Синолог Сыроежкин президенттен араша сұрайды

1423
Adyrna.kz Telegram
Сурет: fergana.agency
Сурет: fergana.agency

«Мемлекетке опасыздық жасады» деген айыппен 10 жылға сотталған қытайтанушы Константин Сыроежкин Қасым-Жомарт Тоқаевтан рақымшылық жасауды сұрайды. Бұл туралы ол Zona.kz интернет басылымында жарияланған мақаласында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ғалым Қазақстанда әділдік іздеу үшін барлық мүмкіндігін сарп еткенін мәлімдеп, ендігі үміті президентте екенін жеткізді.

Түрмеде отырған бес жыл ішінде Сыроежкин өз ісіне қатысы бар судьялар мен прокурорлардың үстінен ондаған шағым жазған болатын. Алайда олардан ешқандай нәтиже болмады.

«Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірнеше рет «хабарласуға» әрекеттендім, бірақ оған қол жеткізе алмадым»,—деді ол.

Бұған дейін синолог тергеушілер ашық дереккөздер негізінде дайындалған материалдарды оның «қылмыстық әрекетінің» дәлелі ретінде қарастыратынын хабарлаған еді. Айтуынша, оларда ешқандай инсайдерлік ақпарат болмаған және Қазақстанның ұлттық мүдделеріне нұқсан келтірілмеген.

Еске салайық, 2019 жылы Константин Сыроежкин Қылмыстық кодекстің 175-бабының 1-бөлімі «Мемлекетке опасыздық жасау» бойынша кінәлі деп танылған еді. Ол — қытайтанушы ғалым, көптеген кітаптың, сондай-ақ орыс, ағылшын және қытай тілдеріндегі мыңнан аса мақаланың авторы. Зерттеуші ұзақ жылдар бойы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері жұмысын атқарды.

Пікірлер