір - негізсіз, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Мақсат Қазиев өз баяндамасында 2020 жылдан бастап 270 әскери қызметкер көз жұмғанын хабарлады. 2020 жылы 78, 2021 жылы 96 адам, 2022 жылы 85 адам және 2023 жылдың басынан бастап 11 әскери қызметкердің жан тәсілім еткені айтылды.

Прокурор пайыздық деректерді алға тартып, әскердегі өлімді "ақтап алуға" тырысты. Оның айтуынша, әскерилердің 36%-ы аурудан, 24%-ы апат салдарынан және 20%-ы суицид кесірінен көз жұмады.

"Өзін-өзі өлтіру жағдайлары баршаны алаңдатады. Түрлі мәліметтер бойынша, халық арасындағы суицид деңгейі бойынша Қазақстан әлемнің 20 елінің қатарына, ал жасөспірімдер арасында алғашқы үштікке кіреді. Құқықтық статистика комитетінің 2018-2022 жылдардағы неғұрлым нақты ресми деректері бойынша, елде 17 631 суицид фактісі тіркелді. Ал 21 332 адам өзіне қол салуға әрекет жасаған. Оның ішінде 86 суицид және 20 өзіне қол салу әрекеті әскерде болды. Демек, өзіне қол салу әскерде жиі болады деген қоғамдық пікір ресми мәліметтермен расталмайды", – деді Қазиев.

Сонымен қатар, Қазиев  сарбаздардың заңсыз әрекет негізінде өз өмірін өзі үзетіндігін айтады. Соңғы үш жылда қылмыстық әрекеттің салдарынан әскерде тоғыз адам мерт болған.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер