100 жылдық мерейтойға орай Кемел Тоқаевтың бес кітабы өзбек тіліне аударылған

1966
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Алматы қаласындағы "Достық үйінде" "Қазақ детектив жанрының дарабозы" халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Конференцияны Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ашып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.

ТҮРІКСОЙ-дің бас хатшысы Сұлтан Раев қазақ пен қырғыз достығын тілге тиек етіп, Кемел Тоқаевтың түркі елдері әдебиетінен алатын орнына тоқталды.

ҚР ҰҒА академигі Қансейіт Әбдезұлы Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің қабырғасынан Кемел Тоқаев атындағы дәрісхана ашылғалы жатқанын мәлім етті.

"Маьнавият ва маьрифат" республикалық орталығының жетекшісі, Өзбекстан Жазушылар Одағының мүшесі Минхожиддин Ходжиматов қазір Өзбекстанда қазақ әдебиетінің классиктерінің шығармаларын аудару ісі қарқын алғанын, Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы қазаққа ғана емес, өзбекке де үлкен мереке болып отырғанын тілге тиек етті.

Өзбек президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзбек тілінде аударылған, өзбек халқы өте көп оқыған Кемел Тоқаевтың кітабын сыйға тартып еді, мен сол кітапты Қазақстан Жазушылар одағына сыйлағым келеді,- деді Минхожиддин Ходжиматов.

Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Қалыбеков тағдырдың тауқыметімен Тоқаевтың аталарының қырғыз елінен пана тапқанын айта келіп, Қырғызстанда Кемел Тоқаевтың музейін ашуды ұсынды.

Отызыншы жылдардағы қазақ пен қырғыздың басынан өткен қиын тағдырды сол музей аясында көпшілікке таныстыруға болар еді, деді Нұрлан Қалыбеков.

Ресей ғылымының Еңбек сіңірген қайраткері, детектив жанрының белгілі жазушысы Дмитрий Шестаков бүгінгі детектив жанрына жаңаша көзқараспен қарау керектігін, осы бағытта қазақстандық әріптестерімен бірлесе жұмыс істеп жатқанын айтты.

Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Дулат Исабеков баяғыда Кемел Тоқаевты "Қазақ детектив жанрының негізін қалаушы" деуші еді, қазір "дарабозы" деп айта бастады. "Негізін қалаушы" дегенге қарсы болып жүруші едім, енді дұрыс болды" деді.

Сондай-ақ, Дулат Исабеков Кемел Тоқаевтың өз шығармаларын мемлекеттік сыйлыққа ұсынбау себебін айтып, "ол өзіне жау көбейтпеуді қалады" деді.

Қазақстан Еңбек сіңірген қайраткері, ұйғыр жазушысы Ахметжан Ашири Кемел Тоқаевтың "Соңғы соққы" романына қатысты жазушының өзімен сөйлескенін айта келіп, атаман Дутовты өлтірген Қожамьяровтың ұлтының ұйғыр екенін жазғанын, ол шығармаларында шындықтан алшақ кетпегенін сөз етті.

Сондай-ақ, Ахметжан Ашири Кемел Тоқаевтың "Соңғы соққы" романын ұйғыр тіліне аударып жатқанын тілге тиек етті.

Филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы Құлбек Ергөбек Кемел Тоқаевтың 100 жылдығын кең көлемде атап өткені үшін Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевке алғыс айтып, Өзбекстан мемлекеті қазақ әдебиетінің 100 томдығын өзбек тілінде шығарғанын, оның ішінде Кемел Тоқаевтың бес кітабы бар екенін сөз етті.

Құлбек Ергөбек Кемел Тоқаевтың туындыларын қазақ әдебиетінің детектив жанрындағы шығармаларымен салыстырудың олқы екенін, сондықтан жазушы туындыларын әлем әдебиетіндегі осы жанрда жазылған шығармалармен салыстыра зерттеу керектігін айтты.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция "Қазақ детектив жанрының негізін қалаушы", "Отан үшін от кешу", "Журналист - қоғамның айнасы, құлағы һәм тілі" атты үш бөлімге бөлініп, жиырмаға жуық баяндама жасалды.

Қанат БІРЛІКҰЛЫ, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер